18.06.2020, 18:38
Қараулар: 252
ЖОЛДЫҢ ЖЫРЫ БІТПЕЙДІ, БАР ЖҰМЫСТЫ ШИРАТПАЙ…

ЖОЛДЫҢ ЖЫРЫ БІТПЕЙДІ, БАР ЖҰМЫСТЫ ШИРАТПАЙ…

 

 

2018 жылғы облысқа келген сапарында тұңғыш Елбасымыз Н.Назарбаев Бөкей ордасына барар жолдың жайын айтып, Үкіметтің назарына ұсынған еді. Қадағалауымда ұстаймын деп қадап айтқан еді. Бөкей ат басын тіреген кезден бері жөнді жол көрмеген алыс аудан үшін үлкен жаңалық болды. «Сең жүрді ғой, жол бейнетінен де арылар күн алыс емес» деп бөркімізді аспанға аттық.

Жол құрылысы 2019-2021 жыл аралығына жоспарланды, қаржысы республикалық бюджеттен бөлінді. Сол үш жылдың тең жартысын артта қалдырдық. Нәтиже қандай? Көптің көкейін тескен осы сұрақ.

Әлеуметтік желіні шарлай қалсаң, бөкейлік ағайынның әңгімесі осы. «Жолдың жұрнағы да көрінбейді ғой. Мынау іс оңбас» деп басталып, «бөлінген қаржыны иеленген компания банкрот боп, жол да жоқ, қаржы да жоқ, жырмен жұмбақ боп қалмайық» дейтін ағайынның сөзіне қарағанда күдік үйіріле бастағандай. «Әкім, депутаттардың бас қатырып жатқаны шамалы, өзімізге керек дүние ғой. Өзіміз қадағаламасақ, болмас» деп құрылыс барысын қадағалауға қам қылған да жерлестеріміз бар.

Ерінбеген екеудің біріне тақырып болған жол мәселесінің айтса, айтқандай, түйткілі көп.

ЖҰМЫСТЫҢ БАЯУЛЫҒЫ – КӨҢІЛГЕ ҚАЯУ

Үш жылға жоспарланған жұмыстың тең жарымында атқарылған жұмысқа көптің көңілі толмай отыр. Бәрінің айтары – «жұмыс тым баяу жүріп жатыр». Мұны  қарапайым  тұрғындар да айтады, аудан басшылығы да бірнеше мәрте сынға алып, облыс тұрмақ, Нұр-Сұлтандағы тікелей тапсырыс берушінің өзін шақыртып, мәселені күн тәртібіне қойып та көрді.

Мамырдың 23-інде Елордадан  «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов келіп, аудан басшысы Нұрлан Рахымжановтың да, жол құрылысына жауапты «АқЖолҚұрылыс» ЖШС директоры Серік Байжановтың да  айтарына құлақ асып, жұмысты ширату үшін бір ай мерзім беріп кетті.  Жай кетпеді, бір айдан кейін қайта айналып келетінін айтып кетті. Жұмыстың баяу жүріп жатқанын басшы Байжановтың өзі де мойындап отыр.

Жұмыстың баяулығына түрлі себеп бар. «Коронавирус, карантин дегенің кер жалқаулардың көп сылтауына керемет негіз болды» деп тілінің тікенегі бар ағамыз айтпақшы, себептің бірі осы төтенше режим.

Негізі жол құрылысы ұзақ мерзімді, бірнеше кезеңнен тұратын күрделі жұмыс. 2019 жылы жол құрылысы жүргізілетін аумақтың топографиялық сипаттамасы, топырағына, жер бедеріне сараптама жасалады, құрылыс жұмысына қажетті су көзі жеткізіледі деп жоспарланған. Құрылыс жүргізілетін аумақ түгел тазартылып, ой-шұңқыр, кедір-бұдыры тегістелген. Жобалық-құжаттамалық сметасы жасақталды. Құрылыс материалдарының жеткізілу жолдары да мәселе боп, теміржол арқылы тасымалдануына қол жеткізілді. Бұл да шығынды айтарлықтай азайтты. Жолға балама айналма жолдар жасалды. Ал, су жеткізу мәселесі енді қолға алынды.

Жол бедері тегістеліп, арнайы техникамен тапталады.Қара жол бірден  асфальт жабынға орана салмайды. Ойдым-ойдым шұңқыры түгел бітелген соң қиыршық тас, одан кейін құм аралас қиыршық тас төселуі керек. Ірі қиыршық тас, одан кейін орташа көлемдегі, одан соң ұсақ қиыршық тас төселіп, беткі қабатына асфальтобетон жабылады.

Қаржысы да қомақты. Аса қомақты. Аудан тұрмақ түгілі облыс бюджеті көтермейтін қомақты сома. 2019 жылға 235 миллион, 2020 жылға 486 млн, 2021 жылға  9 361 млн.теңге қарастырылған.

