4.06.2020, 12:38
Қараулар: 576
ҚҰЙҚАДАН ҚҰЛАҚ ШЫҒАРҒАН ҚЫЗЫҚ ПА?

ҚҰЙҚАДАН ҚҰЛАҚ ШЫҒАРҒАН ҚЫЗЫҚ ПА?

Бүгінде диван-батыр деген анықтама бар. Жетістіріп айтсақ, қонақтықта саясаткер, смартфоны бардың бәрі әлеуметтік желіде пәлсапашыл, сыншы боп алдық.  Өз басым әлеуметтік желіден алыс адаммын. Көп қарай да қоймаймын, пікірталасқа жоқпын. Әлеуметтік желідегі кейбір желдей есіп жүрген кейбір сөздерді естіп, үнсіз қалуды жөнсіз көрдім.

Бұған себеп, Бөкей ордасы ауданы бойынша шыққан энциклопедия мен жол мен интернетке қатысты жөніндегі жөнді-жосықсыз пікірлерге айтарым бар.

Біріншіден, энциклопедияға 2006 жылы бастап кірістік. Редакциялық коллегия құрамында мен де болдым. Энциклопедия жасақтау ісінің қолға алынғаны туралы аудандық газетке хабарландыру беріліп, онда Ұлы Отан соғысы ардагерлері, ауданның экономикасын, мәдениетін арттыруға сүбелі үлес қосқан, лауазымдық қызметтер атқарған азаматтар, ауданның жер-су, елді мекендері топономикасын шығу тарихы жөнінде аудан жұртшылығының пікір қосып, ұсыныс айтулары сұралды. Бірақ, селт еткен жан бола қойған жоқ. Энциклопедия 2011 жылы «Арыс» баспасынан шықты. Шыққан уақытта сын айтып, мін тағушылар көбейді. Әсіресе, тұлғалар турасында. Әркім өз туысын іздеп, «менің атам неге жоқ?» деп байбалам салушылар көбейді. Орыстар айтады, «у хороших дел отцов много, плохие дела сирота». Сол «сиротаны» іздеушілер көп болды. Ұлы Отан соғысына Бөкей ордасы ауданынан1941-45 жылдары 4613 адам қатысқан. Соның 3028-і ауылға оралған жоқ. Ұрыс даласында мәңгіге қалды. Көпшілігінің нақты деректері жоқ. Әлі күнге дейін. Соның ішінде менің аталарым: Жұбанәлі, Бәйтен және Тышқанбай Арыстанбековтер. Менің де осы аталарым туралы нақты мәлімет жоқ. Қай күні, қай айда, қай жылы, қайдан соғысқа алынғандарын ғана білеміз. Отан қорғауға қатысты екен деп, бәрін тізуге энциклопедияның көлемі көтермесі анық.

Аудан бойынша экономикалық белсенді адам 10-12 мыңдай. Оның да бәрін тізіп шығу еш мүмкін емес. Редакциялық алқа мемлекеттік жоғары марапат алған, 10-12 жылдан астам лауазымдық қызмет атқарған басшы адамдарды жариялаймыз деп келісілген еді. Бірақ, «менің әкемнің еңбегі бар еді, «менің анамның еңбегі бір кісідей сіңген еді» деп мәліметін толықтай, дәйекпен әкеп, ұсынған адамдардың қолын қаққан жоқпыз.

2015 жылы екінші энциклопедияны шығару жөнінде бастама көтерілді. Бұл туралы да аудандық «Орда жұлдызы» газетінің 2015 жылғы 3 қазандағы №40, 2016 жылғы 1 қыркүйектегі санында, 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №52 сандарында хабарлама жарияланып, мұнда да «пікір-ұсыныс білдіріңіз» деген өтініш те айтылды. Бұдан басқа Орал қаласында тұратын ордалықтармен облыстық аумақтық басқарманың акт залында өткен кездесу жиынында да зиялы қауым өкілдеріне хабардар етілді. Бірақ, ешкім белсенділік таныта қоймады.

2015 жылы басталған екінші энциклопедия 2020 жылы әлі жарыққа шыққан жоқ. Әлі де жұмыстану үстінде.

Екіншіден, 1972 жылы өз алдына енші алып, құрылған уақыттан бері ауданымыздың «екі ауруы» болды. Әлі күнге емі табылып, құлан-таза айыға қойған жоқ. Оның бірі жол мәселесі болса, екіншісі байланыс. Аудан, облыс деңгейіндегі беделді-беделді жиналыстарда, партия конференцияларында, сессияларда осы екі мәселе көтерілді. Нәтижесі белгілі.  «Айта-айта «Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, осы жол мен байланысты күн тәртібіне қойып, жоғарғы жақтың құлағына тыным бермеген ағаларымыздың көбі қартайып, тіпті о дүниелік те болды. 2018 жылы осы мәселе қолға алынып, қуанышымызда шек болмады. Елбасы Н.Назарбаевқа айтарымыз алғыс қана. Елбасының өзі назарға алған екі мәселенің нәтижелі шешім табарына сеніміміз мол.

1993 жылы Аймекен суын Сайқынға берген уақытта «табиғи тепе-теңдік жоғалады, өсімдіктер қурайды» деп ордалық үлкен кісілер аудандық совет атқару комитетін сотқа берді. Бірақ сот табиғат байлығын халықтың өзі пайдаланатынын ескеріп, шағымды негізсіз деп тапты. Сол сотта Аймекеннің жер асты суы 25  жылға пайдалануға толығымен жетеді деген сараптаманы негізге алған еді. Сол кезде де Жәнібектен Өнегеге дейін келген каналды Қопаға жеткізу қолға алынған еді. Бұл да түбейгейлі шешілмеген мәселенің бірі.

