14.05.2020, 17:39
Қараулар: 102
ОНЛАЙН-БАЙҚАУЛАРДЫҢ ОЗАТТАРЫ

ОНЛАЙН-БАЙҚАУЛАРДЫҢ ОЗАТТАРЫ

Жаһан жұртын әбігерге салған короновирус кесірінен көптеген дәстүрлі байқау шегеріліп,  жылдағыдай жарқырап өтпегені рас. Алайда, өнер десе ішер асын жерге қоятын жандардың демеуімен музыкалық сайыстар онлайн түрде өткізіле бастады. Солардың бірқатарына аудандық саз мектебінің шәкірттері де  сынға түсіп, жүлделі орын иеленді. Айта кетелік,  онлайн-байқаудың негізгі ережелеріне сәйкес әр қатысушы өз өнерін бейнекамераға түсіріп, ұйымдастырушыларға жолдаған болатын.

Хакім Абайдың 175 жылдығына арналған «Үкілі үміт» халықаралық өнер фестивалінде саз мектебінің өрендері Арсен Серіков,  Айзия Талапқызы, Әдемі Тайырқызының көрсеткен өнерлері  үздік танылып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Республикалық «Біз біргеміз» атты балалар мен жастар байқауында  «Аспапта орындау» аталымы бойынша Сұлтан Сансызбай  бас жүлдені иемденсе, Балайна Хамидолла, Назерке Маралова, Әдемі Тайырқызы І, Аңсарбек  Ғаділбеков ІІ орынды місе тұтты. Сондай-ақ, «Dara bala» халықаралық байқауында Назерке Маралова топ жарып, бас жүлдемен және қуантты. «Дарындар әлемі» халықаралық шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Musiс Art festival» онлайн фестивальінде  фортепиано жанрында Айым Хамидолла гран-при иегері атанса, Аянат Шынболатқызы, Сезім Хамидолла І, Адия Әбуова ІІ орынды қанжығасына байлады. «Балбөбек» тобының  өнерпаздары жүзден жүйрік шығып, І орыннан көрінсе, академиялық вокал аталымында  Аружан Бердібекова ІІ орын иеленді.

Сайыстардан сүрінбей өтіп, жұлдыздай жарқыраған өнерлі өрендердің жетекшілері Самал Рахымжанова, Гүлфия Ихсанова, Саида Әжіғалиевалар да талантты шәкірттерді тәрбиелегендері үшін алғыс хаттармен марапатталды.

Арайлым МАРАТҚЫЗЫ