Осы жоспарлы жұмыстардың қайсысы қандай деңгейде жүзеге асты? Тиісті сала мамандарын сөзге тарттық.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин:

  • Жұмыс баяу. «АқЖолҚұрылыс» ЖШС үшін өткен жыл дайындық жыл болды. 2020 жылдың сәуіріне дейін құрылыс материалдарын, техникаларын жұмыс орнына түгелдей жеткізіп алулары тиіс еді. Бүгінге дейін 22 тонна қиыршық тас пен 355 тонна қиыршық тас пен топырақ аралас қоспаны жеткізіп алған. Оған қоса, негізгі жолдың арнайы учаскесін дайындау жұмыстары басталып, айналма жолдар дайындалу керек еді. Иә, қазіргі кезеде 14 шақырым жол өңделіп қойса, соның тек бір шақырымына қиыршық тас пен топырақ аралас қоспасы төселген. Жұмыстың баяулығына елімізде жарияланған төтенше жағдай мен қаржыландырудың жеткіліксіздігін  алға тартады. Дегенмен, облыс әкімдігінің араласуымен блок пост мәселесін түгелдей шешіп берген еді, -дейді Бисенбек Насимоллин.

«ҚАРЖЫ АУСА, ҚАРҚЫН АЛАДЫ…»

Жолға жауаптылардың да өз айтарлары бар екен. Сайқын -Бисен аралығындағы жол құрылысына (53 км) жауапты «АқЖолҚұрылыс» компаниясының жоба жетекшісі Дүйсеғали Наурызғалиев жұмыс шабан жүріп жатыр дегенге келіспейді. Жеткілікті сомада қаржы аударылса, құрылыс та қарқын алып, жұмысымыз жанданар еді дейді.

  • Жоспарға, мерзіміне сай жұмыстар атқарылмады дегенмен келіспеймін. Әрине, бірқатар қиындықтар орын  алды. Төтенше жағдай, басқа да себптермен жұмыстың бастапқы кезеңі кеш басталды. Жұмыс қарқыны көлемді, басқаша айтқанда көзге көрінерлік жұмыс жасау үшін қаржыландыру мәселесі шешілу керек. Жалпы құрылыс жұмысына, нақты айтқанда 52.730 метріне 10 млдр (10.082.187.536 тг) ақшалай сома бөліне керек болса, биылғы жылға Үкіметтен  433 млн (433.889.174тг)  бөлініп отыр. Бөлінген сома толықтай игерілген жағдайда, жоба бойынша 7900 метр негізгі жолдың астыңғы табаны жасалады. Жалпы тілмен айтқанда тегістеп шығу жұмыстары. Оған қоса сол көлемде  айналма жол жасап, үстіне құм, қиыршық тас төсеп шығуымыз қажет. Енді дәл осы қазір негізгі жолдың екі шақырымынан астам жері жасалды, 7 900 метр айналма жолымыз дайын, үстіне қиыршық тас топырақ аралас қоспа төсеу жұмыстары да күтілеуде. Енді керекті материалдарды тағы да толықтыра береміз. Ал қалған жол көлемін қазан айына дейін бітіреміз деген ойымыз бар. Бұл осы жолға, бөлінген қаржыға  арналған жоспар. Сондықтан көрсетілген мерзімнен қалып қойдық деген сын, пікірмен келіспеймін,-дейді жоба жетекшісі.

– 433 миллион теңге толықтай игерілген соң жұмыс қалай жалғасады? -деп сұрадық.

  • Жұмыстың әрі қарай қалай жалғасуы қаржының бөлінуіне қарай. Келісімшартты қайтадан қарап, қаржыны көбейтсе, жол шақырымы ұлғая береді. Қаржы еселенбесе, қазан айынан кейін тек осы жұмыстарымызды тиянақтап, жолды күтіп ұстаумен ғана айналысамыз. Яғни, жаңбыр, балшықтан кейін жолды қайта тегістеп,  қалпында ұстап тұруға күш саламыз.
  • Жол құрылысы басталды десек те, арнайы техника, асфальт зауытын көрмедік қой…
  • Біріншіден техникаға тоқталып кетсек, қазіргі кезде қолданылып жүрген жүк көліктеріміз, арнайы техникамыз жұмыс көлеміне жеткілікті. Бұл жерге техниканы толтырғаннан қандай пайда? Ал енді зауыт мәселесі келісімшартқа байланысты. Биылғы жылға ол зауытқа арналған жұмыс қарастырылмаса, сол зауытты алып келу мақсаты неде болады? Сөз ретінде айта кетейін, фирмамыздың өз зауыты бар. Ешкімнен жалға алмаймыз. Келісімшарт қайта қаралып, тиісті қаржы бөлінсе, зауытымызы әкеп, құруға екі апта уақыт кетеді. Зауыт мәселесі біздің мекеме үшін кедергі болып тұрған жоқ,-деп кесіп айтты Дүйсеғали Наурызғалиев.

