14.05.2020, 10:00
Қараулар: 76
ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ — ИГІ ІСТЕР

ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ — ИГІ ІСТЕР

Ауданда Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай бірқатар шаралар өтті. Толарсақтан саз, тобықтан қан кешіп, Отанын қорғаған аға буын ерлігіне бірнеше нысан ашылды.

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов және аудандық мәслихат хашысы Ерболат Таңатов Мұратсай ауылына арнайы барып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты.

Аталмыш ескерткіш А. Құсайынов атындағы мектебінің жанында орналасқан. Ал ескерткішті  тарту еткен осы мектептің 2001 жылғы түлектері.

Салтанатты шара ашылу барысында сөз алған Нұрлан Сағынтайұлы  барша мұратсайлықты ел тарихында қанмен жазылған Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап, Отанымызға ашық аспан, елімізге тыныштық,  азаматтарымызға денсаулық тілеп, А.Құсайынов мектебінің түлектеріне алғысын білдірді.

Ескерткішті ашу рәсімі  аудан әкімі мен ауыл ақсақалы Каспи Жақатовқа ұсынылды.

Бұл ескерткішті тұрғызу жұмысы мектеп түлектеріне 1,5 млн теңгеге түскен екен. Бұл  сомаға  тек ескерткіш қана емес, нысан жанынан тынымбақ та тұрғызылды.

9 мамырда мерекелік шаралар легі  Қару аманаты саябағынан бастау алды. Ұлы Отан соғысы тарихынан сыр шерткен шағын композициямен басталған бұл шара «Қаһарман аудан» белгісінің салтанатты ашылуымен жалғасты. Құрмет белгісінің салтанатты ашу рәсімі тыл ардагері, Социалисттік Еңбек ері Ескендір Есімов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманбай Машотовқа тапсырылды.

– Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандары соғыс табы қалған, белгісіз жауынгерлер зираты бар, Ұлы Жеңіс тарихына тылдағы еңбегімен үлес қосқан бірден бір аумақ. Бұл аумақ жау бомбасының астында қалып, фашисттер басып алған түрлі елден жер ауып келген түрлі ұлтқа пана болды. Қан құйлы майдан ретінде тарихтағы орны бөлек Сталинградты азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз еткен бірден бір тыл болды. Нақ осы аудандардан бірнеше мәрте танк колоннасына деп қомақты қаржы да жиналып, жіберілді. Сондықтан қос ауданға да «Қаһарман аудан» деп белгі орнатуымыз әбден орынды. 75 жылдық мерейтойда бұл маңызды тарту деп білемін,-деді өз сөзінде аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов.

Бұдан соң үнсіздік минуты жарияланып, батырлар рухына тағзым етілді. Ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды.

Аталмыш белгіні орнату жұмысына Нұр-Сұлтан қаласындағы «ҚазАртГранит» ЖШС-і жауапты болды.

Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында іске асқан игі істің бірі — көне су мұнарасын қалпына келтіру жұмысы болды. Іргетасы 1905 жылы қаланған көне ғимарат екі бірдей соғыстың куәсі боп, стратегиялық нысанды көздеген жау ұшағының нысанасы болды. Ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, соғыс тақырыбындағы экспозициялар қойылды. Бұйыртса, ашық аспан астындағы мұражайға айналмақ.

Бұл жұмысқа екі миллионға жуық қаржы жұмсалды.

Еркебұлан РАХМЕТОЛЛА