28.05.2020, 12:43
Қараулар: 47
МУЗЕЙ ДЕГЕН – АЛТЫН АРҚАУ, МӘҢГІЛІК КӨПІР

МУЗЕЙ ДЕГЕН – АЛТЫН АРҚАУ, МӘҢГІЛІК КӨПІР

«Бөкей ордасы қандай аудан?» десе, «Біз деген тұңғыштар мекеніміз», «ауылымыз тұнған тарих» деп мақтанарымыз анық. Әгәрәки, алыстан қонақ келе қалса, Хан ордасына қарай сүйрейміз. Өйткені, онда тұңғыштар мекені, текті топырақтың негізгі көзірі бар. Ол, әрине,  музей. Облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы.

Музей-қорығы – еліміздің мерейі, айбыны. Мақтанышымыз. Мәртебеміз. Тамыры тереңнен бастау алатын, маңыз-мәйегі ұлтқа мақтаныш мұндай музей-қорық екі елдің бірінде жоқ. Өлке туризмін дамытамыз деп алақанымызды ысқылап отырсақ, осы музей-қорықты, Бөкейдің көші қонып, Жәңгірге мекен болған киелі орын туристтерді елге тартудағы негізгі магнитіміз.

Өткеннен қалған қазынаға қаныққысы келетін, түп-тамырын іздейтін саналы адамның осы бір мекеннен көп жайтқа қанығары анық.

Өркениетті елдің бәрінде музей – ұлттық мақтаныш, рухани орда. Қазақстанда музей ісін қолға алуды ең алғаш іс жүзінде көтерген  Бөкей хандығынан шыққан мемлекет және қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешев екен. Ол 1917 жылы халықтын рухани мұрасы – жәдігерлер мен этнографиялық туынды, шежірелерді жинау жөнінде бастама көтерген. Мұны 1919 жылы қоғам қайраткері Мұстафа Көкебаев қостап, Бөкей ордасында «Халық мұражайын» ашу туралы үндеу тастайды. Негізі Бөкей топырағындағы музей тарихы көп бұрын басталған еді. Бөкей ханның ұлы Жәңгір 1828 жылы өз сарайының бір бөлмесіне қару-жарақ палатасын ұйымдастырып, музей ісін бастап кеткен еді. Кейін Кеңес кезінде 1962 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, Ленин орденді Ахметфайыз Тажетдинов Орда өңірінде өткен тарихи оқиғаларға қатысты жинақтаған 55 экспонатымен қоғамдық негізде музей ісін қолға алды.

Бүгінде музей қорығының еншісінде 13 тарихи ғимарат, үш кесене пантеоны, 16 мыңнан астам жәдігері бар.

Музей-қорығының әр күні берекелі. Есігіне тыным жоқ. Қор сақтаушысы, мұрағатшы, әдістемеші, экскурсия жүргізушілерінен бастап, тазалықшысына дейін  өткен мен бүгіннің арасына көпір боп, қызметтерін мүлтіксіз атқаруда. Музей қызметіне мінсіз қызмет еткен Темірболаттай әкенің мирасқоры Ғайса Махимов, бес аспап Назымгүл Оразгелдиева, ғылыми жұмыстың жанкештісі Гүлмару Мырзағалиева бастап, әр суреті сөйлеп тұратын, майталман маман Мират Қоржынбаев, ізденімпаз Гүлжиян Сапарғалиева, Мереке Рушанов, Бақыт Дәулетовалар қостаған үлкен ұжымның еңбегі еселі. Күні кешегі карантин кезінде де    онлаин-экскурсиялар, викториналар ұйымдастырып, тіпті ақшалай жүлде де тікті. Тек айтулы даталарға емес, самауырын, ұршық, сағат деп жекелеген экспонаттар бойынша да кереметтей ғып, үлкен өнегелі шаралар ұйымдастырды.

Музей-қорығының қызметкерлері тапқан, білген, іздеп, таныған мәліметімен «Орда жұлдызымен» бөлісіп, басылым арқылы да танымдық мақалаларын жариялап тұрады. Газет бетінен көрінбей қап жатса, «музейді шетқақпайлап тастаған жоқсыңдар ма? Барып, көріп, әр экспонаттың қасында бірер секунд тұрғанда елемеген мәліметті «Фотоқордан» біліп жатырмыз» деп жоқтайтындардың бары көңілге қуаныш.

Күні мамырдың 18-і  халықаралық музейлер күні деп атап өтілді. Осы бір айтулы күнмен музей-қорық ұжымын құттықтаймыз.

Бұл музей-қорық – уақытқа бағынбайтын, алмасып жатқан ұрпақтар жалғастығын үзілдірмейтін алтын арқау. Өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғастырар мәңгілік көпір. Руханиятқа, елдің тарихы, ұрпақтың ертеңіне еткен еңбектіңіз әр кезде елеулі болсын!

Редакция алқасы