9.05.2020, 12:40
Қараулар: 88
МЕН МАЙДАНГЕР ҰРПАҒЫМЫН

МЕН МАЙДАНГЕР ҰРПАҒЫМЫН

Халық есінде қалған зұламат жылдардың бірі- Ұлы Отан соғысы.

Әкемнің айтуынша, төрт жылға созылған екінші дүниежүзілік соғысқа ауылымыздан бірнеше ер азаматтар аттанған. Бірақ көбі соғыста шейіт болып, ауылға ат төбеліндей ғана жауынгерлер оралыпты

Дүйсенғали Мұқашев, Елемес Жұмабаев, Ислам Асанғалиев, Ишан Дүйсенғалиев аталарымыз сұрапыл соғыстан аман келіп, ауылдың құрметіне бөленген. Ал сол соғыстан оралмай, жас өмірін елі, жері, болашақ ұрпағы үшін қыршыннан қиған батыр бабаларымыз қаншама? Олардың ерліктерін ұмыту мүмкін емес.

Жеңіс мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысына қатысқан батыр аталарымыздың есімдерін есте сақтау үшін ауылда бірнеше игілікті шаралар өтеді. «Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды» тақырыбында өткен айлық кезінде мен де

Ата, сізге арналады өлеңім,

Ақын болсам, төгер едім жыр кенін.

Ұлы Отан соғысында қаймықпай,

Жауға қарсы қаруыңды сермедің.

Ерлігіңді аңыз етіп айтады ел,

Ұмытпайды есіміңді туған жер.

Үлгі етемін, батыр ата, өзіңді,

Еске сақтап, айтқан өсиет сөзіңді,- деп атама арнаған өлеңімді оқыдым.

Менің атам Аманғали Оразғұлов да Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан. Украина майданында үш жыл болып, жан аямай шайқасып, ерлік көрсеткен. Төрт рет жараланып, госпитальда емделген. Соғыс аяқталғанда елге жеңіспен оралған.

Әкем атамның өмірбаянын маған жиі айтып отырады. Оның өнегелі өмірін үлгі етеді.  Иә, мен Аманғали атамды көрмедім. Кеудесі орден-медальға толы әскери киімдегі атамның суретіне қараған сайын, бойымды мақтаныш сезімі билейді. Өйткені, мен – батыр ата ұрпағымын. Ата-анамның айтуынша, атам тек соғыста ғана ерлік көрсетпеген. Елге оралғаннан кейін де басшылық қызметтер атқарып, ауыл адамдарын еңбекке жұмылдыра білген. Соғыстан кейін тоқтап қалған шаруашылықтарды қолға алып, ауылдың жағдайын жақсартуға зор үлес қосқан. Сондықтан ауылдан шыққан еңбек ардагерлерін де қазіргі кездің батырлары қатарына қосқым келеді.

Ұлы Отан соғысына, Ауған соғысына қатысқан батыр аталарымыздың суреттері, тұтынған бұйымдары мектеп мұражайында сақталулы тұр.

Туған өлкемізден шыққан батырлар есімі есімізде мәңгі сақталары сөзсіз.

Нұр-Мұхаммед АМАНҒАЛИ,

Ш.Жексенбаев мектеп оқушысы,

Ұялы ауылы