28.05.2020, 12:01
Қараулар: 265
МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ

МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ

Мәдениет үйі кішігерім елді-мекеннің бәрінде бар. Кейбірінің  тірлігі самарқау, тек  мейрамдарда ғана есігі ашылып, жан бітіп қалады. Ал, енді бірі көрінбейтін жауды көрінбей, жеңейік деп жан біткеннің бәрін үйге қамаған карантин кезінде де ғаламтордың кереметін кәдеге жаратып, көпшіліктің көңілін аулап, қоғамға қызмет қылуда. Сондай тынымсыз еңбектің қайнаған ортасы деп Бисен ауылдық окургіндегі мәдениет үйі. Сол мәдениет үйінің тірлігін жандандырып, қалғымастан қызмет жасап отырған бір адам болса, ол Екатерина Мөкешева.

Екатеринамыз бұл қызметке кездейсоқ келген жоқ. Бойындағы талант-талабы, ақындық қабілеті осы арнаға бұрды. Мектептен кейін Оралдағы Дәулеткерей атындағы өнер институтының «режиссура» факультетіне түсті. Жас маман дипломын арқалап, ауылға келді. Бисен ауылдық мәдениет үйіне әдіскер боп қызметке тұрды. Сол 1997 жылдан бері табан аудармастан сол Бисенде, сол мәдениет үйінде мүлтіксіз қызмет етіп келеді. Мүлтіксіз қызмет деп асыра сілтеп, артық айтып отырғанымыз жоқ. Жақсы маман ретінде өзін танытқан Жолдығалиқызы 2008 жылы  көркемдік жетекшісі болса, 2014 жылғы маусымнан бері Бисен ауылдық мәдениет үйінің директоры боп тағайындалды.

Үлкен ұжымы бар аудандық мәдениет үйінде өтпеген бенефис, ретро-әндер кешін осы Екатерина өткізіп, бисендік көрермендер қауымға әр кезде керемет әсер сыйлап жүргенін білеміз. Жерлес композиторлар Хабиболла Әлесов, Бауеддин Ғабдуллинді еске алу кештері, «Асабалар алаңы» атты аудандық байқау, ауыл өнерпазы Замирбек Әлесовтің мерейтойына арналған «Әнмен өрілген өмір» деген шығармашылық кештер, басқа да айтулы шаралар көрермен жадысына өше қойған жоқ. Оған өткізілуге міндетті деп жүктелетін  мерекелер, маңызды даталарды қосыңыз.

  • Екатеринаның осы қызметте жүргеніне жиырма жылдан асса да, бір жалығуды білмейді. Шаралардың түр-түрін өткізеді. Марқұм болған таланттарды да еске алып, дұға оқытудан бастап, шығармаларын орындатып, елдің есіне салып қояды. Арамызда жүрген талантты өнерпаздарға да кеш өткізіп, алыс-жақындағы бірге жүрген серіктеріне дейін алдырып, әдемі кеш ұйымдастырды. Күні кеше Замирбек Әлесовтің мерейтойын өткізді. Кезінде бірге ән салған жәнібектік Рахметолла деген досы келді. «Заман» тобындағы әйгілі Ерген Әйтімбетовтің әкесі екен. Керемет кеш болды. Кешегі карантин кезінде де онлаин байқаулар, шаралар өткізіп, мектеп жасындағы баладан бастап, ауыл қариясына дейін қатыстырды. Осының бәрі елеулі еңбек қой. Екатеринаның жұмысына ризамыз,-дейді бисендік Күмісқаным Мырзабаева.

Карантинде де қарап жатпады дедік. Кейіпкеріміз әлеуметтік желіде де асқан белсенді. Ауылдық мәдениетінің желідегі парақшасы да мазмұнды хабарламаға толы.

«Аталар ерлігін немерелер жырлайды» деп онлаин шара өткізіп, ата ерлігін ұран қылған ұрпақты сөйлетсе, «Оралмаған боздақтар ұрпақтары» деген топтамада өзге жерден топырақ бұйырған аталарының  сүйегін тауып, елге әкеп жерлеу бақыты бұйырған Ерсайын Құсанов сияқты атамызды  сөйлетіпті.

Бисен атын асқақтатып өрлеткендер,

Абыроймен алғыс ап төрлеткендер.

Ауылдың дамуына үлес қосқан,

Бүгінде қадірлісің, еңбеккерлер! -деп, «Еңбекпен шыңдалған жандар» топтамасында Бисен ауылының қалыптасуына қажырлы еңбек еткен аға буынның ғибратты өмір жолынан мәліметтер топтастыруды қолға алды. Одан бөлек жас келіндер арасында «Әлди-әлди, бөпешім» деп бесік жырын айтудан эстафета жариялап, шаш өру шеберлігінен эстафета жалғастырып,  өзі де тыным таппай, өзгеге де тыным бермегенге ұқсайды.

Әрине, бұл жұмыстардың бәрін Екатерина  замандасымыздың бір өзі атқарып отырған жоқ. Көркемдік жетекші Жайдарбек Бисекеев, күміс көмей әнші Эльдар Құдабаев,  мың бұралған биші Сұлушаш Халиева сияқты мұның бастамасын қолдап отыратын сенімді нөкерлері бар.

  • Атқарған жұмысы, қамтыған тақырып, талғамына қарай Бисен ауылдық мәдениет үйі көш басында тұр. Жыл сайын қайталанатын шаралардың өзін түрлендіріп, әр алуан ғып, өзгеше бір форматта көрермен назарына ұсынып келеді. Екатерина Жолдығалиқызы – тәжірибелі маман. Майталман маман. Өзіндік соқпағы қалыптасқан. Ізденімпаздығы, еңбекқорлығы көп әріптесіне үлгі,-дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Жоламан Сисенғалиев.

Екатеринамыз тек мақтаулы маман ғана емес, ауылдың айтулы келіні. Бес бала тәрбиелеп отырған ана. Тоқсаннан асқан атасы Хисмет Мөкешевтің бабын тауып, балаша мәпелеп отырғаны үшін ауылдағы ағайынға құрметі артқан келін. Кейіпкеріміздің атасы да осал емес. Қазына кеуде қария. Аузындағы сөзінің дуасы бар, әңгімесінің өнегесі мол қария деп елі құрмет тұтады.

Сонымен қоса Екатерина Жолдығалиқызы аудан үнжариясының штаттан тыс тілшісі де. Әу дейтін ақындығы да бар.  Бисендегі берекелі тірліктің хабаршысы.

Мамырдың күндері мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Мақтаулы маманды мейрамымен құттықтай отырып, ел игілігіңізге еткен еңбегіңіз елеулі болсын дейміз.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