14.05.2020, 11:13
Қараулар: 105
МАҚАШ ПРАВИТЕЛЬ – ҰЛЫҚТАУҒА ЛАЙЫҚ ТҰЛҒА

МАҚАШ ПРАВИТЕЛЬ – ҰЛЫҚТАУҒА ЛАЙЫҚ ТҰЛҒА

Бұрынғының көнекөз қариялары бастары қосылса, өткен тарихтан сөз қозғап, халық көкейінде жатталып қалған тұлғалар, билер мен шешендер, ақын-жыраулар, қара қазаққа жаққан әкімдер төңірегінде әңгімелейтін. Сол әңгімелердің шет жағасын біздер де ести қалдық. Бала болсақ та қызыға тыңдаушы едік. Ғибраты мол сол әңгімелердің баспа бетін көрмегеніне таңданатынбыз. Сөйтсек, «байларды, молданы қойдай қу қамшымен» деп кедейлерге ұран тастаған кеңестік насихат үстем тап өкілдерінің қай-қайсысын да жаман етіп көрсеткен екен ғой. Егемендікке қолымыз жетпегенде талай рухани қазынамыз ұмыт болып, өзіміз мәңгүрттеніп, ұлт болудан да қалуымыз кәдік-ау?! Тәуелсіздіктің таңы атқанына тәубе!

Қазақтың соңғы хандарының бірі Жәңгір ханды кеңестік идеологияның іске алғысыз қылып жамандап, бұқараға  тек жағымсыз жағынан көрсеткені белгілі. Сөйтсек, ол қазақ даласында алғаш мектеп, аурухана, дәріхана ашып, жастарды ғылым-білімге жетелеген. Ұлтымыздың тарихында архив ісін жасақтауды әкесі Бөкей қолға алса, Жәңгір музей ұйымдастырыпты. Осындай игі істердің арқасында Бөкей Ордасы  тұңғыштар отанына айналды. Осы ізгі қадамдарға, халқының көзін ашып, сауаттандыруға, отырықшы елге айналып, тұрақты кәсіппен айналысуына мол үлес қосқан,  өзі бастамашы болып, жол көрсеткен жандардың бірі – Мақаш (Мұхамбетжан) Бекмұхамбетов.

Мақаш 1830 жылы Ішкі Ордада, бұл күнде Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарасты жерде (кеңестік дәуірде ол «Коммунизм жолы» совхозы) дүниеге келген.  Әкесі Шолтыр Бекмұхамбетұлы шеркеш руының дәулетті адамдарының бірі болған.  Шежіреге жүгінсек, Шеркештен Аққұба, Бәтік атты екі ұл туады. Бәтіктен Қойыс, Жайық. Қойыстан Тоқтағұл, Қашқыншы, Сүйінші, Сақау, Еламан. Жайықтан Дербіс өрбиді. Дербіс төрт әйел алған. Біріншісінен Құлмас, Жамас, Нәзік. Екінші әйелі Қаракемпір атанған Зылихадан Тоқтар, Қошқар, Базар, үшінші әйелінен Сатай, Сатылған, ал төртінші әйелі Рахиладан Түрке туады. Түрке Мақаштың жетінші атасы.

Мақаштың анасы Қызылқұрт руында аты шыққан Жұбаныш бидің баласы Сәрет бидің қызы екен.  Алдымен өз ауылындағы молдадан сауат ашқан Мақаш 1841 жылдың желтоқсан айында Хан ордасында ашылған Жәңгір мектебінің алғашқы қабылданған 12 шәкірттің қатарынан табылады. Бұл 12 шәкірттің үлкені 22 жаста болса, кішілері Мақаш 11, Мұхамед-Салық  9 жаста екен. Мектепті 1845 жылы бітірген Мақаш Мұхамед-Салық Бабажанов, Зұлқарнай Нұралыханов және басқа сыныптастарымен бірге Орынбордағы Неплюев кадет корпусына оқуға түседі. 1952 жылы корпусты тәмамдаған соң Бөкей ордасындағы Уақытша кеңестің аудармашылық қызметке жіберіледі. Үш жылдан кейін Каспий жағалауындағы І, ІІ округтарға әкімдік қызметке жоғарылатылады. Кейін Мақаш жарты ғасырға жуық уақыт осы екі округте әкім болған. 1892-1897 жылдары Бөкей Ордасы Уақытша кеңесінде кеңесші болып,  есаул шенінде зейнеткерлікке шығады. 1904 жылы өмірден өтеді. 74 жыл ғұмыр кешкен Мақаш правительдің (біздің бала кезімізде ел ішінде оны осылай атайтын) қысқаша өмірбаяны осындай.

Ал ағартушылық саладағы, қарадан шыққан өнер адамдарына,  жалпы жұртқа қамқорлығы туралы әңгімелер ел ішінде көп-ақ. Ол «қолымда билігім бар» деп үстем таптың сойылын соқпаған. Орыс отаршылдардың озбырлықтарына да қарсы тұра білген. Марқұм жазушы Р.Отарбаевтың айтуынша, Каспий теңізі жағалауын заңсыз жалға алып, балық батағасын ашқан граф Юсуповтың тұрғылықты кедейлерге көрсеткен жәбір-жапасын әшкерелеген іс қағаздары Ресейдің Астрахан қаласындағы облыстық архивте бар көрінеді. («Қазақ әдебиеті»  газеті. 24 мамыр 1988ж.) Мақаш өзі басқарған екі округ батағалар аулаған балықты Еділ өзені бойындағы қалаларға апарып саттырып, ауылға қажетті өндірістік тауар мен азық-түлік алдырған. Осылайша қандастарын сауда-саттыққа үйретеді. Төменгі Новгород сынды орманды өлкеден ағаш алдыртып, қималы, өрнекті қарағай үйлер салдыртады, үй жиһаздарын жасатады. Сондай-ақ Каспийдің тартылып бара жатқаны хақында орыс патшасына әлденеше рет хат жазып, Нарын құмы мен Бөкей даласына азықтық шөптер мен бұталы ағаштар егу керектігін баяндап, қаражат пен арнайы білімді мамандар бөлуді сұрайды. Өтініші қанағаттандырылады. Соның нәтижесінде өзіне қатысты территорияның жер жағдайы, қоныстану ерекшеліктері көрсетілген карта жасаттырып, сол карта негізінде ру-руға бөліп жер бөліп, әр учаскенің табиғи жағдайына жауапты етіп арнаулы білімі бар мамандарды бекітеді. Тіпті сол кезеңде жерді нуландырып, құм көшкінімен күресетін арнаулы мекеме де болған көрінеді. Шөлейт жерлерге құм көшкінін болдырмау үшін қияқ, жиде, дүзгін, құба тал, жабайы алма ағаштары егілген. Бір сөзбен айтқанда, Мақаш Жәңгір хан қолға алған өркениетті істі әрі қарай жалғастырып, өзі басқарған округте ойдағыдай жүзеге асырған. Мектеп ашып, ауыл балаларын оқытқан. Ганюшкиндегі екі жылдық орыс-қазақ мектебін бітірген қазақ балалары кейін ұлтына адал қызмет етіп, ұлағатты ұстаз, білікті маман атаныпты.

Сол кезеңнің білімді, озық ойлы азаматтары сияқты М. Бекмұхамбетов те қолына қалам алып, мерзімдік басылымдарға мақалалар жолдап тұрған. Мақаш Астрахан өлкесін зерттеу жөніндегі Петров ғылыми қоғамының корреспондент мүшесі болып бес рет сайланған. Мақаштың Ішкі Бөкей ордасының сол кездегі болмыс-бітімі, яғни тұрмысы мен әлеуметтік жәйі, кәсіпшілігі, әдебиеті мен мәдениеті, салт-дәстүрі хақындағы көп мақаласы Астрахан,  Орынбор, Қазан, Санкт-Петербургтегі түрлі басылымда жарық көрсе, бірқатары кітаптарға енген. Кейіннен Қазақстанға танымал қоғам қайраткері С.Меңдешевтің жәрдемімен  «Жақсы үгіт» атты жеке жинағы 1908 жылы Қазандағы Каримовтер баспаханасынан басылып шықты.

Мақаш ел басқарып, талай дауға, айтыс-тартысқа араласып, әділ төрелік жасаған, бұйым жұртты аузына қаратқан шешен, өресі биік би болған. Ол туралы бұқара арасында аңызға бергісіз әңгімелер баршылық.

Кеңес дәуірі кезеңінің аяқталар тұсында Бөкей ордасы аудандық «Орда жұлдызы» газетінде Мақаш Бекмұхамбетов пен Талов қисымы әкімі Өтепқали Атаниязовтың Ресей патшасына киіз үйдің алтын макетін табыстағаны туралы көлемді мақала жарияланғаны есімде. Бұл әрекеті Мақаш «ақ патшаны ризалап, қазақтарды шоқындыру (христиан дініне зорлап кіргізу) райынан қайтару үшін» жасағандарын айтыпты. Халқының қамын ойлаған тұлғаның ісіне қалай риза болмассың.

Сөз соңында айтарым, Мақаш правитель (әкім) сияқты ұлтына адал қызмет еткендер ұмытылмауы керек. Бөкей Ордасына бір кісідей еңбегі сіңген Мақаш правительдің ең құрығанда аудан энцеклопедиясынан орын алмауы ұят нәрсе.  Мақаш та ұлықтауға лайық тұлға.

Есқайрат ӨТЕПҚАЛИЕВ,

зейнеткер,

Көктерек елді мекені,

Бисен ауылдық округі