4.06.2020, 11:12
Қараулар: 246
ІНДЕТ ІРГЕ КЕП ТҰР, АЛ, ЕЛ БЕЙҚАМ…

ІНДЕТ ІРГЕ КЕП ТҰР, АЛ, ЕЛ БЕЙҚАМ…

Сонау Қытайдан шыққан індет елге кірген кезде ел мен ел арасындағы ғана емес, облысаралық, ауданаралық қатынас тоқтап, тірлік тұйықталып қалғандай еді. Жанұшырып маска алып, залалсыздандыратын сұйықтық іздеп сабылдық. Күндер өтіп, ай өтті. Көрге де үш күнде үйренетін пенделік күмәніміз бас көтерді. Алыс шетелде мың-миллиондап ажал құшып жатыр. Ғаламтордан көрген науқастарымыз ентігіп, әрең дем алып жатыр. Ал, бізде басқаша. «Әй, бәсе! Сенбеп едім ғой. Медицинасы мықты дамыған елде анадай боп жатқанда вирус бізге келсе, бір аптада қырылып қалар едік қой. Бұл ауру емес. Үлкен елдер арасындағы саяси соғыс» деді бір пәлсапашыл ағамыз.  Күн өте келе, ковидке деген күдігіміз қалыңдап, сеніміз азая бастады. Әлеуметтік желілердегі түрлі пікірлер дүдәмілдігімізді еселей түсті. Бастапқыда жанұшыра іздеп, жиырма-отыздап сатып алған маскамыз жай ғана дүкендерге еркін кірудің рұқсаттамасы боп қалды.

БЕЙҚАМДЫҚҚА БЕРІЛСЕҢ, БЕРЕКЕҢДІ КЕТІРЕСІҢ

− Обалы не керек, елде төтенше жағдай жариялап, көпшіліктен залалсыздандыратын құралдарды пайдалануды, қолғаптар мен тұмшаларды киіп жүруді қатаң талап еткен шақта тұрғындарымыз дәріханамыздың есігіне бір тыным болмаған еді. Денсаулықтарына алаңдаушылық танытып, қорғану құралдарына сұраныс көп болатын. Өкінішке қарай, дәл сол кезде біздің қоржында тұмшалар не бары  үш мыңдай болып, көпшілікке жетпеді. Кейін де жеткізу қиынға түсті. Өйткені, облыс орталығындағы өзімнің жеткізуші қызметтестерімде бетперде, антисептикалық сұйықтық, медициналық қолғаптардан тапшылық болған еді. Барлық тұтынушыны қамту мақсатымен әр адамға бетперде сатуда шектеу қойғанбыз. Біртіндеп бұл мәселе де шешімін тапты. Ауыл тұрғындары, еріктілер көп қолдануға арналған бетперделерді қолдан тігіп, оны жұртшылыққа тегін таратып, сатқандар да болды. Дәріханаға да келді. Сөйтіп, сұраныс қанағаттандырылды. Залалсыздандырылатын сұйықтықты да көптеп әуел баста көп алатын. Әсіресе, мекемелерге литрлеп сұратушы еді. Ал, қазіргі кезде тұрғындарымыз бетпердені тек дүкенге кіру құралы ретінде қарайтын жағдайға жетті десем артық айтқандық емес. Себебі, өзіңіз білетіндей қай дүкеннен сауда жасау үшін тұмшасыз кіргізбейді. Одан басқа, кей ауылдастарымның көп пайдаланатын бетперделердің тазалығына еш назар аудармастан, лас-лас қылып тағып жүргендігі, кей жандардың не бары екі сағатқа індеттен қалқан бола алатын бірретік тұмшаларды түбіті шыққанша, құлаққа ілетін резеңкесі созылып, иегіне түскенше тағып жүргені дәлел емей немене?- дейді аудан орталығындағы дәріхана басшысы Гүлнар Шарипова.

Айтса, маман сөзінің жаны бар. Оған өзіміз де куә болудамыз. Рейдттік тексеріс кезінде кей жерлестеріміз бетпердені сұрай қалсаң, «Бар. Қалтамда не сөмкемде» деп алып шығып жатады. «Масканы неге қалтаңызда ұстап жүрсіз?» деген сауалға жауап жоқ.

Карантинге бой үйренген соң картақұмар аға-апаларымыз үстеріне жау киімдерін киіп, мал қараған, бұзау қарап, қой қайырған боп, бас қосар үйлеріне жетіп, терезелерін тұмшалап, таңға карта соғып бақты. Оны «адамнан айла қалған ба?» деп өздері күліп, әңгімелеп отыратынын қайтерсің? Қала берді кешегі Рамазан айында ауызашарға да ковид тұсау қоя алмады. «Былай етуге болмайды ғой» деп әңгіме бастасаң, еститінің – «Алланың көзі түзу болсын!».

