18.06.2020, 19:02
Қараулар: 103
Фотошежіре БӨКЕЙДЕН ШЫҚҚАН ПОЛИГЛОТ, ПУБЛИЦИСТ

Фотошежіре БӨКЕЙДЕН ШЫҚҚАН ПОЛИГЛОТ, ПУБЛИЦИСТ

 

Бөкейден шыққан жиһанкез, сегіз тілді еркін меңгерген полиглот, саяси сауатты, сергек ойлы, кезінде Алашқа есімі елеулі болған азамат – Ғабдолғазиз Мұсағалиев.

Ғ.Мұсағалиев 1888 жылы  Бөкей ордасында туған. Ауыл молдасынан сауат ашып, Қазан медресесінде оқыған.   Мысыр еліне сапар шегіп, Каир университетінде оқыған. Халифат дәуіріндегі қолжазбалармен танысты, түркі халқының ежелгі тарихына бойлады.  «Гүлжиһан» атты дастанды зерттеп, қазақ тіліне аударды. Университетті бітірген соң 1909-1910 жж. Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Жапония секілді бірқатар шығыс елдерін аралайды. Аралаған елдердің тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі жайында сапарнамалар мен күнделіктер жазды. Сапардан оралған соң 1909 жылы  Жетісудің  Қапал уезіне келіп, Мамановтар әулеті ашқан «Мамания» мектебіне орналасады. Ғ.Мұсағалиев  тұңғыш қазақ тарихшысы, заңгер, публицист. 1912-1914 жж. сол тұстағы мерзімді басылымдарда қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, қоғамдық-саяси мәселелері туралы көлемді мақалалар жариялаған.  1917ж. Ордада «Ұран» деген жартылай ресми газет шығарады. 1918 ж. Бөкей ордасында білім беру саласында еңбек етті. Сол жылдың сәуір-мамырында өткен Бөкей ордасындағы Кеңестердің І съезіне төрағалық етеді, съезден кейін ол Бөкей губерниясының  оқу-ағарту ісі бастығының орынбасары болып бекітіледі. 1918 ж. «Дұрыстық жолы» газетін, «Мұғалім» атты журналды шығарып, таратуға үлес қосады. 1923 ж. бірыңғай әдеби қызметпен айналысады. Айтулы азамат не бары 45 жасында 1933 ж. Алматыда қайтыс болған.