14.05.2020, 10:54
Қараулар: 93
КҮЙШІ СЕЙТЕКТІҢ ШЕНДІ ҰРПАҒЫ

КҮЙШІ СЕЙТЕКТІҢ ШЕНДІ ҰРПАҒЫ

Бөкей өңірінің әйгілі күйшісі Сейтектің немересі Мұқас Сейтеков1921 жылдың 25 желтоқсанында Сайқын ауылдық кеңесіне қарасты Шоңай жерінде дүниеге келген. Ол – күйшінің  Есқайыр атты дәрігер баласынан туған ұл.

Мұқас Сейтеков Ұлы Отан соғысы басталардан он күн бұрын әскери міндетін өтеуге аттанған еді. Отан алдындағы парызын өтеуге аттанған  бозбала Украина майданына топ ете түсті. Оңтүстік майданның 45 -атқыштар бригадасы сапында басталған жорық жолы кейін  Азов теңізінің іргесіндегі  Условиядан – Донецк – Харьков – Брянск — Новгород – Санкт-Петербург – Псков бағытындағы ұрыстарда жалғасты. Ол – Ұлы  шайқастың соңғы нүктесін Прагада қойған азаттық солдаты. Осы жорық жолдарында қатардағы жауынгерден аға сержант болып, бөлімше басқарған М.Сейтеков 1943 жылдың 24-25 желтоқсанындағы шайқаста асқан ержүректік пен батылдық көрсеткені үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен (20.01.1944ж) марапатталады. Сонымен қатар, ОБД Мемориал сайтындағы мына бір құжатқа көз жүгіртсек, онда ІV атқыштар ротасының старшинасы Мұқас Есқайырұлы 1945 жылдың 20 сәуірінде Мерцшеферен селосы үшін болған ұрыста жаудың екі солдатының көзін жойып, бөлімшесімен жаудың 14 солдатын тұтқынға түсіргені үшін «Жауынгерлік қызметі үшін» медалімен марапатталғаны баяндалады. Жеңіс сарбазы мұнан басқа «Германияны жеңгені үшін» (09.05.1945), «Праганы азат еткені үшін» (09.06.1945) медальдарының иегері.

Соғыстан кейін әскери саланы таңдаған ол Мәскеудегі  әскери-саяси училищеде оқып, Сібірде Вологдада жұмыс істейді. Әскери қызметте капитан, майор дәрежесіне жеткен М.Сейтеков «Жауынгерлік қызметі үшін» медалімен және «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Мұқас Есқайырұлы отан қорғаушыларды тәрбиелеуде, тыныштық күзетінде жырақта жүрсе де уақыт тауып, сұрапыл жылдардағы жүрген жерлерінде болып, оның бейбіт күнін көріп, майдандас-қаруластарымен байланыста болып, кездесіп тұрған.  Ол Мелитополь қаласының «Құрметті азаматы» атанған. Туған жері Шоңайда да көп жыл тұрады. Әскери қызметтен доғарысқа шыққан соң Орал қаласына көшіп, онда ДОСААФ-та, облыстық әскери комиссариатта патриоттық  тәрбие беру саласын басқарады. Облыстық халықтық білім беру бөлімінде орта мектептерде жүргізілетін «Алғашқы әскери даярлық» пәні сабақтарын қарайтын нұсқаушысы болып істейді. Осы орайда, М.Сейтековтің көзін көрген, онымен қызметтес болған ауылымыздың ардагер ұстазы, зейнеткер Береген Қожағалиұлы: «Ол кісі облыстағы барлық типтегі мектепте рухты, ерік-жігерлі, отаншыл, денсаулығы шыныққан ұрпақ тәрбиелеуді басты қағидат қып ұстанды. Мектептерде тек «Алғашқы әскери даярлық» сабағында ғана емес, оның сыртында балалардың жас ерекшелігін ескере отырып, арнайы патриоттық оқу-жаттығулар,  іс-шаралардың жүруін талап етті. Ол үшін оқушыларға арналған патриоттық тақырыптағы көрнекіліктер болуын, кездесулер, сенбіліктер, танымдық ойындар, спорттық эстафеталар, т.б.шаралар жергілікті мектептен бастап өткізіліп, аудан, облыс көлемінде слеттер, жарыстар ұйымдастырылды. Аталған шаралардың мазмұн-мақсатына лайық өткізілуін бағалаған сарапшылар арасында Мұқас Есқайырұлы да болды. Осындай шараларда Орданың мектебі де жақсы нәтиже көрсетті…»-дейді.

І дәрежелі Отан соғысы орденінің иегері М.Сейтеков  әр дәйім Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қамқор болған. Олардың хал-жайын біліп, туындаған мәселелері болса, оны шешу жолында тиісті өкілетті органдарға хабарлап, байланыста болуды назарда ұстаған. Ардагерлердің Отан қорғаудағы өмірін, ерлігін дәріптеуге зор үлес қосқан.

М.Сейтеков туған жерге қызмет бабымен де, арнайы шақыртумен де арқылы да қонақ боп та келіп, жиі келіп, елдің қошеметіне бөленіп жүруші еді. 1981 жылы Ордада өткізілген атасы Сейтектің 120 жылдығына арналған кездесудің құрметті қонағы болған Мұқас Есқайырұлына  жерлестері  күйші рухына деген құрметпен көлік тарту еткен. Қанда бар қасиет Мұқас Сейтековті де құр қалдырмаған. Ол домбырада жақсы ойнаған. Оның домбырасы бұл күнде облыс орталығындағы Жәңгір хан атындағы агроуниверситетіндегі музейде тұр.

Мұқас Сейтеков атасы Сейтектің домбырасын Алматыдағы Орталық музейге тапсырған. Сондай-ақ, ол облыстық өлкетану музейіне және Орда музейіне атасы Сейтек пен әкесі Есқайыр туралы мәліметтер қалдырып, музей қорына үлес қосты. М.Сейтеков танымал суретші Сәкен Ғұмаровпен ұзақ жыл көрші тұрған. 1986 жылдың қоңыр күзінде жүрек талмасынан Мұқас Есқайырұлы дүниеден өткенде бір-бірімен тек көршілік емес, рухани қарым-қатынаста болған С.Ғұмаров жалғыз қалғандай қатты қапаланған екен.

М.Сейтековтің жұбайы Лидия Сейтекова Орал қаласында қызы Галинамен тұрады. Ұлдары: Вячеслав, Владимир Ресей Федерациясының Самара қаласында. Вячеслав — ірі кәсіпкер. Владимир – Самараның Заволжск энергокомпаниясының бас энергетигі. 2015 жылғы мәлімет бойынша Вячеславтан — Олег, одан – Дмитрий тарайды. Владимирдің бір қызы бар.

Ер жүрек, ерен күйшінің ұрпағы ерлікпен ел қорғап, тектінің жалғасы екенін осылайша танытып кетті.

Гүлжиян САПАРҒАЛИЕВА,

облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы қызметкері