– Қаржы және келісімшарт мәселесін алға тартып отырсыз. Қысқа да нұсқа түсіндіріп кетсеңіз. Сол қаржы мен келісімшартты қарау қай мекеменің жауапкершілігінде?

–  Дәл біздің жобаны мысалға алсақ, тапсырыс беруші жауапты. Яғни,  «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы. Тапсырыс беруші  арнайы сомаға тапсырыс береді. Мына жылы 433 млн ақша қарастырылды дедік. Сол  сомаға жасалынатын жұмыстар талқыланып, берілетін сома да, орындалатын жұмыс та тапсырыс берушімен белгіленеді.

– Жақсы, түсінікті. Енді құрылыс материалдарының тасымалдануына тоқталсақ. Жол құрылысы жобаланған кезден бастап, жергілікті Жамантау кен орнының шикізатын пайдалану тиімді деп едік. Жергілікті өнім қаншалықты қажетке жарап жатыр?

  • Ия, бастапқыда солай айтылып еді. Дегенмен, Жамантауда шикізат өндіру жұмыстары басталмады. Сондықтан тасымалдау тәсілімен қоспаларды алып келумен жұмыстанудамыз. Әрине, Жамантау басынан тасысақ, бізге әлдеқайда оңай болатын еді. Біріншіден уақыт, екіншіден қаржы жағынан да үнем, -деп жауап берді Дүйсеғали Наурызғалиев.

Осы тұста екінші бір күрделі мәселеге тақырып табылды.

ЖАМАНТАУ ЖАРЫЛҚАМАЙ ТҰР

Оқырман қауымның да есінде болар, өткен жылы осы Жамантау кен орнына байланысты бір емес, бірнеше рет қоғамдық тыңдау өтті. Пікір білдіргендер екіге бөлінді. Бірі Қызыл кітапқа енген жан-жануарлардың мекені болған Кіші Боғданы қорық ретінде сақтайық, аз-маз пайда үшін құрбандық қылмайық десе, құр тұрғанша кәдеге жарасын деді.  Сол қоғамдық тыңдаулардың бірінде Жамантаудан шығатын қиыршық тастың тығыздығы сегіз жүздік маркамен өлшенетіні белгілі болды. Ең төменгісі 400-дік болса, ең жоғарғысы 900-дік екен. Яғни, біздің жергілікті өнімнің тығыздығы, беріктігі жоғары деуге болады.

Сонымен, конкурс жарияланып, мердігер белгілі болды. Кен орны жалға берілді. Жамантаудың тасын жол құрылысына пайдалану қаржы мен уақытты үнемдеуге аса тиімді дестік. Тартысты, бірнеше қоғамдық тыңдауда талқыланған Жамантау кен орнының жұмысы қандай?

Бұған дейін де газетіміздің бірнеше санында аудан әкімінің Жамантауға сапарын жазып, жұмысшыларына жатақ орны дайындалып жатыр, сәуір айының соңында қажетті техникалар жеткізіледі деп жаздық. Сәуір емес маусымды орталап тастадық.   Нәтиже қандай? Осы сауалдармен  Жамантауға да бардық. Көргеніміз төртеуі жабылып, бір метрлікті ұстап, енді салынбақ іргетастың орнын өлшеп жүрген жұмысшылар мен трактордың шөмішінде күн көзіне тығылып жатқан тағы біреуін көрдік. Естіген жауабымыз –  «Басшы жоқ», «Техника, қосалқы бөлшектерді күтудеміз». Артық жауап болмады.

Бар сауалымызға кен орнына жауапты «ATVS TECHNIC» ЖШС басшысы Айбар Джальмишевтен алдық.

  • Біріншіден, алынған лицензиям қиыршық тас пен топырақ аралас қоспаны өндіруге екі жылға жарамды болса, әктас өндіруге келісімшарт 10 жылға берілген. Сондықтан қалаған кезде бастасам болады десем болады. Әрине, «қалаған уақытымда қолға аламын» деп жүрсем, қаржылық тұрғыдан біздің фирмаға қолайлы емес. Сондықтан жақында жұмыс  басталады,-деді серіктестік басшысы.
  • Жалпы Жамантауды кен орны ретінде пайдалану осы жол құрылысына байланысты қолға алынды ғой. Жолға жауапты «АқЖолҚұрылыс» ЖШС-імен келісімшарт бар ма?
  • Келісімшарт бар. Дегенмен, ол келісімшарт ешкімді мәжбүрлемейді. Біз өз тарабымыздан сатқымыз келсе сатамыз, олар алғысы келсе, алады. Нақты мен сатамын, сен аласың деген шарт жоқ. Негізінде «АқЖолҚұрылыс» компаниясы жоба бойынша Ақтөбе қаласының құрылыс материалын қолданады. Дегенмен, теміржол тұйығы сіздің ауданда ондай үлкен көлемге қарастырылмағандығынан және жалпы жергілікті жерден арзан болған себебінен екеуара келісімшарт жасалды.

