25.06.2020, 11:48
Қараулар: 93
МЕНІҢ АТАМ МƏСКЕУДІ ҚОРҒАҒАН

МЕНІҢ АТАМ МƏСКЕУДІ ҚОРҒАҒАН

Нағашы атам бақилық болғанда мен не бары 5 жаста едім. Кішкентайымда атамнан «Сенің бір аяғын қайда?» деп жиі сұрайтынмын. Ол кезде атам үндемейтін. Өсе келе ол жайында әжем маған жыр ғып айтып берді.

Атам Мұхамедияр Қоштанов бес сыныптан соң 15 шақырым жерге жаяу хат-хабар тасып, пошташы боп,  ел алғысын алыпты. 17 жасында Қарағанды қаласындағы Қарсақбай мырыш зауытына барып, сол жерден соғысқа  аттанады.

Атам Мәскеу-Волоколамск тас жолында ұрыстарға қатысып, ол кездегі Кеңес Одағының астанасы Мəскеуді жаудан қорғаған. Барлауға шыққанында жаумен шайқас боп, жүрек тұсынан жарақат алған. Далалық госпитальда емделіп шыққан соң, сапқа қайта тұрған. Кескілескен соғыста тағы ауыр жараланады. Есін жиғанда атыс тоқтаған, дала жым-жырт, айналасында ешкім жоқ. Ұзақ жатып қалса керек, оң аяғында жан жоқ екен. Бір қолымен қару-жарағы салынған шинелін сүйреп, екінші қолымен еңбектеп, алға қарай жылжи береді. Қатты қиналып, шаршағанда əупірімдеп санитарлық бөлімді тауып алды. Содан Мұхамедияр ата Татарстандағы госпитальға жібереді. Онда ұзақ жатып емделеді. Міне, сонда атам аяғынан айырылған екен.

Балдаққа сүйенген сарбаз елге қайтарылады. Майданнан аман оралған жауынгерлерді қарсы алған әйелдер қуаныштан жылап, бір-бірінен сүйінші сұрап жатқанда, мұның анасы Шəйда перзентін құшағына қатты қысып, сүйе береді. Ләм-мим демеген анасына ұлы таңырқап қарайды.  Қасындағылардан «Анама не болды, неге үндемейді?» деп сұраса, «Анаңның дауысы бір күнде мүлдем жойылып кетті» деген жауап естиді. Сөйтсе, колхоз бұл майдангердің үйі деп бір отар қой берген екен. Анасы күні-түні сол малдың соңында жүрем деп қатты суық тигізеді, дауыстан айырылады. Асыл ана  бір жылдан соң бір ауыз тіл қатпастан бақилық болған. Атам «майданда от кешіп келгенде анамның мейірлі үнін бір естуге зар өкініш болды» деп айтумен өткен екен.

 

Əдемі МӘДИЕВА,

М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің

7-сынып оқушысы.