9.05.2020, 12:53
Қараулар: 114
БАЛАЛАРЫ СОҒЫСТЫҢ ­ ­­- ҚАҺАРМАНДАР, ТАҒДЫР ДЕГЕН МАЙДАННАН ЖЕҢІЛМЕГЕН

БАЛАЛАРЫ СОҒЫСТЫҢ ­ ­­- ҚАҺАРМАНДАР, ТАҒДЫР ДЕГЕН МАЙДАННАН ЖЕҢІЛМЕГЕН

 

Еске түссе, ертектейін сол соғыс,

Балалық шақ мұңаяды күрсініп.

Әкесіне медеу болған балалық,

Анасына демеу болған балалық.

Ізгілікке желеу болған балалық,

Ер мінезге егеу болған балалық.

Жөргегінен жақсылыққа ұмтылып,

Еңбегімен елеу болған балалық.

Соқа жегіп, дән бастырған балалық,

Қарт қуатын жалғастырған балалық.

Адалдықты жолдас қылған балалық,

Туған жерге оралмаған аяулы

Әке жолын жалғастырған балалық.

Сұм соғыс басталған кезде тал шыбықты ат қып мінген балалар бірер күнде ойындарын ұмытып, майданға аттанған әкелерінің орнына шаруашылық тізгінін ұстап қалды.

Мал бақты. Егін жыртты. Қуыршақтың шашын өретін бүлдіршін қыздың нәзік саусағы майысып, майдандағы әкеге деп шұлық тоқыды. Қара танығандары хат тасып, қара қағаз есігін қағып, қан жылаған аналардың жоқтауын естіп, жүректері қан жылап, қатайды.

Ұлы Жеңісте балалығын соғыс ұрлаған ұрпақтың да мол үлесі бар. Жыл санап, бүгінде сексеннің ар жақ, бері жағындағы сол кездегі соғыс балаларының қатары сиреп келеді.

Мейрам қарсаңында соғыс балаларын да сөзге тартық. Естеліктерін тыңдадық.

Мұратсайлық Қабылхан Биарыстанов:

­­- Мен соғыс басталғанда не бары төрт жаста едім. 1942 жылдары есім кіріп, үйдегілердің «барып кел, алып келдерін» түсіне бастаған кезім. Сол жылдың мамырында біздің үйдегі үш ғайынды майданға аттанды.  1900 жылы туған әкемнің үлкен ағасы Сұлтан Биарыстанов, 1904 жылғы әкем Ебін Биарыстанов пен әкемнің 1906 жылғы бауыры Шала жедел-ғабыл соғысқа аттанып кете барды.

Алғашық кеңшарынан сексен азамат соғысқа алынған екен. Осы азаматтардың бәрі де кеңшарда түрлі қызмет атқарған, үйлі-баранды адамдар еді. Азаматтардың қай-қайсысы да соғыс тәсілдері түгілі, мылтық ұстауды да білмейтін  еді. Арттарында екі-үштен жас балалары қалды. Бұл азаматтарды Камышты қаласы арқылы тікелей Сталинград майданына апарып кіргізген екен.

Ауылда тек қана бала-шаға, қатын-қалаш пен шал-шауқан қалды. Әкем соғысқа дейін сиыр фермасында бас меңгеруші болды да, анам Ғайша сауыншы болды. Сол уақытта сауыншылар тек үш мезгіл ғана сиыр сауып қоймайды, күндіз сол сиырды бағып, кеште күзететін. Ал, балалар бұзау бағатын. Жаудың иек астына жақын келуіне байланысты сиырды айдап, Әйшім құмына көштік. Біз Ордаға 15-20шақырым жерде тұрдық.

Неміс ұшақтары шығысқа қарай біздің үстімізбен күндіз-түні ұшатын.  Өте биік ұшатын-ды. Жау ұшағының дауысы да бөлек еді-ау. Алыстан ұшып келе жатқанда дауысынан танып, бас сауғалайтынбыз,-деп еске алады алыс қалған сол күндерді.

