28.05.2020, 11:41
Қараулар: 8
САРЫП САРСАҢҒА САЛМАСЫН ДЕСЕҢІЗ…

САРЫП САРСАҢҒА САЛМАСЫН ДЕСЕҢІЗ…

Сарыптың кесірінен Шығыс Қазақстан облысында 2016 жылы 12,4 мың бас сойылса, 2017 жылы 15 мың малдың көзі жойылған. 2018 жылдың тек 10 айында 13 мың бас пышаққа ілінген. Сарып десе төбе шашы тік тұратын жағдайға жеткен шығыстық ағайын бұл дертті сегізінші жұтқа да балаған.  Дұрыс та шығар, нәпақасын алдындағы малымен айырып, отбасын асырап отырған күрең сиырын тапсырып жіберу кімге оңайға тиді дейсің?! Шүкір, біздің ауданда мұндай эпизоотиялық ахуал болған жоқ. Болмай-ақ та қойсын! Аудандық ветеринарлық станция директоры Алмабек Құрмашевтің мәлімдеуінше, соңғы кезде ең көбі 2016 жылы аудан бойынша мыңнан астам малда сарып анықталып, жойылған екен. Былтыр бұл көрсеткіш 639 болса, биылғы  төрт айдан астам уақытта 517 ірі қарада сарып ауруы расталып отыр.

БЕЙҚАМДЫҚ ДЕРТКЕ ЖОЛ АШАДЫ

Сарыптың бруцелла қоздырғышы ешкі, сиыр, шошқада ғана емес, ол жабайы жануарларда да кездеседі. Сарып бұғы, жылқы, қой, сиырда тұяқ, бақай, сирақ буындарын, шошқа, бұзау, құстарда ауыз қуыстарын зақымдайды. Мүйізді ірі қара малдың жыныс мүшелерін де қамтуы ықтимал. Ветеринар мамандар сарып ауруы аналыққа қарағанда, аталық мал  үшін аса  қауіпті дейді. Аурудың таралуына нақ осы аталық мал «еңбек сіңіреді» екен. Дәл осы ауру аталықтың кесірінен Ұялы ауылында сарыпқа шалдыққан мал көбейіп отыр. Бұрын-соңды сарып ауруы тіркелмеген қыстақта бұл дерт биыл  тіркеліпті. Мал иесі ауру себебін қорасы қоңсылас көршісінің малынан көріп отыр. Мал қожайынының бұл тұспалы жөнсіз емес дейді сала мамандары. Өйткені сарып аса жұқпалы ауру. Сарып болған малдың терісі қызарып, дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріледі. Дерт асқынғанда тері астына сасық ірің жиналады, айтқандай тұяғы түседі, сирақтың сіңірі зақымданады. Сарып бактериясы ауырған малдың ішек-қарын жолдарына өтіп, нәжіспен сыртқа шығады да сау малға жұғады. Лас қора, жайылым, суат арқылы әрі қарай тарала береді. Бактерия зақымданған теріге немесе кілегей  қабатына түссе, алғашында теріні зақымдап, кейіннен ішкі ағзаларға өтіп, бауыр, бүйрек, өкпе, жүрек, миды жарақаттайды. Ауырған мал іш тастағанда шуы түспейді. Қоздырғыш малдың несебі, сүті, жыныс мүшесінен аққан жалқыаяқ, іш тастаған малдың қағанағы, лас төсеніш, құрал-жабдық, т.б. заттар арқылы тарайды.

