28.05.2020, 11:44
Қараулар: 124
ӘМБЕБАП АСЫЛБЕК

ӘМБЕБАП АСЫЛБЕК

Асылбек Ғабдоллин. Бұл есім аудан тұрғындарының үлкен-кішісіне жақсы таныс десем, артық айтқандық емес. Ер немесе әйел деп таңдамай, шашын қиып, керек десең, әп-әдемі ғып шаш үлгісін де жасап береді.

Бір қарағанда отыздан енді ғана асқандай көрінгенмен Асылбегіміз осы мамырда 45-ін тойлаған сұр бойдақ. Әрине, сұр бойдақтығы өзінің жеке мәселесі. Дегенмен, сол бойдақтығына қарамастан, бір әкеден тараған 12 ұл-қыздың ішінен зейнет жасына жетіп, қазіргіде төсек тартып жатқан анасын бағып отырған Асылбек Ғабдоллин көпке үлгі.

Жалпы Асылбектің түр-әлпетіне қарап, шаштараздыққа жаратылған адам екен деген ой бірден туындайды. Дегенмен, кейіпкеріміз бұл кәсіпке бірден келмеген.

  • Шынымды айтсам күні бүгінге дейін шаштараздық өнерімді кәсіп ретінде қолданам деген ой болған жоқ. Мысалыға, кішкентай кезімде биші болуды армандайтын едім. Жай ғана биші емес, нақты әншінің артында билеп жүретін жігіттердің бірі болғым келетін. Дегенмен есейген сайын армандарым да өзгере бастады. Ақ халат киіп, дәрігер болуды армандадым. Ақтөбенің медициналық училищесіне барып, химия пәнінің емтиханынан өтпедім. Ауылға қайтып келген соң, көп кідірмей, пионерлер үйіне жұмысқа тұрдым. Жоғарғы білімім болмаса да сол жерде Қазақстан тарихынан сабақ берген едім. Жыл жарым әскери борышымды өтедім. Сол кезде әкем дүниеден озды. Елде қиын жағдай, жұмыс жоқ. Жұмыссыз 1996 жылға дейін жүрдім. «Қой, білімсіз алысқа бармаспын» деп Ресей елінің Саратов облысының Красный Кут қаласына барып, зооветеренария техникумінің студенті болдым. Дегенмен, жоқшылық салдарынан екі жылдан кейін, оқуымды жалғастыра алмадым. Дәл сол кезде бір қап ұн немесе шекерің екі қойға тең еді. Нанын әрең тауып отырғанда оқуға қайдан ақша болсын?-дейді Асылбек.

Шаштараздыққа сонау  90-жылдардың соңында келіпті. Онда да өз қалауымен емес.

  • Ол кезде ауылдасымыз Ербол Қабдолов ағамызға барып, шаш алдырамыз. Бір кезде Ербол ағамыз «сен енді менің шашымды алып бер» деді. «Қой, қолымнан келмейді» дегенді тындамастан «ештеңе етпейді, үйренесің» деп, әдісін көрсетіп үйрете бастады. Шаштараздықтан бір-екі сабағымды алып алған мен көрші балалардың шашын алып, тәжірибе жинап бастадым. Қолым үйренген соң бес-он тенге ұстап таныстарым да келе бастады. Әйтседе сол кезде шаштараздыққа жай хоббиім ретінде қарадым.Солай жүргенде Жәнібектен жұмыс табылды. 2000-2004 жылдары көршілес ауданның көтерме дүкенінде сатушы болып еңбек еттім. Содан Орал қаласында жүк тиеуші де, даяршы да болдым. Дегенмен ол жұмыстарымды доғарып, ауылға қайтуымаа тура келді. Денсаулығы нашарлап, көзі жанары нашарлаған анамның қасында болуды шештім. Мүлдем табыссыз отырмайын деп жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс та істедік. Көше тазалаудың еш қиындығы жоқ, ең бастысы намысыңды тежеп, арланбастан, адал еңбек қой деп, көше де жинадым. Сол кезде Абай атамыздың «Есектің артын жусаңда мал тап» деген сөзінің мағынасын нақ түсіндім.

