31.05.2020, 15:48
Қараулар: 122
АЗАЛЫ КҮННІҢ МАҢЫЗЫН БІЛЕМІЗ БЕ?

АЗАЛЫ КҮННІҢ МАҢЫЗЫН БІЛЕМІЗ БЕ?

Арғымағым,  арда едім,  арыдым де,

Қадірлімнің таба алмай қабірін де.

Сталиннің вагоны музейде тұр –

Қаңқасынан қан саулап әлі күнге.

Ұрпақ мынау өткеннен не біледі,

Сүйегімді сол сауал кеміреді,-деп Ғалым Жайлыбай айтпақшы. Азалы күннің маңызын білеміз бе? Сүргін саңлақтарынан кімдерді білеміз? Репрессия құрығына іліккен бөкейліктерден кімдерді білеміз? Осы сауалдармен бала тәрбиесі, ұлттық идеологияға тікелей қатысы бар деген ауылдастарымызды сөзге тартқан едік.

Уахия Ермекқалиева, Сайқын ауылының тұрғыны:

– Қазақтың асыл азаматтарының бәрі сол қырғынның қармағына ілікті. Репрессия құрбандары арасында менің Бұл туған нағашым Кәрім Мусин бар.   Сол кезде анам Мұқсина Ниязғалиева небәрі 8 жаста еді. Өкінішке қарай, анамның туған шешесі қайтыс болып, әкесі, яғни менің атам екінші мәрте үйленген екен. Кәрім атам өз заманының сауаттысы еді, ұжымшар жетекшісі, бригадирлік қызметтерді атқарыпты. Бір күні күтпеген жерден  үйге жүздері суық бірнеше кісі кіріп келіп, атамызға өздерімен бірге жүруін бұйырыпты. Кәрім атам бір сұмдықты іштей сезген болуы керек дереу қызына «айналайын, қызым, сен тек уайымдама, мен әлі ораламын, қасыңа келемін» деп қоштаса бастапты. Қас пен көздің арасында анам әкесінен мәңгілікке айырылғанын сезбеген де болар.  «Жұт жеті ағайынды» дегендей, көп ұзамай өгей шешесі  анамды жалғыз өзін тастай жөнеледі. Сірә, «халық жауының» әйелі деген айыптан қорыққан болар бәлкім. Анам зар еңіреп өгей анасы мінген ат арбаның артынан жармаса жүгіріп, қуып жетуге тырысады.  Онымен шынашақтай бала оған қайтіп жетсін?! Бір қараса айдалада бағыт-бағдарсыз қалғанын ұғынады. Жылай-жылай  әбден есеңгіреген шешем  абайсызда шұңқырға құлап, ес-түссіз жатып қалыпты. Құдайдың әмірімен марқұм анасының Өрес есімді бауыры тауып, үйіне әкеледі. Сол кісінің арқасында анам аяққа тұрып, өмірде өз жолын таба алды. Бойжетті, тұрмыс құрды, үбірлі-шүбірлі болды. Алайда, бала жадындағы сол бір азапты күннің елесін еш ұмыта алмады.  Ағайынның теріс айналуы, әкеге деген сағынышы жүрекке шемен боп қатты. Әкесін сағынып өтті. «Біріне бірін айдап салып, өтіріктен жала жауып, адам тағдырына енжар қараған қиын жүйенің құрбаны боп кете барды ғой» деп мұңая еске алып отыратыны әлі есімде.