18.06.2020, 18:44
Қараулар: 102
ИТ ПЕН МЫСЫҒЫҢЫЗ ҮШІН ЖАУАПТЫСЫЗ

ИТ ПЕН МЫСЫҒЫҢЫЗ ҮШІН ЖАУАПТЫСЫЗ

Өткен жылдың бес айында сегіз адам ит-мысықтың «шабуылына» төтеп берсе, биылғы бес айда 17 адам (!) итке қабылып, 4 адам мысыққа таланып тұр. Әзірше, адамға айбат шеккендерден құтыру белгілері анықталған жоқ. Болмай-ақ та қойсын. Он жеті иттің он үшінің қожайыны анықталды. Қаңғыбас мысық, бұралқы ит қайдан келді? Ит пен мысығыңыздың құжаты бар ма? Үй жануарларына қаншалықты қамқорлық танытып жүрсіз?  Итті жеті қазынаға балап, мысықтың қасиетін елейтін қазекемдер оларды бағып-күтуге келгенде неге салғырттық танытады? Сірә, бұл сауалдарға әркім әрқалай жауап берері сөзсіз.  

Әңгімеден әңгіме шығып, заңгер ағам «мысықта да грыжа болады екен» деп қалды.

  • Бала мысық бар еді. Үнемі шалқасынан жатады. Қозғалысында бір кінәрат бардай көрінді. Қалаға апарып, зооветеринарға апарғанбыз. Кіндікбау жарығы деп диагноз қойды. Кішігерім ота жасап берді. Шауып жүр, -дегенде ағамызға бөгде ғаламшарлықты көргендей таңырқай қарадық.

Бұл ағамыздың үйінде бір кездері сегіз мысық болған. Екі қабатты үй тұрғызып беріпті. Жеңгеміз ектіріп әлек боп жүргені. «Ұрғашы деп далаға тастай алмадық. Балалады. Ешкім алуға құлықсыз болды. Лақтырып тастамаймыз ғой. Мысық болса да, Жаратқанның жаратылысы. Обалы бар дегендей. Қазір үш мысық қалды» дейді.  Бұл әңгіме қаны қазақ ағамызға келіңкіремейтін де сияқты ма, қалай? Ит-мысыққа балаша өбектеу біздің ментелитетке тосындау сияқты. Біздің көзіміз мысығына «Туся, Муся» деп баласындай елжіреп отыратын қаладағы орыс нәсілді әжелерімізге үйреніп қалған.

Ауылдағы ағайынның ит-мысыққа көзқарасы қандай? Итті жеті қазынаға балайтын қазағым алабай, овчарка сияқты ит тұқымдарын сатып алып, өсіріп отыр. Ол үйреншікті жайт. Ал, мысықтың бағалы тұқымын саудалап көрдіңіз бе? Қаладағылар мысықтың шотландиялық түрін 15 мың теңгеге, канадалық сфинксті немесе сиам тұқымын 25 мың теңгеге, Мейн-Кун тұқымды мысықты 200 000 мыңға саудалайды екен. Мұндай мысықты пәлен мыңға сатып алып, ішкеніңізден қалғанды ұсына салмайтыныңыз анық. Олардың ішіп-жемінің өзіне қыруар ақша кетеді екен.

Мысықтың бағалы тұқымын сатып алмасаңыз да, екпе жасатып, керекті құрал-жабдығын аласыз ба?

Ауылымыздағы «Жанар» дүкенінде үй жануарына қажеттінің бәрі бар дегенді естіп, сатушысы Алтынғаным Қисметовамен хабарласуды жөн көрдік.  Бақсақ, мысыққа тағам құйып беретін ыдысынан бастап бәрі сатылады екен.

-Үй жануарына арналған заттарға сұраныс жоқ деуге келмейді. Тұрғындар керегін алып жатады.  Әсіресе,  тамақ құйып беретін ыдыстары, мысық нәжісінің иісін бейтараптандыратын арнайы кәрзеңкелер, ұйықтауға арналған төсеніші тез сатылып кетеді, — дейді.

Жауапкершілігіне алған жануарына бар жағдайды қалыптастыратын осындай ауылдастарымыздың қатары артқаны қуантады. Алайда, мәселе ыдыс-аяқ сатып алумен шектелмейтінін, ветеринариялық талаптарды да сақтаудың  маңыздылығына бойласа дейсің.

Үй жануарларына салғырт қарайтын ауылдастарымыз жетерлік.   Соның ішінде ас-сусыз көше кезіп, кім көрінгенге айбат шегетін иттердің басым бөлігінің қожайыны бар екен. Бұрын-соңды бұралқы иттерден шошынсақ, енді иесі, «үй-жайы» бар аула иттерінен де қауіптенетін болдық.

