25.06.2020, 10:01
Қараулар: 199
ПОЛУТОРКА ХАҚЫНДА НЕ БІЛЕМІЗ?

ПОЛУТОРКА ХАҚЫНДА НЕ БІЛЕМІЗ?

 

Дарьинскіге барған сапарымда даңқты жазушы М.Шолоховтың мемориалдық музейінде болдым.  Музей ауласындағы биік тұғырда тұрған шынжыр табанды «ДТ-54» трактор мен осы полуторка машинасын көргенмін. Ұлы Отан соғысы жылдарында «Правда» газетінің тілшісі ретінде жазушымыз осы полуторкамен майдан даласындағы әскери бөлімшелерді аралап, отты жылдардың шежіресін тарқатқаны күмәнсіз.

Полуторка кеңестік машина жасау өндірісінің алғашқы өнімі, төл туындысы десек, қателесе қоймаспыз. 1932 жылдың 29 көліктің алғашқы данасы конвейерден шығыпты. Оның төрт цилиндрлі двигателі, төрт сатылы, жылдамдығы — 42 шақырым, жүк көтеру мүмкіндігі — бір жарым тонна. Полуторка атануы оның көтеретін салмағына байланысты болса керек. Бір кісінің салмағы орташа 70 келі десек, оған 20 кісі сиятынын болжау қиын емес. Полуторканы ағаш мәшина деуге болады. Оның тегершігі резеңкеден, моторы металлдан, фарлары әйнектен, кабинасының төбесі дермантинен жасалған. Ал, қалған басқа бөлшектері ағаштан жасалған. Әрине, уақыт өте келе жетілдірілген тұстары аз емес. Ол стартермен емес қолмен, яғни, рукояткамен бұрап тұтатылған. 1932-1949 жылдары полуторка  «ГАЗ АА» маркасымен Горький қаласындағы машина жасау зауытынан шығарылса, 1949-1956 жылдары «ГАЗ ММ» маркасымен Ульяновск қаласындағы зауытта құрастырылыпты.

Полуторка Ұлы Отан соғысы жылдары 150000 полуторка жауынгерлік қызмет етті деген дерек кездеседі. Әсіресе, бұл машинаның даңқы 900 күн жау қоршауында болған Ленинград тарихынан тығыз байланысты. Қоршаудағы Ленинград сыртқы дүниемен байланысты тек Ладога көлі арқылы және әуе жолынан ғана жасай алды. Ладоганың  «тіршілік жолы» немесе «өмір жолы» аталуы заңды еді. Полуторкалар осы өмір жолымен 900 күн бойы  күні-түні  не қажеттінің бәрін тасып, миллиондаған қала халқын ажал тырнағынан арашалады. Ажалға араша болған көліктеріміз  жау артиллериясының атқылауына, әуеден жау авиациясының бомбылауына ұшырады. Қыста көл қатқанда бомбалаудан мұз жарылып машина жүгімен суға кеткен фактілер де аз болмады. 357 машина су астына кетіп, артынша сүңгуірлердің (водолаздардың) көмегімен көтеріліп шығарылғаны туралы да деректер бар. Қыстың қысқа күні, ұзақ түнінің әбігері аз болмаған. Алайда, адамнан айла артылған ба?! Шопырлар екі фардың тек біреуін қалдырып, оны да қаңылтырмен қалқалап бағдарлау үшін ортасынан жырық шығарған. Қауіп-қатер туғанда секіріп кету үшін машинаның екі есігін де ашып қойып айдаған. Соғыстан кейінгі жылдары полуторка орнын газондар (ГАЗ 51, 52, 53) алмастырды.

Бұл машинаны алғаш рет осыдан 67 жыл бұрын «тірілей» көргенім бар. Тек көргенім емес оған еркімнен тыс мінгенім күні бүгінге дейін есімде. 1952 жылы Мәскеудегі ең жоғары биліктің пәрменімен Орда ауданы мәжбүрлі түрде таратылып, аудан тұрғындары жан-жаққа көшіріле бастады. 1953 жылы 11 жастамын. Шыжғырған шілде. Жиекқұм ауылдық кеңесіне қарасты бірнеше ұжымшардан біріктірілген «Қосшы» одағының 117 үйі  (шамамен 600 адам) Шымкент облысына көшірілетіні белгілі болды. Ел іші дүрбелең, жылап-сықтау, кімге айтып жатқаны бір құдайға аян, әйтеуір ашынған халық кінәлілерге лағнет жаудыруда. Біздерді сыйғанынша осы полуторкаға тиеп, Сайқынға әкеліп төкті. Неше рейс жасағанын кім білген. Әйтеуір жер аударған халықты алып кетуге күтіп тұрған 10-12 вагон тіркелген состав толғанша үсті-үстіне әкеліп жатыр, әкеліп жатыр. Вагон деп тұрғанымыз кәдімгі жолаушы отыратын жайлы орны бар бүгінгінің вагоны емес, мал, тауар тиейтін темір вагондар. Баратын жерге 12 тәулік жүріп бардық. Онда жол-жөнекей көрген қиындықты, қорлықты көзге елестетудің өзі қорқынышты. Еске алу ауыр. Әрине, ол басқа тақырып, бөлек әңгіме.

Амантай ХАМЗИН,

 тарихшы, өлкетанушы