Ал нақты шаштараз болуым Анаргүл Дәулетова апамыздың арқасында шығар. Оған дейін де құрдас-достарым «шаштараз болсаңшы» деп жүретін. 2016 жылы Анаргүл апамыз салон ашпақ болып жатыр дегенді естігенде, «мені шаштараз етіп алады ма екен?» деген ой келді. Апамыз бетімнен қайтармай, сертификатың болса, жақсы болар еді» деді. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы қалаға бір айлық курстан өтіп келдім.

– Тек ер адам не әйел адамның шашын қиямын демей, кез келген шаш үлгісі бойынша шаш қиып, салтанатты шаш үлгісін де жасап береді екенсіз. Балуанға оң, солы бірдей деген сіздей әмбебапқа айтылған болар…

  • «Ойбай, қатырамын, бәрін жасай аламын» дей алмаймын. Дегенмен шұғыл керек болып жатса, қолымнан келетіні анық. Бірақ, бастапқыда әйел адамдарға қызмет көрсетемін деген ойда болмаған еді. О баста апаларымның шашын қысқартып жүрдім. Бірақ бұл ақша үнемдеу үшін жасалған әрекет еді. Ал арнайы курсқа барғанымда «маған тек ер адамның шашын қиюды үйретсеңіз болады» дегеніме қарамастан, Шолпан атты  ұстазым үйретіп еді. «Асылбек, күндердің күнінде бәрібір пайдаға асады» дейтін. Айтқаны келді. Қазіргі кезде әйел затымен де еш қиындықсыз жұмыстана берем. Сол берген кеңесі үшін Шолпан апамызға мың да бір рақмет.

– Сіздің қызметіңіз аудан бойынша ең қолжетімді, әр кімнің қалтасы көтере беретін баға екен. Әмбебап шаштаразсыз, қызмет бағаңыз төмен.  Қазірде қымбат болса, көрсетілетін қызмет сапасы жақсы болғаны деген пікір бар. Басқалармен  салыстырғанда қызмет бағасының төмендігі, сіз көрсетіп отырған қызметтің сапасы төмендеу деген мағынаны білдіреді деп қорықпайсыз ба?

  • Кімнің басына қандай ой келетініне жауап бере алмаймын ғой. Дегенмен қазіргі мен ұсынған бағаның қолжетімді екені рас. Аспаннан ақша жауса да, ауыл адамы 1000-1500 теңгеге шаш қидыра алады деп айта алмаймын. Тек басшылардың немесе қалтасы көтеретін 10-15 адамның шашын алып, шектеле салсам да болады. Қол үйренген, тұрақты клиенттің болғаны жақсы. Бір-екілі, әрі кеткенде он шақты тұрақты клиентке байланып, отыра берсем, таза тоқырау ғой. Қаржылай жағынан емес, кәсіби тұрғыдан. Әр клиентіңнен бірдеңе үйренесің. Осы қағида маңызды мен үшін.

– Әр кәсіптің өзіндік қиындығы бар? Енді соған тоқтала кетсек.

  • Жалпы адаммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау өте қиын ғой. Адамның қалауын, ойын іске асыру өте қиын. Жалпы шаштараздық істе адам баласының тілін тауып білу керек қой. Оған қоса әр тұтынушының шаш үлгісін есте сақтап қалуың керексің. Барлығын бір үлгі бойынша қия бермейсің ғой. Ал кішкентай бүлдіршіндердің шашын қысқартқан мүлдем қиын. Байыз тауып, отырмайтын жыбырлақты тізгіндеп, жылауықты жұбатып отыруың керек. Бұдан басқа да қиындықтар жеткілікті. Кәсібімді енді бастаған кезде алғашқы екі-үш ай ғимараттың жалдау төлемін шығара алмай жүрдім. Өз басым грант немесе басқа да әлеуметтік көмектерге жүгінбеген едім. Бірден өз қалтамнан ашу қиынға соқты. Ол казіргі кезде ғой үкіметтен грантты алып, «бизнесім алға басса басты, баспаса нем кетеді» деп отырады. Ал мен қаражат таба алмағандықтан, анамның ақшасынан төлем төлеген кездер болды. Дегенмен, ол күндер де өтті. Қазір Аллаға шүкір, іздеп келетін тұтынушыларым бар. Күнделікті наным мен шайыма жетеді.