  • Өкінішке қарай, мал иелері өлі бұзаудан кесел келетінін ескермей жатады. Асылында іш тастағанда бірден сала мамандарына хабарлап, өлі төлді не өртеп, не көміп тастау шарт. Әйтсе де, санитарлық талаптарға селсоқ қарайтындар жоқ емес. Түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Десе де, тәмам ауру расталып, дертке малы жем болғанда барып, «өткенде іш тастап еді. Өзім де сарыппен ауырған шығар деп ойлағам» деген тұспалдарын айтып жатады. Ал төлді әдеттегіше артқы жаққа сүйреп тастайтын жайт жиі ұшырасады. Заты жыртқыш ит оны жеп, ауру жұқтыратынына көңіл бөлмейді. Сондай бейқамдық салдарынан биылғы жартыжылдықта екі итте сарып расталды. Олар бұл аурумен ауырмайды, ешқандай зардап шекпейді. Бірақ, ауру таратушы болады. Осынсымен қауіпті ғой, -дейді Алмабек Манарбекұлы. Оның айтуынша, бүгінде аудандағы иттерді толық тексерістен өткізе алмайды. Себебі берілген жоспар бойынша тек жартыжылдыққа 80 дана иттен сынама алуға міндетті. Ал ауданда 600-ге жуық қыстақ барын ескерсек, әрі әрқайсысында кем дегенде екі ит ұсталады деп есептесек, онда 1200 иттен қан алыну қажет-ті. Ол берілген 80 дана итпен салыстыруға да келмейді. Оны тізгіндемесе бұл  процесс біріне-бірі байланған шынжыр сынды жалғаса береді. Тиісінше аурулы мал саны да көбейе түсетіні айтпаса да түсінікті. Тері арқылы мал бағушы адамға, қойды қырқып жүрген қырықшыға, қозымен ойнап жүрген балақайға, суат маңындағы шаң-тозаңмен суарушы жанға. Аурулы малдың сүтімен, етімен де адамға жұға береді. Әсіресе, сүтте бруцелла қоздырғышы көп болады.

САРЫП АДАМҒА НЕСІМЕН ҚАУІПТІ?

Адамға сарып көбінесе ауру малдың сүтін қайнатпай ішуден, етін дұрыс пісірмей жегеннен жұғады. Тізе берсең, ауылдың барлығы бұл дертті жұқтырудың аз-ақ алдында ма дерсің? Жүн жуатын әже-апаларымыз, ет комбинаттарының жұмысшылары және ауру малды күтуші адамдар сарыппен жиі ауырады. Аурудың белгісі 1-3 аптада білінеді. Аламда да хайуандардағыдай дене ыстығы көтеріліп, қалтырау, әлсіздік пайда болады. Науқасты тер басып, басы ауырады, буыны мен бұлшық еттері сырқырап, жүйке және қантамырлар жүйесі зақымданып, кейде адамның психикасы да өзгеруі мүмкін. Ауруды дұрыс емдемесе, еңбекке жарамсыздыққа әкеледі, ал жүкті әйелдер сарыппен ауырса, түсік тастайды. Ауруға шалдыққан адам ауруханада емделеді.

Аудандық СЭС бөлім меңгерушісі Мөлдір Әбішеваның айтуынша, 2020 жылдың бес айында адамдар арасында аурушаңдылық тіркелмеді. Қазіргі таңда ауру малмен қарым-қатынаста болған адамдар саны – 158. Олардың барлығы да Р. Хеддельсон реакциясымен зертханада тексеріліп, теріс нәтиже берді.

2018 және 2019 жылдары  бір-бір адамнан анықталды. Екі науқас та ауруханада емделіп, талапқа сай диспансерлік есепке алынды. Айта кетелік ауырып шыққаннан кейін  емделушіге екі ай сайын зертханалық зерттеу жүргізіледі. Егер ол сарып салдарынан сауыққан болса. клиникалық-иммунологиялық хранизациялау белгілері болмаған жағдайда ауырған сәттен бастап екі жыл бойы бақылауда болады.

ОЛ ҮШІН НЕ ІСТЕМЕК КЕРЕК?

Негізінен сарып ірі қарада бұл дерт білінбей өтуі де мүмкін. Мұндайда оны тек арнайы зертханалық тексеріс анықтайды. Осы ретте мал дәрігерлері үй жануарларынан сынама алып, оны зертханаға тексеріске апарады. Мәселен, аудандағы 36 мал дәрігері үстіміздегі жартыжылдықта 47 мың ірі қарадан, 46150 ұсақ малдан сынамаға қан алу қажет болса, бүгінгі таңда 39000 ірі қара тексерістен өтіп, жоғарыда айтқанымыздай, оң нәтиже бергендері 517-ні құрап отыр. Ауылға таратып айтсақ, сарыптан Бисен (150 бас), Бөрлі (145), Орда (63) көш бастап тұр. Ең аз дегені Саралжыннан шығып отыр. Он бес бас малдан анықталыпты.

Ұсақ малдан сынама алу енді қолға алынып, қазір тексеріске тек 9 мың қой-ешкінің қанын тапсырылған. Айталық, ұсақ малда сарып анықталмады.  Малда бруцелла қоздырғышы табылса, мал иелеріне оны 15 тәулікте арнайы залалсыздандыру пункттеріне жеткізу нұсқамасы беріледі. Болмаса, тиісті жауапкершілікке тартылады.