УХАНЬНАН — САЙҚЫНҒА

Коронавирус облыс орталығынан асып, қала маңындағы Сырым мен Тасқала аудандарынан шықты. Халықаралық шекара шебінде, үлкен жолдың торабында тұрған екі ауданнан шығуы заңдылықтай көрінбеді. Аса бір алаңдай қоймадық. Санаулы күндерде вирус қаладан жергілікті кәсіпкерге ілесіп, Жәнібекке келді. О баста екі адамнан шығып еді. Араға күн салып, вирус жұқтырғандар саны тоғызға жетіп жығылды. Үрейлене бастадық.

Әне-міне дегенше Уханьнан шыққан індет белгісі Сайқынның азаматынан да табылды. Қалай, қайдан келді? Енді әрекет не болмақ? Осы орайда аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Света Рамазановаға хабарласқан едік.

— Қазіргі кезде бізде бір жағдай расталды. Ол облыс орталығына сапарлап келген Сайқын ауылының тұрғынында тіркелген. Денсаулығы нашарлап, медициналық қызметке жүгінген азаматымыз Орал қаласындағы арнайы ауруханаға жолданып, бүгінде сонда оқшаулануда. Онымен тығыз қарым-қатынаста болған тағы 12 адам үй карантиніне жабылды. Ішінде науқас азаматты жеткізген медициналық қызметкер де бар. Аудан тұрғынының өзінің жаман дертке шалдыққанын білмей, жұмыс орнына барғандығы анықталып, нәтижесінде тағы да 25 адам бақылауға алынды. Бұл індетті жұқтырған азаматты оқшаулау, COVID-19 жұқпасын тізгіндеуге, таралу ауқымын тарылтуға қолданған шешім. «Енді тұрғындарымыз не істемек керек?» деген сауалыңызға келсек, бұдан бұрын да айтылғандай, темірдей тәртіп пен тазалық  денсаулық кепілі болып қала бермек. Яғни, қайыра қайталап айтамын, қорғануды, бетперде тағуды әдетке айналдырған жөн. Арақашықтықты сақтау талабы өзгерген жоқ. Елде төтенше жағдай алынып тасталғалы тәртіп жеңілдегені рас, дегенмен өз саулықтарың үшін бетпердені үнемі тағу шарт. Тек қоғамдық жерде ғана емес, сыртта да таққан абзал. Көзілдірік киетіндер «көзәйнегім буланады», не «тұншығып барамын», өзге де сылтауларды айтқанмен, ол тұмша қажетті кезде көрінбейтін вирустан қалқан болады. Әрі тек тағып қана қоймай оның қорғану тәртібін сақтау керек. Әйтпесе, оның бәрі бос әуре болмақ. Шындығы сол, осы қарапайым қағидаларды, көпшілік орындардағы тазалық пен қауіпсіздік шараларын тексеруші комиссия үшін орындайтынымыз қынжылтады. Мұның бәрі рейдке шыққандардың көзін байлап, аузын жабу үшін емес, өз денсаулығымыздың сақтаудың басты шарты екенін мықтап ескерсек екен,-дейді ауданның бас санитары.

ҚР ДСМ ТКҚСҚБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК БҚО дезинфекция орталығының Бөкей ордасы ауданы бойынша дезсекторының дезинфекциялық нұсқаушысы Талап Нұрмұханбетовтің айтуынша, облыстық басқарма нұсқауымен вирус анықталған науқастардың қызмет орны мен үй-жайы түгел залалсыздандырылған.

Аудандағы санитарлық эпидемиологиялық жағдайды сараптайтын маманымыз COVID-19-дан қорған болу өз қолымызда деуден шаршамауда. Ендеше бізден не талап етіледі. Ең алдымен бетперде тағу талабын сақтау. Яғни, әр адам бірреттік тұмшаны не бары екі сағат тағуы керек. Ол үшін сегіз сағатын ұйқыға арнайтын әр тұрғынға үздіксіз қорғанатын болса, тәулігіне сегіз  бетперде пайдаланады. Біздегі дәріханада әр тұмша құны 60 теңгеден. Сонда бөкейліктің үлкен-кішісіне күніне 480 теңге, аптасына 3360, айына 14400 қаражат жұмсайды екен. Ал енді әр отбасыда орташа есеппен бес мүшесін бар деп санасақ, бұл отбасының бюджетінен тек тұмшаның өзіне 72000 теңге жұмсалмақ. Сондықтан көп қолданылатын тұмшаларды пайдаланған абзал. Қолдан істелген емес, арнайы медициналық түрінің өзі 8 сағатқа қалқан бола алады. кейін оны да ауыстыру қажет. Тек бір ұтымды тұсы, оны кір сабынмен жуып, кептіріп, үтіктеп қайта қолдануға болады.

