14.05.2020, 17:31
Қараулар: 107
ТЕЛЕФОННАН ТАМАШАЛАНҒАН ҮШ КОНЦЕРТ

ТЕЛЕФОННАН ТАМАШАЛАНҒАН ҮШ КОНЦЕРТ

Төтенше жағдай енгізіліп, карантиндік іс-шаралар қолға алынғалы еліміздегі спорттық-мәдени шаралар да жаңаша бағытта өрби бастағаны белгілі. Әсіресе, өнер саласының қызметкерлері халықтың оқшаулану кезеңін тиімді әрі көңілді өткізулері үшін концерттік бағдарламаларын онлайн режимде ұсынуда. Аудандық демалыс орталығы ұжымы да үш онлайн кешті көрермендеріне тарту етті.

Халықтық «Нарын» ән-аспаптар ансамблінің сүймелдеуімен В.Добрынин, М.Магомаев, «Дос-Мұқасан»,» Мираж» т. б есімдері белгілі орындаушы, топтардың репертуарларынан әндерді Миллат Насыров, Ермек Жәрдемов, Рамазан Бәйбеков, Рауан Қажғалиев, Бұлан Әбілевтер шырқады. Әсіресе, Бұлан Әбіловтың орындауындағы «Синяя вечность» әні көпке ұнағаны сондай, қайталап айтып беруін өтінгендер көп болды. Күні кеше Жеңістің 75 жылдық мерекесіне арналған «Бейбіт күн жасасын әлемде» онлайн концертте соғыс тақырыбындағы қазақша, орысша әндерді аудандық аурухана, бөбекжай, туризм орталығы, саз мектебі т.б мекеме қызметкерлері әуелетсе, Ерлан Сертеков күмбірлетіп күй төкті, Махамбет  Қалыбаев жырдан шашу шашты. Сондай-ақ, өнерден құр алақан емес басқа да мекеме қызметкерлері онлайн шараға қатысып, халыққа рухани азық сыйлауға атсалысты.

Жоламан Сисенғалиев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

— Онлайн концерттер өнерпаздарымызды шығармашылық тұрғыдан дамыта түсуге сеп болды. Бұл біз үшін тың формат. Желі арқылы көрермендерімізге құрметіміз бен сүйіспеншілігімізді жеткізуге тырыстық. Саз мектебінің оқытушысы Самал Рахымжановаға ерекше алғысымды білдіремін. Жоспарлы шаралардан бөлек жеке өзі онлайн ән орындап шағын концерт өткізіп жүрді. Абайдың 175 жылдығына арналған ән шашуымыз да, «Өлең оқы» челленждерді де ауылдастарымыз қолдауда,- деп тұрғындардың белсенділігін атап өтті.

Карантин мерзімі аяқталғанша жергілікті өнерпаздарымыз әнсүйер ағайынды қуанта беретіні сөзсіз.

Нұрай ТАУБАЙ

Бөкей ордасы ауданы