31.05.2020, 15:35
Қараулар: 195
ЖОҚТАЙТЫНЫМЫЗ КӨП. ТЫМ КӨП…

ЖОҚТАЙТЫНЫМЫЗ КӨП. ТЫМ КӨП…

Редактор бағаны

Мамыр айы – еске алу айы. Күні кеше қыршын ғұмырларымен Жеңістің құнын төлеп берген соғыс сарбаздарын еске алып, тағзым еттік. Санаулы күндерден кейін ашаршылық пен репрессия құрбандарын еске аламыз. Қазақстанда ашаршылық екі дүркін орын алды. Біріншісі, 1921-22 жылдары. Араға тура он жыл салып нәубет екінші мәрте қайталанды. Қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешев 1922 жылы Қазақстанда 2 млн 832 адам ашаршылық құрбаны болды деген екен. Ашаршылықтың сұмдығы сол, анасы өлген баласын жеді, баласы шау тартқан ата-анасын азық қылды. Әйелдеріміз бен қыздарымыз жан бағу үшін қолындағы азығы барларға әйел үстінен тоқал болды. Қала берді уақытша қуыршағы болды. Адами емес хайуани құлқынның құлына айналды.

Ал, 1932-33 жылдары тағы да екі миллиондай қазақ қырылып, екі жүз мыңдайы шетел ауған.

Ашаршылықтың қолдан жасалған зобалаң екенін айтып, үн қатқандарды тұншықтырып бақты. 1929-1931 жылдары көтерілістер мен толқуларға қатысқаны үшін НКВД органдары 5551 адамды соттап, оның 883-ін атып жібереді. Жалпы алғанда, күштеп ұжымдастыру кезінде 10 мыңнан астам адам жазаланады.

1929-1933 жылдары Қазақ АССР ОГПУ саяси өкілінің үштігі 9 805 іс қарап, 22 933 адамға шешім шығарылған. 3 386 адамға жазаның ауырығ яғни, ату жазасы тағайындалыпты. Батыс Қазақстан облысы бойынша 1937 жылы 853 адам қуғынға ұшырап, оның 335-і атылған, қалғандары лагерлеріне жіберілген. 1938 жылы 936 адам тұтқындалып, 690-ы атылған, 246-сы сотталған.

Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь мен қоныс мекендері болған. Қазақстанда ГУЛАГ-тың 11 лагері орналасқан. Олар: Алжир, Қарлаг, Дальний, Степной, Песчаный, Қамыслаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерлері.

1993 жылғы сәуірде  «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңы қабылданады. 20 мыңнан аса мұрағаттық қылмыстық іс зерттеліпті.

Кінәсіз айып тағылып, итжеккенге айдалған, не өлім жазасына кесілген 146 500 қазақстандық аты жазылған «Аза кітабының» 14-і жарық көрген. 340 мыңнан астам қуғын-сүргінге ұшыраған азамат ақталған.

31 мамыр – азалы күнді жыл сайын атап өтеміз. Ескерткіш басына жиналып, бес минут үнсіздікпен еске аламыз. Ол туралы басылым беттерінде «өтті-кетті» деп хабарлама жазамыз. Бітті. Осымен тәмәм. Жылда да осы жаттанды шара. Тұтас еліміз бойынша осылай.

Ұлт үшін зұламат жылдарда қазақтың саны ғана қысқарып қоймады. Қасиет-кепиетінен, рухымыздан айырды. Сүт бетіне шыққан қаймақты қалқып алып, қылғытып жұта салды. Сүзілген көк сүт боп, тектілігімізден айырылдық. Топсамыз босады.

Жүз емес, мың-миллион қазақтың басын жұтқан нәубеттің бағасы берілген жоқ. Өз қазағының қасіретін білмейтін кейбір ақылдыларымыз Холокост нәубеті туралы жақсырақ біледі. Міне, сол Холокост құрбандарының отбасыларына Германия 2017 жылға дейін бір млрд доллардан төлеуге міндеттелген. Армян да өз қасіретін әлем назарына ұсынып, ұлт қайғысын геноцид деп танытты.  Тек қазақтың ғана құны сұраусыз…

 

Қазақ ұлтының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов «қазақ – жоқ іздеген халық» деген екен. Жоқтайтынымыз көп. Тым көп…

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