9.05.2020, 11:44
Қараулар: 101
«ОТАНДЫ ҚОРҒАУ ДЕГЕН МАМАНДЫҚ БАР»

«ОТАНДЫ ҚОРҒАУ ДЕГЕН МАМАНДЫҚ БАР»

Сыныптасым Винирдің аватарындағы осы жазу өзгеріссіз тұрады. Өйткені, оның мамандығы, борышы мен мақсаты да осы. Мектеп кезіндегі анкета деп аталатын қалың дәптердегі «Сенің болашақ мамандығың» деген тұсқа түрліше жазған едік. Баламыз ғой, біріміз заңгер, біріміз ұшқыш, тағы да басқа мамандықтарды тізетін едік. Көбі мұғалім болуды көздегенмен, арамызда стюардесса болғысы келетіндер бар еді. Ол күндер артта қалды. 20 жыл өте шықты. Бұл уақыт біреуге көп, біреуге аз көрінер, Десек те қазір 2000 жылы Мәншүк Мәметова атындағы орта мектептен түлеп ұшқан 11 «г» сыныбынан кәсіби спортшы да, прокурор да, заңгер де, мемлекеттік қызметкер мен мұғалім де, басқасы да шықты. Абай атамыз айтқандай бүгінде бәрі өз тетіктерін тауып, кірпіш болып қаланған. Тіпті іргетасқа айналып келеді десек артық болмас. Оны ең алдымен Отан қорғауды өздеріне парыз санаған құрдастарыма қарап айтар едім.

Үнемі жымиып жүретіп Винир да солардың қатарында. Бала кезден  ашуланған жанға басу айтып, ренжіскендердің арасында татулық көпірін орнатып жүретін Винир қазір де бейбітшілік үшін қызмет етуде. Біз оны жай әншейін Винир деп атағанмен, ол әскери қызмет пен қауіпсіздік магистрі, подполковник Өтеев Винир Зауырұлы. Шекараның шебінде өскен ауыл баласы 2000 жылдың жас түлегі мектеп бітірсімен Петропавл қаласындағы жоғары әскери училищеге тартып тұрды. Мамандықты да өз болмысына жақынын таңдады. Бес жылда курсант Өтеев «әскери педагог-психолог» атанды. Яғни, ол әскери қызметтің көпшілікке беймәлім қыр-сырын тануға, қиындықтарымен күресуге бет бұрды. Қарапайым халықта еңбек жолы мамандықты алған соң басталса, әскерилердің қызметі оқу орынға түскеннен есептеледі. Осылайша училищеден соң Винир тура он жылын ұлттық гвардия қатарында өткереп шықты десе болады.  Кейін Тұңғыш Президент атындағы Ұлттық Қорғаныс университетінде білімін жетілдіріп, магистр ғылыми дәрежесін алуға арнағаны болмаса, өзгесін ел тізгініндегі азаматты күзетуге арнауда. Винирдің мінсіз қызметі туралы өңіріндегі марапаттары сөзсіз айтып тұрғандай. Ел Президентінің мадақтамасы, ҚР Мемлекеттік күзет бастығының «Құрмет» грамотасы, ішкі істер министрінің грамотасы, Ұлттық гвардияның бас қолбасшысының мадақтамасы да оның қызметіне деген жауапкершілігін, «Лутче упасть брюхом, чем духом» («Қарныңмен құласаң да, рухыңды түсірме») деген  өмірлік ұстанымына адалдығын меңзеп тұр.

Раушан БАҚЫТОВА