– Болашақта, кәсібіңіз бойынша қандай жоспар бар?

  • Жоспар көп қой. Әдемі салон ашсам деген ой бар. Заман талабына сай бас жуатын жерімен, керекті құралдардың бәрін толықтырып, үлкенірек ғимарат ашсам деген арман кей кезде тыныштық бермейді. Әрине, қазіргі жағдайыма да шүкіршілік етемін. Біреуде ол да жоқ қой. Дегенмен армансыз адам, қанатсыз құспен тең емес пе?-дейді Асылбек Ғабдоллин.

– Кәсібіңізді айттық, ер адам болсаңыз да қарт анаңыздың бабын тауып, өзіңіз бағып отырсыз, оны да айттық. 45 жасқа келгенше, неге жұп құрмай жүрсіз? Анамды мендей баға алмас деген күдік бар ма?

– Бірден себеп осыдан деп айта алмаймын. Дегенмен кезінде үйленбегеніме өкінемін. Артынан  ұрпақ қалдыру әр азаматының арманы емес пе? «Артыңда ұрпақ қалса, атың өшпес» демей ме атам қазақ? Кезінде үйленбегенімінің себебі өзімнен шығар. Жас кезімде өмірдің парқына бойламадық, ертеңгі күнімізді ойламадық. Мен де тентек болдым. Ащы суға үйір болдым.  Өз басым еріншекпін. Оны да мойындаймын. Нәпақамды айырып отырған кәсібіме де біреудің жетектеуімен келдім. Бұйырғаны болар деп келдік.  Кейін уақыт өз дегенін жасайды екен. Уақытыңда әрекет етпесең, шешім қабылдамасаң, уақыт сені күтпейді. Құрдастарыма қарасам, ата-әже атанып жатыр. Ал, мен бір басымды екеу қыла алмай жүрмін. Әрине, өкінішті. Мұны соқа бастары сорайып, жалғыз жүргендер жақсы түсінеді.

– Бір сөзіңізде анамның қасында болуды шештім дедіңіз. Неге 12 баланың ішінде нақты сіз? Ер адамға төсек тартып жатқан науқасты бағу қиын емес пе? Әйел затындай бабын тауып, көңілін аулап жүрсіз бе?

– Ер бол, әйел заты бол, ананы күтуге ол кедергі ме? Анам бірден төсек тартып қалмады ғой. Басында тек көзі көрмеді. Ал жетелеп жүрудің еш қиыншылығы жоқ. Оған қоса аға-апаларымның бәрі ол кезде жанұялы еді. Бастапқыда тамақ жасаудан, киім жуудан қиналдым. Басқа түссе, бәріне де үйренеді екенсің. Ең қиыны анамның төсекке таңылған кезі еді. Анамның өмірі қарапайым, қоғамға, марапатқа еңбегі елеусіз болар. Он екі ұл-қыз өсірген батыр ана. Соғыстан кейінгі ызғарды да, тоқыраудың жоқшылығын көрген батыр адам мен үшін,-дейді кейіпкеріміз.

P.S:  Асылбекті аудан тұрғындары шебер де, әмбебап шаштараздығы үшін емес, ер адам болса да, анасын жас сәбидей мәпелеп, перзенттік парызын адал өтеп отырған азамат үшін сыйлайды. Дәл осы Асылбектей анамыздың қадірін біліп, тірісінде төрден орын беріп, мәпелей білсек, қамкөңіл қария болмас еді-ау…

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