Кейіпкеріміз осылайша, еңбекке ерте араласыпты. Бұзау бағыпты.

  • Бұзау бағу да жас бала үшін аса бір жауапты жұмыс еді. Фермада бес-алты сауыншы болды. Әр сауыншыда 15-20 сиырдан. Балалар үш-төрттен кезектесіп, бұзау бағамыз. Ол кезде қасқыр да көп болатын. Бастысы, бұзаудан бір елі қалмай, уақытысында ауылға айдап келетінбіз. 1943 жылы қыстан бастап ауылда азық-түлік мәселесі қиындады. Астық жоқ. Біз сиыр фермасының балалары Зеңгі баба түлегінің арқасында аман қалдық. Сиырдың сүті мен айранын талғажу қылдық. Оны да анамыз сырт көзден тығып беретін. Жаз шыға бес-алты шақырым жердегі пішеншілерге қос өгізбен жүз литрлік ағаш бидонмен айран таситынмын. Олар мені мақтап, басқа жұмысқа жібермеді.

1944 жылдан бастап түйемен ферма сиырын бақтым. Ол кезде сағат жоқ, күннің шығуын, көлеңкенің түсуін бағдар ғып алатынбыз. Күн шықпай тұрып, сиырларды алдыма салып, ауылдан шығатын едім. Түске таман құдыққа суға айдап келемін. Екі сауыншы құдықтан су тартып, сиыр суарады. Суға қанған сиырды саууға апарамын.  Сауыншылар сиыр сауады, балалар бұзауды қосып, идіріп, қайта тартамыз,-дейді атамыз.

Қабылхан атаның әкесі Ебін 1943 жылдың аяғында ауыр жараланып, елге оралды. Екі қолында екі балдақ. Сталинград майданында өкпесі мен аяғынан жарақат алып, емделіп, сапқа қайта қосылған екен. Кейін Курск доғасындағы қан құйлы қырғында ауыр жараланып, соғысты жалғастыруға жарамсыз танылған. Өзімен бірге кеткен қос бауыры Сұлтан мен Шала сол Сталинград майданында қаза тауыпты.

Бұл әулеттегі майдан көргендер тек мұнымен шектелмейді.  Кейіпкеріміздің әкесінің 1910 жылғы бауыры Ғасыр да соғысқа қатысты. 1943 жылдың жазында алынып, Сталинград, Орел, Курск доғасына дейін барып, взвод командирі болған. 1944 аяғынан жараланып, аға лейтенант шенімен елге оралды. 1917 жылғы бауыры Қабылқадыр Биарыстанов 1939 жылы әскери борышын өтеп, Латвияға дейін барған еді. Сол жерден соғысқа алынады. Ол да Сталинград қоршауында болып, одан шығып, Беларуссияға аттанған. Сол жерде көрер жарығы тәмам болған екен.

— Соғыстан бұрын туған ұрпақ балалық шақтың не екенін білмей өстік. Бал дәуреннің дәмін татқанымыз жоқ. Аяққа тұрғанымыз бұзаудың соңында, ат үстінде отыра алғанымыз мал қайыруға жарап, еңбекке ерте араластық. Әлди емес жоқтау жадымызда жаңғырып қалды десек болады. Менің замандастарым  осы аштық, ауыр жұмыстың салдарына ерте көз жұмды. Аллаға мың да бір шүкіршілік, бүгінде ұрпақ қызығын көріп отырған қариямын. Ұрпағыма біз өткен өмір жолын сабақ болсын деп үнемі айтып отырамын. Тәуелсіздікке жеткенге дейін ашаршылықты, конфескация мен репрессияны, соғысты көрдік. Бүгінгі күннің иелері осы азат күннің қандай құрбандықпен келгенін білсе екен деймін. Ұмытуға болмайтын ұлы құрбандық…-дейді Қабылхан Биарыстанов атамыз.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