– Ал енді жұмыстарыңызды бастап кету үшін не кедергі болып табылады?

  • Басынан бастап түсіндіріп кетсем, қиыршық тас өндірудің екі әдісі бар. Біріншісі жарып өндіру болса, екіншісі бұрғы машинасын қолдану арқылы орындалады. Жарып өндіру өте қымбат. Оған қоса көптеген тас топырақ болып шашырап кетеді. Ал бұрғы арқылы өндіру де арзан емес, дегенмен қолжетімді бағамен көршілес Ресей елінің фирмасымен келісіп отырмын. Тек біздің еліміздегі емес, тұтас әлемді шарлаған вирусқа байланысты шекара жабық. Шекара ашылғасын жерде жұмысымыз қарқын алады деген ойдамын,-деді.

– Ал сіздің жұмысыңыз кешігіп, «АқЖолҚұрылыс» компаниясына ұсынған материалыңыз керекті болмай қалады ма деп ойламайсыз ба?

Енді соншалықты кешігеміз деп ойламаймын. Оған қоса жаңа айтып кеткендей, экономикалық тұрғыда өзара өте тиімді келісім. Ондай келісім тек «АқЖолҚұрылыс» компаниясымен емес оған қоса «АтырауЖолдары» және «ТемірЖолҚұрылыс-Атырау» компанияларымен де бар. Бұл келісімшарттар «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жүзеге аспақ. Сондықтан жұмыстың бәрі алда, -дейді үлкен сеніммен серіктестік басшысы Айбар Амангелдіұлы. Иә, тиісті компания басшыларын тыңдасақ, жолдың жыры күні-түнімен айлап жырланатын «Манас» жырындай бітпесі анық.

СӨЗДІҢ СОҢЫ

Жолға жауапты тұлғалар осылай деп түсіндіріп бақты. Жұмыс қарқынын қанағат қылмай, жолдың жайын жоғарғы  жақтың құлағына жеткізіп, жауаптылардың басын қосып, пәтуалы шешім күтіп жүрген ол, әрине – жергілікті атқарушы орган. Осы орайда аудан әкімі  Нұрлан Рахымжановты да сөзге тартқан едік.

  • Жолға қомақты қаржы қаралды. Ол қаржы бірден қолға беріле салмайды ғой. Транштарға бөлініп, атқарылатын жұмыс лоттарға жіктеледі. Белгілі бір жұмыс ауқымы атқарылғаннан кейін акт ресімделіп, орындалған жұмыс пен қаржының игерілуіне есеп беріледі. Жолды қырып, айналма жолды салумен ауыз сүртуге болмайды. Негізі график бойынша негізгі жол табаны жасалып болуы керек еді. Графиктен де қалып барамыз, бөлінген сол 433 миллион теңгені де толықтай игере алмай отырмыз. Осы мәселені тиісті орган назарына қойып келеміз. Нұр-Сұлтаннан «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов арнайы келді. «АқЖолҚұрылыс» ЖШС директоры Серік Байжанов та жұмыстың тиісті деңгейде орындалмай отырғанын айтып, ескертуді орынды қабылдап еді. «Жұмысымыз қалыпты, кеш қалып отырғанымыз жоқ» деген жоба жетекшісінің неге сүйеніп айтқанын білмеймін. Ал, Жамантаудағы жұмыстың қарқын алмай тұрғанына шекараның жабық болуы негіз боп тұр. Біле білсек, Жамантау тек жол құрылысына ғана емес, аудан экономикасы үшін де тиімді бірегей жоба. Өзіңіз білесіз, Жамантау Ресейге берілген полигон аумағына жатады. Жамантауды кері қайтарып алу үшін соңғы үш жылдан қаншама келіссіздер жүргізілді. Нәтижесінде Жамантауды кен орны ретінде пайдалануға қол жеткіздік. Жамантау бір кездері кереметтей жер қорығы болған шығар. Дәл қазіргі сипаты ондай емес. Сынақ алаңы болғандықтан ракетаның ізі қалған шұңғымаға толы аумақ боп қалған. Жамантау кен көзі ретінде ресімделді. Жалға алушы республика бюджетіне жалға алу құнын төлейді. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Аудан бюджетіне салықтық түсімдер түседі,-дейді Нұрлан Сағынтайұлы.

Ендігі сөз жауапты тұлғалардың уәделі бір айдан кейінгі өзгерісте. Әліптің артын бақсақ, ол күн де алыс емес…