14.05.2020, 11:18
Қараулар: 99
АРУАҚТАР ДҰҒАСЫЗ ҚАЛМАСА ЕКЕН

АРУАҚТАР ДҰҒАСЫЗ ҚАЛМАСА ЕКЕН

Біздің аудан Ұлы Отан соғысының табы қалған жер. Аудан аумағын бойлап өтетін теміржол фашисттердің басты нысанасы болды. Өйткені, біздің теміржол арқылы Сталинград майданына азық-түлік, киім-кешек пен медициналық құрал-жабдықтар толассыз жөнелтіліп жатты. Жау қоршауында қалған Сталинградтың беріспеуіне сол кездегі аудан тұрғындары да бір кісідей көмек көрсетті.

Сталинградқа жіберілген немесе сол майданнан жараланып, көшірілген кеңес әскері осы теміржол бойында ажал құшты.  Нақтырақ айтсақ, Сайқын ауылының батыс бетінен Шоңайға төрт-бес шақырымдағы  теміржол мен  грейдердің арасында көктен түскен бомбаның құрбаны болған.

Қаза болған жеріне көміле салынған жауынгер сүйектері кейін табылып, жерленіп те жатыр. Белгісіз жауынгерлер қаза тапқан осы жер елеусіз болған кезде сол маңнан өткен көлік аударылып, жол апаттары жиі орын алатын. Ол жерде бір емес, бірнеше сарбаздың сүйегі жатқанын кейін білдік қой. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші,  о дүниеге дұғасыз аттанған, жөндеп көмілген жандардың аруағы тыныштық таппаған шығар.

Уақыт өткен сайын Ұлы Жеңіске әр түрлі баға беретіндер көптеп шығуда. «Біздің соғыс емес» деушілер де бар. Не десек те, ел басына күн туған кезде сол ағаларымыз еш қамықпастан, шегінбестен, «Отан үшін» деп, «ұрпағымның болашағы үшін» деп қан кешіп, жауға қарсы соғысты.

Сондықтан да кез келген жауынгер біз үшін қаһарман. Оларға тағзым ету, ерлігін, отансүйгіштіктерін ұрпаққа үлгі ету еш уақытта маңызын жоғалтпайды. Осы мақсатта сарбаздар қаза тапқан жерге белгі орнатып, мектеп оқушыларын апарып, көрсетсек, ұлты, діні, ділі бөлек демей, дұға оқып, тағзым алаңы қылсақ, дұрыс болар ма еді?

Сатқанбай ҚУАНШАЛИЕВ,

Сайқын ауылы тұрғыны