Орда ауданының ең шалғай орналасқандықтан, қай-қай игіліктің кезегі соңынан тиесілі боп жатады. Біздің халқымыз соның бәріне төзімділік танытуда. Еліміз бойынша қиыншылықты ең көп көрген аудан – осы Бөкей ордасы. Ұлы Отан соғысында Сталинград майданының шебіне ілігіп, 1942 жылдың тамызында СССР-дің бас қолбасшысы И.Сталиннің №0444 бұйрығына сәйкес Орда ауданы Сталингард майданының шебіне енгізіліп, соғыс жағдайында деп жарияланды. Аудан шаруашылығы соғыс жағдайында қызмет етті. Ауданнан 280 пұт ет, 220 пұт астық, 22 пұттай тауық еті, киім-кешек, жылы киімдер жөнелтілді. Орда орман шаруашылығы акациядан ер-тұрман, ат әбзелдерін жасақтап, жөнелтті. Жылқы зауыттан бірнеше таңдаулы ат жөнелтілді. Осы көмекті сол кездегі аудандық партия комитетінің қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Мұқтар Сәрсенғалиев бастап алып барды. Аудан еңбекшілері танк колоннасының жасақталуына 3 млн. 500 сом жинап берді. Сталингардқа тылдан қару-жарақ, әскерилерді және азық-түлікті тасу салмағы   аудан аумағынан өтетін теміржолға түсті. Сондықтан да Сайқын теміржол стансаларын жау самолеттері дүркін-дүркін бомбалап тұрды. 22 мәрте жекелеген, 11 рет топтанған жағдайда 538 бомба тасталды. Жау ұшақтарының бомбалауынан сол кездегі төтенше жағдай комиссиясының есебі бойынша 7161 693 сом зиян келтірілген. 196- Қызыл тулы Гатчинск дивизиясын да осы теміржолда бомбалаған еді. Жау бомбасынан тек жауынгерлер ғана емес, ауданның бейбіт тұрғындары да қаза тапты. Аудан тұрғындары майдандағыдай тылда да қаһармандық танытты. Ауданымыздан 25 Социалисттік еңбек ері шықты.  СССР-дің бас қолбасшысы И.Сталин аудан халқының жанқиярлығын жоғары бағалап, екі мәрте Қызыл тумен марапаттады.

Біздің ауданнан үш Кеңес Одағының батыры М.Мәметова,Т.Масин, А.Құсайынов, бір «Халық қаһарманы» Х.Доспанова шықты. Соның ішінде бір ауданнан екі әйел адамның батыр атағын алуы тек еліміздің ғана емес, Кеңес Одағының 15 республикасында болған емес.

2003-04 жылдары М.Жәкібаевтің «Жеңіс тарихы» фильмі түсірілді. Онда көзі тірі аға буынның естеліктері беріліп, еңбектері көрсетілді. Осы туынды өз кезегінде көрермен тарапынан жоғары бағаланды.

Біздер, ауданның құрметті азаматтары, мәслихат депутаттары ата-бабамыздың аққан қаны мен төккен терін   жас ұрпақтың жадында мәңгі қалуы үшін Бөкей ордасы ауданына «Жауынгерлік даңқ», не болмаса «Қаһарман аудан» атағын беру жөнінде ҚР Қорғаныс Министрлігіне, Мемлекеттік хатшыға, Сенат және мәжіліс депутаттарына хат жолдадық. Осындай ерлік, осындай еңбекті мойындай бастағанның куәсі күні кеше Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Қаһарман аудан» белгісі орнатылды.

Аға буынның ерен ерлік, үлкен еңбегі республикалық БАҚ-та мүлдем жарияланбайды деуге болады. Облыстық басылымдарда, теледидардан сирек берілетіні қынжылтады.

Осы БАҚ-да жұмыс жасайтын жастарымыз осы өмірге жеткізген бабалар ерлігі, еңбегін өтеусіз қалдырмай, тарих беттеріне жазылуына ат салысуы керек. Ал, ондай жастарымыз аз. Ж.Баласағұн «Сен өз мүддеңді көздеме, халықтың мүддесін көзде! Сенің мүддең халықтың мүддесінің ішінде екенін естен шығарма!» деген екен.

Менің бұл мақаланы жазуымның басты мақсаты – біреуді мақтап, біреуді даттау емес. Осы аудан қазанында 47 жылдан бері біте қайнасып келе жатқандықтан шындығына көз жеткізу. Ұстаздардың ұстазы Аристотель «Платон – менің досым, ал шындық одан да қымбат» деген. Осы мақалаға қатысты адамның бәрі де менің жақсы танитындарым, достарым. Ал, осыны жеткізу менің парызым. Бұл болашаққа үлкен ой салады деп сенемін. Тек жеке бастың қамымен күн кешпей, ел болашағының қамын күйттеуіміз керек. «Энцеклопедияға атам, тумам неге енбеді?» деп емес, «Біздің қилы тағдырлы аудан тарихы «Қазақстан тарихы» оқулығынан неге орын алмады?» деуіміз керек. Бұл көңілдің көкжиегін кеңейтеді. Біздер өкпені бауырдан жоғары қоймауымыз керек. Ал, өкпені жоғары қойсақ, дұшпанға күлкі, есекке жүк боламыз.

Тілеген АРЫСТАНБЕКОВ,

аудандық мәслихат депутаты,

ауданының «Құрметті азаматы»,

қоғамдық кеңес төрағасы