Алмабек Құрмашев, аудандық ветеринарлық станса директоры:

– Биылғы жылдың бес айында 17 адам итке таланды. Сол он жетінің де иесі бар. Осындайда тек көше кезбесінен ғана қауіп бар деу бекершілік сияқты. Несін жасырайық, үй жануарларына тұрғындар күтіммен қарайды деу қиын. Әйтпесе, біздің мекеменің табалдырығын тоздырып, мамандармен ақылдасып, қарапайым ветеринариялық қызметтерге жүгінер еді ғой. Тіпті, ит, мысығына құжат жасатуды білмейді,  уақтылы екпе алдырайыншы деп келетіндер өте аз. Сол санаулылар асыл тұқымды жануарларын ғана тіркетуге келеді, -дейді ол.

Ветеринардың айтуынша, екпе жасату  жануарларды әр түрлі жұқпалы аурулардан сақтаудың және алдын алудың бірден бір жолы. Әдетте, жаңа туған күшік пен марғауларды ектіріп алады. Үш аптадан соң екпені қайталайды. Екі айға толғанда ішек құртын айдайтын дәрі береді. Екпені алты айдан бір жасқа жеткенше қайталау керек екен. Кейін жылына бір рет мамандарға қаратып, екпесін салдырса болады. Алайда, бұндай талаптарды иелері орындауға құлықсыз.

Гуманизм қағидаттарына сәйкес бұралқы ит пен мысықтар да ендігіде заң жүзінде қорғалатынын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бұрынғыдай көше бойында тап беріп, көздерін жоюға рұқсат етілмейді. Әттегенайы, ауыл тұрғындары иттерін бос жіберіп қоятыны себептен жасанды түрде қаңғыбас иттердің санын толтырып отырмыз. Заң жүзінде иттерді түнгі 11-ден таңертеңгі жетіге дейін ғана  бос жіберуге рұқсат етілгенін, қалған уақытта ауланың ішінде ұстау керектігін кей ауылдастарымыз әлі де ескере бермейтін секілді. Аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Жангелді Салауатовтың мәліметінше  биылғы жылдың бес айында 13 ит қабу оқиғасы бойынша 12 қожайынға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, бір азаматқа ескерту беріліпті. Десе де айтылған сын-ескертпеге құлақ асар тұрғындарымыз шамалы. Онсыз да аудан бойынша иесіз иттерді ұстайтын арнайы орындар атымен  жоқ. Көшенің кезбе итін асырауға ешкімнің де құлық танытпайтыны және бар. Сондықтан жеке бастың қауіпсіздігіне мән берсеңіз үйдегі жануарларға бас-көз болып,  бей-берекетсіз қаңғып, тағылануына жол бермегеніңіз қоғам үшін пайдалы болмақ.

Үй жануарларының санын көбейтпеудің бір жолы кастрация, стерилизация секілді кішігірім оталарды жасату болып табылады. Бұндай хирургиялық шаралар ордалықтарға әзірге қолжетімді емес. Нақтылар болсақ, ит пен мысықтың ұрықтану қабілетін жою үшін еркегіне кастрация, ұрғашысына стерилизация жасалынады. Ветеринарлардың айтуынша, жануарды көбейткісі келмейтіндер үшін бұл оңтайлы әрі медициналық тұрғыдан дұрыс әдіс. Дейтұрғанмен, ит-мысығының ұрпақ өрбіту қабілетін жоямын деп өз беттерінше әрекет ететін ауылдастарымыз да бар екен. Есімін жарияламай-ақ қоялық, жыл сайын мысығының балалайтынынан мезі болған сайқындық бір апамыз қайнап тұрған суға мысығын отырғызып, күйдіріп, мұздай суға салып, жабайы түрде «стерилизация» жасайтынын еш қымсынбастан әңгімелейтінін қайтерсің. Жаңа туған мысықтың ұрғашы марғауларын қажетсінбей,  томардай жұдырығымен ұрып, мойнын үзіп, өлтірген тағы бір ауылдас апайымыздың ессіздігіне не айтуға болады? Ең сорақысы ол бұл қылығын жұртқа мақтан ғып айтып жүр. «Мысығымның жеті баласы бар. Екеуі ғана еркек екен. Ұрғашыларын құрттым» дейді. Нұрсайын есімді жасы жер ортасы келген ақсақалымыз да ұрғашы иттің санын көбейтпеудің жолын тауыпты. Өз күшігі болсын, ауласына кірген ит болсын, асып тастайды. Өздері ата-ана боп, ұрпақ өсіріп отырса да, обал-сауапты білмейтін аға буын осылай етіп жатқанда күшікті тірілей өртеген балаларға не бетімізбен ақыл айтамыз?

Арайлым ЕСМАҒҰЛ