25.06.2020, 11:46
Қараулар: 21
«NUR OTAN» КӨШБАСШЫЛАРЫН АНЫҚТАЙДЫ

«NUR OTAN» КӨШБАСШЫЛАРЫН АНЫҚТАЙДЫ

 

«Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта партияішілік таңдау – праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойды. Бұл – Елбасы жариялаған «Nur Otan» партиясын «қайта жандандырудың» маңызды бөлігі болып табылатын партияішілік демократияның заманауи тетіктерінің бірі.

Халықаралық озық тәжірибелерді жан-жақты қарастырып, партия ішінде қызу талқыдан өткізгеннен кейін партия Саяси кеңесі мүшелерінің дауыс беруімен Праймериз өткізу ережесі қабылданды. Праймеризде қазіргі трендтер ескеріле отырып, дәстүрлі дауыс берумен қатар онлайн-дауыс беру де өткізу жоспарлануда.

ПРАЙМЕРИЗДІҢ МАҚСАТЫ — Парламент Мәжілісіндегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру, партиялық желі бойынша ілгерілету, мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыну үшін бәсекелестік күрес негізінде нақты және мықты көшбасшыларды анықтау.

ПРАЙМЕРИЗДІҢ КЕЗЕҢДЕРІ:

1) кандидаттарды ұсыну және тіркеу;

2) кандидаттарды үгітке даярлау;

3) үгіт жұмысы;

4) дауыс беруді өткізу;

5) тізімдерді дайындау.

 Кандидат келесі талаптарға сәйкес келуі тиіс:

1) Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутатына Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-бабының 4-тармағымен белгіленген талаптарға:

— Қазақстан Республикасының аумағында соңғы он жыл ішінде тұрақты тұрып жатқан және жасы жиырма беске толған Қазақстан Республикасының азаматы;

2) мәслихаттың депутатына қойылатын және Қазақстан Республикасы Конституциясының 86-бабының 3-тармағымен белгіленген талаптарға:

— жасы жиырмаға толған Қазақстан Республикасының азаматы;

3) Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабының 3-тармағына сәйкес сайлау құқығын иеленуге:

— сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ;

4) «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 4-бабының 3 және 4-тармақтарымен белгіленген талаптарға.

— сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған адам;

— сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған, соттылығы бар адам;

— сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам праймеризге қатыса алмайды және кандидат бола алмайды.

5) «Nur Otan» партиясының мүшесі болуы қажет. Кандидат ұсынылған кезде партияның мүшесі болмауына жол беріледі, бірақ ол праймеризге қатысу үшін тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партияға кіруі тиіс.

Партияның беделін түсіретін немесе партия мүдделеріне залал келтіретін әрекеттер (әрекетсіздіктер) үшін партия қатарынан шығарылған тұлға праймеризге жіберілмейді.

Кандидаттарды ұсыну:

1) партияның интернет-ресурсында ұсыну мерзімі басталғаны туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап басталады және республикалық Күнтізбелік жоспарға сәйкес өткізіледі;

2) кандидаттарды ұсыну бастауыш партия ұжымының атынан немесе өзін өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылады. Кандидаттар бір облыс, қала, аудан шегінде ғана ұсыныла алады;

3) кандидаттар праймеризге қатысу үшін құжаттарды аумақтық ұйымдастыру комитеттеріне жеке өзі немесе партияның интернет-ресурсындағы ақпараттық жүйеде ұсынады.

Қажетті құжаттардың тізбесі:

-«Nur Otan» партиясының праймеризін өткізу Ережесінің №1 қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш, онда мәслихат деңгейі немесе Парламенттің Мәжілісі көрсетіледі;

— жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі немесе құжаттар ақпараттық жүйеде берілген жағдайда, түпнұсқаның сканерленген көшірмесі;

— Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінен соттылығының болуы немесе болмауы туралы анықтама;

— наркологиялық және психоневрологиялық ұйымдардан анықтамалар;

— осы Ереженің №2 қосымшасына сәйкес міндеттемелерді қабылдайтыны туралы өтініш;

— бастауыш партия ұйымы (бастауыш партия ұйымынан ұсынылған кандидаттар үшін) жиналысының хаттамасы;

— партиялық билеттің көшірмесі (бар болған жағдайда).

Кандидат құжаттардың тізбесімен бірге сенім білдірілген адамдардың тізімін ұсынады, оған дауыс беру күніне дейін өзінің өзгерістер енгізу құқығы бар.

Партиямыздың Лидері Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, «партиялық тізімдерге халықтың әртүрлі бөлігінің өкілдері, беделді, азаматтардың сеніміне ие болған отандастарымыз кіруі тиіс». Сондықтан партия мүшелерімен қатар қоғам өміріне бей-жай қарамайтын, дарынды да креативті барша қазақстандықты алдағы праймеризге белсенді қатысуға шақырамыз.

«Nur Otan» партиясының праймеризін өткізу ережесімен толығырақ партия сайтынан (https://nurotan.kz/primaryze?lang=kz) таныса аласыздар.

 

«Nur Otan» партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалы