14.05.2020, 11:06
Қараулар: 91
ЕКІНІҢ БІРІ ЕГЕ АЛАДЫ, БІРАҚ, БАҒБАН БОЛА АЛМАЙДЫ

ЕКІНІҢ БІРІ ЕГЕ АЛАДЫ, БІРАҚ, БАҒБАН БОЛА АЛМАЙДЫ

 

Мамыр – алуан түрлі көкөністердің дәні жерге себілетін ең берекелі айлардың бірі.  Бау-бақша ісінде тәжірибесі мол шаруалар күн райының қолайлылығы мен топырақтың жарамдылығына қарап-ақ егу жұмыстарын өз болжамдарына сәйкес жүргізе бастайды. Десе де мамандардың айтуынша күн әбден жылынып, жердің сызы қайтқан уақыт мамыр айының алғашқы он күндігі немесе орта тұсы деп белгілейді. Бақша егу жұмыстары маусымның алғашқы онкүндігіне дейін жалғасады екен. Сондықтан бау-бақшаның бабын білгендер бұл уақытта қамсыз жүрмейтіні анық.

Екінің бірі еге алады. Бірақ бағбан бола алмайды. Бағбан болу үшін ерекше төзімділік пен еңбекқорлық керек. Бұған қоса егетін жеміс, көкөнісің, болмаса тал-терегің туралы аз-маз болмаса, мәлімет білуің тағы қажет.

Осы орайда облыстық экологиялық-биологиялық орталықтың «Өсімдіктер әлемі» бөлімінің меңгерушісі Фиягүл Қауымбаевамен тілдесіп, осы тақырып төңірегінде сауалдарымызды қойған едік.

Маманның пікірінше, бағбан еңбегі өнімді болуы үшін егілетін көкөніс дәнінің сапасы, сорты, егу уақыты мен орны, яғни топырақтың жарамдылығы маңызды.  Өйткені, бау-бақша ісінде көкөністерді егудің өзіндік талаптары жоқ емес. Қияр егетін болсаңыз, мамырдың бірінші онкүндігінде тұқымын сеуіп бастауға ыңғайланыңыз. Күні бұрын дақылды отырғызатын оңтайлы орынды таңдап алу қажет. Қияр жылуды сүйеді. Тұқымы 15 градуста-ақ өсе бастайды.  Сорттары ерте және кешірек пісетін болып бөлінеді. Ерте пісетін қияр қатарларының арасы – 60-70 см, кешірек пісетін қияр қатары – 90 см-дей болуы тиіс. Шұңқыр тереңдігі  екі см-ден төмен түспеуі керек. Көктегенге дейін топырақты қопсытып, арамшөптен ұдайы тазартып отыру керек. Егу жұмысына кіріспес бұрын қиярдың дәнін 1% марганцовка ерітіндісімен өңдеп алған артық етпейді.  Көкөніс дәнінің сапасын анықтау үшін бір литр суға 50 грамм тұз сеуіп, тұзды ерітінді дайындаймыз. Тұқымды ерітіндіге саламыз, салмақты тұқым ыдыс түбіне шөгеді, ал сапасыз тұқым су бетіне қалқып шығады. Қияр өнімін жинау барысында көпшілік ортақ қателік жібереді. Піскен көкөністі пышақпен кесіп алудың орнына,  жұлып алады. Жұлқылап алу өсімдік сабағына зиянын тигізуі мүмкін, ал ол өз кезегінде өнім беруді азайтады.

Қызанақ – суды көп талап ететін өсімдік. Қызанақты екпес бұрын топырақты алдын ала қопсытып, қазып, торф, көң секілді тыңайтқыштармен араластырып аламыз. Дәндерін 3-5 данадан және  арасын 10-15 см  етіп тастау керек.   Дән жарып, көшет болып шыққанша екі күн сайын суарады. Көшет күйінде егілсе, күнделікті суару міндетті.

Сәбізді көшет түрінен гөрі, дәнінен еккен дұрыс. Өзге де көкөністер секілді алдын ала топырағын қопсытып, тыңайтқыштармен араластырып алу маңызды. Кей бағбандар сәбіз егетін учаскенің құнарлығын арттыру үшін қатарларға  +30,+40 градус жылы су құйып, бетін полиэтленмен жауып қояды. Сәбіз ірі әрі қанық түсті болуы үшін жиі суару керек.  Сәбіз үшін ең қауіпті зиянкес – сәбіз шыбыны. Әдеттегі химиялық қоспаларды қолданумен қатар, бұл көкөніс қатарына пияз не бұрыш еккен жөн. Олардың өткір иісі зиянкестерді жолатпайды.

Көкөністердің ішіндегі ең бір егуге қолайлы, әрі аса күтімді талап етпейтін, тез бой көтеретіні  – кәдімгі көк пияз. Жасыл пиязды өсіру үшін  негізі ретінде түйінді пияз алынады. Жерге екпес бұрын алдын ала суға салып қойып, түйінін  ылғалдандырса жеткілікті.

Сондай-ақ,  жылу сүйгіш әрі кез келген топырақта жақсы өсетін көкөністердің бірі – асқабақ. Асқабақ егілетін жер ылғалды, тыңайтқыштарға байытылуы керек.

Бағбанның жауы – арамшөп

Кез келген бау-бақша өсімдіктері, тал-теректердің  жауы арамшөптер екені сөзсіз.  Бұл тұрғыда да маман арамшөптермен күресудің бірнеше жолын айтып берді. 

  • Алдымен, егу, отырғызу жұмысы жүргізілетін учаскелерді дұрыстап қопсытып, арамшөп тамырларын жұлып алып тастау керек. Жеміс бергенше аққанат, калла секілді зиянкестер өсімдік жапырағымен қоректене бастайды. Бұл ретте аллатар, фентигура секілді химиялық қоспаларды қолдануға болады. Сондай-ақ, кәдімгі сабын суы да өңдеу қоспасы ретінде қолданылады. Әлбетте, бұл әдіс шағын бау-бақша иелеріне тиімді. Ал, үлкен учаскелерде химиялық гирбицидтерді қолдануға тура келеді. Өз тәжірибемнен бөлісер болсам, «Торнадо», «Ураган», «Отличник» гербицидерінің күші жойқын. Әрқайсысының дайындау нұсқаулығы бар. Дайын қоспаны арамшөптерге шашып тастаймыз да екі-үш күндей күтеміз. Осы аралықта арамшөптер сарғайып, тамырлары әлсіреп, қурай бастайды. Тіпті, қолмен жұлып алып тастау өте оңай.  Үшінші әдісі, «огротец» дейтін су, жарық өткізбейтін материалды топырақтың  беткі қабатына  жауып тастау арқылы арамшөптердің қаулап өсуінің алдын аламыз. Өздеріңізге де мәлім, өсімдіктерге жеткілікті түрде жарық түспесе, су бармаса, өсу процесі баяулайды. Фанера, жеңіл тақтайлар, басқа да құрылыс тақтайшаларын жинап, топырақтың беткі қабатын нығыздап жауып тастауға болады. Тек саңылау болмауын қадағалау керек,- деп кеңестермен бөлісті.

Гүлге көлдей көңіл мен ерекше бап керек

Бау-бақшамыздың ажарын  хош иісі аңқыған түрлі түсті гүлдер де көркейте түседі емес пе? Әсіресе, раушан гүлдерін өсіруге қызығушылық танытатындар көп. Маманның сөзінен бұл өсімдікті де өсірудің өзіндік жолдары барын түсіндік. «Біздің аймақта «парковая роза», «флорибунда» деген раушан  гүлдерінің сорты кең тараған.  Раушан гүлдерін егерде шұңқырын дұрыстап дайындап аламыз. Тереңдігі 50-60 см кем болмаған жөн.  Әсіресе, гүлдің тамырына зақым келмеуі тиіс. Тамыр мойны топырақтың астыңғы қабатында қалуы тиіс. Егер гүл тамыры шұңқырдың беткі қабатына шығып кетсе, өсуі нашарлайды. Қарашірік, көң секілді тыңайтқыштарды араластырудың пайдасы мол. Бір жақсысы, раушан кез келген топыраққа бейімделеді. Алайда, тамырының құрғап қалмауын үнемі қадағалау керек.  Сондай-ақ, мыңжапырақ, қоңырау гүл, қызғалдақ, барқыт гүлдерін де топырақ жылыған соң тұқымынан өсірген тиімді, әрі бұл гүлдер құмды жерлерде жақсы бой көтереді. 

Мәуелі ағаш – аула  сәні

Осы ретте тал-теректерді отырғызу, күтіп-баптау турасында да маманның берген кеңестерін бөлісіп қоялық. Көшеттерді отырғызу маусымы көктемнің алғашқы айларында басталып кетсе де оқырмандарымыз керегін алар деген сенімдеміз. Негізі тал-теректерді отырғызу  екі маусымда, көктемде және күз айларында жүргізіледі.

–Әдетте жас көшет, жеміс ағаштарын ерте көктемде, шамамен наурыздың 15-нен соң отырғызуды бастаймыз. Өйткені, осы уақытта жер-ана жаңарып, топырағы құнарланып, нәрлі болады. Ауа райы да мың құбылып тұрады ғой, сондықтан егу-отырғызу процестері кейде күн райына да байланысты кешіктірілуі мүмкін. Көшетті аларда тамырына мән беру керек, неғұрлым сапалы, жарамды болса, соғұрлым бой көтеруі де тез болмақ.  Күз мезгілінде қазан айының 10-на дейін тал-теректер отырғызылады. Күз айында өркендердің түбіндегі топырақ ашылып, аналық өсімдіктен айырылады. Егер өркендер күзге дейін тамырланып үлгермесе, көктемге қалдыруға болады. Ал, көктемде өркендерді айыруды кешіктіруге болмайды. Өйткені, аналық өсімдіктер әлсірейді, ал ауыстырып отырғызған өркендер нашар өседі. Жас көшетті отырғызғаннан кейін төбе бүршігін қиып тастайды,  бұны жасамаса өсімдік бойлап өседі де тамырға күш түспейді,- дейді Фиягүл Кубинкызы.

Отырғызу үшін биіктігі 1,2-1,5 м болатын  2-3 жылдық жас ағашты таңдаған жөн. Жас көшеттің жерсінуі көпжылдық өсімдікке қарағанда анағұрлым жоғары болады.

Ағашты отырғызбас бұрын арнайы учаскені, яғни топырақты алдын ала дайындап алудың маңызы зор.  Біздің өңірдің топырағы құмды, сазды, кейде сортаң болып келетіндіктен өсімдіктерді де климатқа сай еккен ыңғайлы. Әсіресе, құмды топырақ  сазға қарағанда өте жеңіл, ылғалды аз мөлшерде ұстайды, сәйкесінше қоректік заттарды да аз сіңіреді екен. Біздің жаққа қылқан жапырақты ағаш, қарағай, арша, бал қарағай, сирень,  мойыл, қарақат, крыжовник, алма, қараөрік, секілді көп жылдық теректер жақсы бейімделеді.  Көп жағдайда көшеттер бой көтермей, бірнеше күннен соң солып, қурап жатады. Бұл дегеніміз көшеттің тамырына жеткілікті түрде ылғалдың бармай, тамырының құрғап кеткенін аңғартады. Сондықтан, жер учаскесін  таңдап алған кезде жердің бедеріне, өсімдік атаулының ашық желге ұшырамауына, жер асты ылғалының болуына ерекше көңіл бөлген дұрыс. Тағы бір ескеретін жайт, жеміс ағаштарын  дұрыс орналастыру қажет. Өйткені, ауа райының қолайсыз жағдайына төзімді болуы, егілген ағаштардың көп жасауы, жемісті үздіксіз беріп тұруы ағаштардың дұрыс орналасуына да байланысты.

Фиягүл Қубинқызының айтуынша ағаш тамыры ашық және жабық күйінде болады. Тамыры ашық жайылған ағашты уақыт созбай тезірек еккен дұрыс. Әйтпесе,  тамыры құрғап, тіршілік ету қабілеті азаяды.

Шұңқыр тереңдігі 60-70 см, ені  де 60-70 см шамасында болуы керек. Одан терең отырғызылған ағаш нашар өседі, өйткені, тамыр жүйесіне ауа жеткіліксіз барады. Әлбетте, шұңқырдың тереңдігі әр аймақтың климатына сәйкес қазылады. Топырақты құнарландыру үшін қарашірік, саз, торф, гумус секілді тыңайтқыштарды араластырады. Биік теректердің арасы 4-5 метр, жеміс ағаштарының арасы 3-4 метр, ергежейлі теректердің арасы 0,5-1 метр болады.

Суарудың да өз салты бар

Көшет отырғыздық, шаруамыз осымен тәмам деуге келмейді.  Әр көшеттің көктеп, саялы да мәуелі ағашқа айналуы үшін де үлкен бап керек. Күтім жасаудың  ең маңызды процесі – суару екендігі баршаға аян. Алайда, су құйып, ылғалдандырудың да өзіндік реті бар. Өсімдік атаулыны тал түсте суаруға мүлдем болмайды. Таңертең немесе кеште суарған дұрыс. Түс мезгілінде суарылса  тамырдың тез қурауына әкеліп соғады. Егер жауын-шашын көп мөлшерде түспесе аптасына 3 рет суарған жеткілікті дейді. Егер ағашты суарғаннан соң құйылған су төменге қарай сіңбей, беткі қабатына жиналатын болса топырақ сазға айналып, суды өткізбейді. Сондықтан қиыршық тастар, ұсақ тастар, керамзит, басқа да түйіршікті материалдарды айналасына төгіп тастаған жөн. Әдетте дренажды қабат, яғни тасты-қиыршықты тастар  шашақты тамыр жүйесі бар өсімдіктерге,  мәселен алма ағашының түбіне төселеді.

Облыстық экологиялық орталықтың маманы Фиягүл апайымыздың кеңестері оқырмандарымыздың, әсіресе, бау-бақша ісіне немқұрайлы қарамайтын жандардың кәдесіне жарайды деген сенімдеміз. Айналамыз жасыл желекке оранса қандай жақсы?! «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей, ауламызды гүлдендіріп, ағаш егіп, игілікті істерден қалыс қалмайық.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