Адам бұл аурудан айығады. Ал мал дәрігерлерінің осы кезге дейін оған қарсы қояр амалы жоқ. Бір ғана амал, ол малды тиісті орындарға тапсырып, етін залалсыздандырып, оны кәдеге жарату. Сарыптан құтылу үшін мемлекетіміз тек тегін сынама алып қана қоймайды, сонымен қатар мал иелерінің ауру малды тиісті орындарға апарып, сатып беру ісін де жолға қойған. Сату бағасы тым төмен деп айта алмаспыз.  Әр келі ет  1300 теңгеге бағалануда. Облысымызда тіркелген әрі бруцелла қоздырғышын жоюға қауқарлы арнайы құрылғылары бар 11 ет комбинатына тегін жеткізілетінін есепке алсақ, ол тіптен тиімді көрінеді. Алайда, оған да қарсылық білдірген жағдайлар бар. Орда ауылдық округінде 10 малынан сарып анықталған мал иесі оны жойып жібердім дес бермеуде екен. Бірақ тиісті құжаты жоқ. Мал иелеріне өздеріне тапсыруға рұқсат болғанымен, тиісті құжаттарын ветеринарлық станцияға тапсырулары қажет. Мал дер кезінде жойылмаса, мал иелеріне айыппұл салынады да малды жоюға мәжбүр болады. Осылай екі бөкейлік белгіленген уақытты өткізіп барып, тиісті пұлын төлеп, малын жойған. Малын жойды ғой. Бірақ, салдары қандай? Бейқамдықпен тек уақытты созып қана қоймай, аурудың аясын кеңейткені ақиқат.

Аудандық ветеринарлық станция қызметкерлері жыл басынан аула-ауланы аралап анықтаған мәліметке құлақ түрсек, ауданымызда бүгінде 73110 ірі қара, 80987 ұсақ мал, 18074 жылқы, 882 түйе бар. Тексеріске бөлінген қаражат аудандағы барлық малды қамтуға жеткіліксіз. Осы ретте мал иелері мал мен жанның саулығы үшін өздері сынама жүргізуге құқылы. Тек зерттеу нәтижесіне сенімсіздік білдіріп, қайта алдыртудың жөні жоқ дейді сала мамандары. Қазір сынама тәсілі өзгерді. Бұрын электронды бағдарлама арқылы болжам негізінде қорытынды шығарылса, қазір нақты қан құрамынан анықталады.

Аудандық ветеринариялық лаборатория басшысы Света Сатыбалдиева сол бұрынғы электронды бағдарлама аса тиімді дейді.

  • Қазіргі қан арқылы анықтау тәсілі ауруды әбден дендеп кеткеннен кейін анықтаса, ИФА диагностикасы арқылы ауру белгілері неғұрлым аз болған кезде-ақ, ауруды дөп басып танимыз. Ауру дендеп кеткенше анықтай алмасақ, бір бас малымыз кем дегенде 15-20 малға ауру тарады. Оның үстіне биылғы қыста мал қораға тұрмады. Ауру мал неғұрлым алыстап, неғұрлым көп малдың ортасында жайылса, соғұрлым ауруды таратты деген сөз. Соңғы үш айда 517 бастан сарып шықты. Негізі бұл дабыл қағатын көрсеткіш. Мұндай көрсеткіш былтырғы жылдық көрсеткішке жетеғабыл. Өткен жылы 639 бастан сарып шыққан еді,-дейді Света Иданқызы.

Бруцелла қоздырғышы ыстыққа төзімсіз ғылымнан белгілі. Осыны алға тартып, тұрғындарымыз өзімізге ет қыламыз, қайнатып азық етеміз дейтіндер де бар. Ал, ет дұрыс өңделмесе, одан да дертті болу қаупі жоғары. Сондықтан мамандар аурулы малды тиісті пункттерден залалсыздандырып, етін пайдалануға кеңес береді.

Мал өлсе, садақа дерміз. Жаннан қымбат емес, әрине. Бірақ, малдан, иттен жұққан ауру түн ұйқыңды бөліп, мазаңды ғана қашырмай, денсаулығыңа айтарлықтай нұқсан келтірерін естен шығармайық. Басты байлығымыздың бағасын білейік. Сау жүрудің өзі үлкен бақыт!

Раушан БАҚЫТОВА