COVID-19: ТАЛАПТАН ТАЙСАҢ, ТАП БЕРЕДІ

Тәртіптің орындалуын қадағалап, төтенше жағдайда блокбекеттердің жұмысын денсаулық сақшыларымен қатар жүргізген аудандық полиция бөліміні бастығының орынбасары Жәнгелді Салауатов:

— Төтенше жағдай кезінде сегіз адамның осы режим тәртібін бұзғаны анықталып, алты адам қамауға алынды. Бір адамға айыппұл салынып, бір бөкейлікке ескерту берілді. Негізінен түсінік жұмыстарын жүргіздік. Жүргізіп те келеміз. Бүгінде төтенше жағдай алынды, тиісінше талап та жұмсара түсті. Алайда, ол деген бетпердені иекке тағып, «для галочки» құлаққа ілу бізді сақтамайды,-дейді.

-Кеселдің жолын тек карантин ғана кеседі. Әр адам өз денсаулығын, бала-шағасының, жақындарының қауіпсіздігін ойласа, қажеттілікпен көшеге шығып, дүкен, дәріханаға барғанда медициналық маска киіп, арақашықтықты сақтап, жаназа, садақа сияқты көптік жерден алшақ болғаны жөн. Жаназаға бару, қаралы үйге қайғыға ортақтықтығын білдіру мұсылманның міндеті, адамдық парызы болғанымен, барып, көңіл айтуды алдағы күндерге шегере тұрғанымыз дұрыс. Қол жуу, масканы киіп, шешу тәртібін тағы бір пысықтап алғанның артықтығы жоқ. Ел арасында екіұшты әңгіме көп. Сенбейтіндер көп. «Италия, Испания, Америкада ауыр өтіп жатқан ауру неге бізде жеңіл-желпі өтіп жатыр?» дейді. «вирус жұқтырғандарды  температурасы көтерілгенінен ғана анықталып, ауруханаға түскендері курортта жатқан түк ем алмай жатыр. Емі жоқ  болған соң. Егетін де, ішетін де дәрісі жоқ. Текке жатыр екен» деген сөз бар. Бұл дерттің әзірше емі жоқтығы рас. Вирус симптомды және симптомсыз деп екіге бөлінеді. Әріптестердің айтуынша, көп науқаста аурудың белгісі болмайды. Негізгі ем-шара бақылаудан, науқасты оқшаулаудан басталады. Ауруханада жатқан науқастың пульсоксиметр, сатурация арқылы жүрек, өкпе жетіспеушілігі, қанмен қамтамасыз етілуі басты назарда болады.  Науқасқа ақ халаттылардың қадағалауында болудың өзі үлкен пайда, -дейді аудандық аурухана басшысы Анарбек Белисанов.

Италия, Испания демекші, ковидтен зардап шеккен елдің бірі осы елдер. Worldometers мәлеметіне сүйенсек, 2 маусымда әлемде COVID-19 вирусын 6383825 адам жұқтырған. Оның 377 789 жағдайы өліммен аяқталса, 2 920 889 адам жазылған. Індетті жұқтырған елдердің арасында АҚШ, Бразилия, Ресей, Испания мен Италия көш бастап тұр. Осы індеттін көз жұмғандардың тізімінде де алғашқы орын АҚШ-та (108 478), кейін Ұлыбритания (39 369), Италия (33 585), Бразилия (32 571) және Франция (29 047). Біле білсеңіз, Италия елінде осы дерттен көз жұмғандарды еске алу мақсатында он күн қара жамылды. Бұл сол ел тарихындағы ресми түрде жарияланған ең ұзақ қаралы күндер екен. Шүкір делік. Елде 11 796 адам жұқтырса, одан бүгінгі таңда 44 өліммен аяқталды. Бұл көрсеткіш газет баспаханадан шығып, сіздің қолыңызға тигенше сан рет өзгеруі мүмкін. Бұл біздің қателігіміз емес. Аурудың таралу жылдамдығының жоғарылығы деп біліңіз.

Біз өзі қызықпыз ғой. Билет сатып алып, лоторея ойнаймыз, телефонға телмеріп, әншілер ойнатқан түрлі ақша тіккен байқауларға қатысамыз. Ұтсақ, әділдік бар екен деп қуанамыз, ұтыссыз қалсақ, «мынауың таза лохотрон» деп ренжиміз. Ковид туралы жыл басынан айтылса да, «саяси ойын ғой. Вирус жұқтырғандардың не болмаса, қайтыс болғандардың бірін танисың ба? Ең құрығанда, Пәленше дегеннің Түгенше деген құдасының құдашасының группаласының көршісінің құдасы екен деп болса да естідің бе?» деп кержақтығымызға басамыз. Айтпақшы, осы мақаланың нүктесі қойылмай тұрып, Сайқын ауылында тағы да бір жағдай расталды. Қаңқу сөз емес, ресми түрде расталды. Яғни, Сайқында коронавирус ошағы белең алды деген сөз. Сақтыққа салғырт қарамай, бейқамдыққа салынбай одан да сақтанған абзал.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ,

БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