9.05.2020, 11:39
Қараулар: 321
БІЗДІҢ СЫНЫП ЖІГІТТЕРІ, ЖІГІТТЕРДІҢ ТӨРЕСІ

БІЗДІҢ СЫНЫП ЖІГІТТЕРІ, ЖІГІТТЕРДІҢ ТӨРЕСІ

 

«ОТАНДЫ ҚОРҒАУ ДЕГЕН МАМАНДЫҚ БАР»

Сыныптасым Винирдің аватарындағы осы жазу өзгеріссіз тұрады. Өйткені, оның мамандығы, борышы мен мақсаты да осы. Мектеп кезіндегі анкета деп аталатын қалың дәптердегі «Сенің болашақ мамандығың» деген тұсқа түрліше жазған едік. Баламыз ғой, біріміз заңгер, біріміз ұшқыш, тағы да басқа мамандықтарды тізетін едік. Көбі мұғалім болуды көздегенмен, арамызда стюардесса болғысы келетіндер бар еді. Ол күндер артта қалды. 20 жыл өте шықты. Бұл уақыт біреуге көп, біреуге аз көрінер, Десек те қазір 2000 жылы Мәншүк Мәметова атындағы орта мектептен түлеп ұшқан 11 «г» сыныбынан кәсіби спортшы да, прокурор да, заңгер де, мемлекеттік қызметкер мен мұғалім де, басқасы да шықты. Абай атамыз айтқандай бүгінде бәрі өз тетіктерін тауып, кірпіш болып қаланған. Тіпті іргетасқа айналып келеді десек артық болмас. Оны ең алдымен Отан қорғауды өздеріне парыз санаған құрдастарыма қарап айтар едім.

Үнемі жымиып жүретіп Винир да солардың қатарында. Бала кезден  ашуланған жанға басу айтып, ренжіскендердің арасында татулық көпірін орнатып жүретін Винир қазір де бейбітшілік үшін қызмет етуде. Біз оны жай әншейін Винир деп атағанмен, ол әскери қызмет пен қауіпсіздік магистрі, подполковник Өтеев Винир Зауырұлы. Шекараның шебінде өскен ауыл баласы 2000 жылдың жас түлегі мектеп бітірсімен Петропавл қаласындағы жоғары әскери училищеге тартып тұрды. Мамандықты да өз болмысына жақынын таңдады. Бес жылда курсант Өтеев «әскери педагог-психолог» атанды. Яғни, ол әскери қызметтің көпшілікке беймәлім қыр-сырын тануға, қиындықтарымен күресуге бет бұрды. Қарапайым халықта еңбек жолы мамандықты алған соң басталса, әскерилердің қызметі оқу орынға түскеннен есептеледі. Осылайша училищеден соң Винир тура он жылын ұлттық гвардия қатарында өткереп шықты десе болады.  Кейін Тұңғыш Президент атындағы Ұлттық Қорғаныс университетінде білімін жетілдіріп, магистр ғылыми дәрежесін алуға арнағаны болмаса, өзгесін ел тізгініндегі азаматты күзетуге арнауда. Винирдің мінсіз қызметі туралы өңіріндегі марапаттары сөзсіз айтып тұрғандай. Ел Президентінің мадақтамасы, ҚР Мемлекеттік күзет бастығының «Құрмет» грамотасы, ішкі істер министрінің грамотасы, Ұлттық гвардияның бас қолбасшысының мадақтамасы да оның қызметіне деген жауапкершілігін, «Лутше упасть брюхом, чем духом» («Қарныңмен құласаң да, рухыңды түсірме») деген  өмірлік ұстанымына адалдығын меңзеп тұр.

ТЕРРОРИСТЕРДІ ТІЗГІНДЕГЕН НҰРЛЫБЕК

Нұрлыбек Сәрсенғалиев Винирмен тек мектепте бірге оқыған жоқ. Петропавл қаласындағы жоғары әскери училищеде де үзеңгі қағыстырып, бірге оқыды. Нұрлыбек те әскери қызметінде құрдасынан еш қалар емес. Нұрлыбек Асылбекұлының да подполковник шенін иеленгеніне екі жылға жуықтап қалған. Винир бар қызметін алдымен Астана, кейін Нұр-Сұлтан шаһарында өткерсе, бір сөзбен айтқанда бас қаладан алыстамаса, курсант Сәрсенғалиев бірден Атырау қаласындағы әскери бөлімге жедел рота командирлігіне жіберілген. Мектеп кезіндегі ұяңдығының ізі де жоқ.  Өйткені, Нұрлыбектің таңдаған қызметі одан қажыр-қайратты талап еткені өз алдына, рухтың биіктігін, ұйымдастырушылық шеберлігін жоғарылығын, жан-жақты әскери дайындықты қажет етті. Өйткені, ол басқарған әскери құрама түрлі жанжалдың алдын алуға, террористерді құрықтауға бағытталған. Ол бірнеше мәрте террористерді құрықтау операциясына қатысқан. 2016 жылы Ақтөбе қаласында орын алған теракттан соң шұғыл түрде сол әскери бөлімді нығайту үшін жұмсалып, сол жұмысқа екі жылын сарп еткен. Әскери қызмет деген темірдей тәртіп екені осындай оқыс жағдайда айқын байқалады. Сол кезде жұбайы Самал мен жас сәбиін тастап, өзге жерге қызмет ауыстырып кете барды. Әскери қызметкердің өмірі – көшпелі өмір. Туған жер, мектептегі балаларың, өз кәсібін бастаған жұбайыңның жағдайымен санаспастан, бір бұйрық келсе, қызметіңді, қонысыңды, ортаңды ауыстырып кете барасың.

Айта кетелік, әскери қызметінде Н.Сәрсенғалиев тек жедел рота командирі ғана емес, атқыштар ротасын да басқарған, штаб бастығының орынбасары лауазымдарын атқарған. Қазір Атырау қаласындағы әскери бөлімде  штаб бастығының аға көмекшісі. Нұрлыбегіміз шені жарасқан сарбаз ғана емес, жарастығы мол көпбалалы отбасының асқар тау, қорғаны. Нұрлыбек пен Самалымыздың бесінші бөбегін күтіп жүрген жайы бар.

НАМЫСТЫҢ ШАРБОЛАТЫ – НҰРБОЛ

Мектептік алаңсыз шақтың өз қызығы да, шыжығы да болады. Бүгінде өзіндік пікірі, пайымы енді қалыптасып, тұлға болып бой түзеп келе жатырған жасөспірімге қатты сөз айтпайды. Біз оқушы болған сол бір шақта кей мұғалімдер «Осы сен адам болмайсың» дейтін еді-ау. Әрине, жайдан жай айтпайды ғой. Сабақ кезінде жаңа тақырыпты бастаған мұғалімге құлақ ілместен, көршіммен сөйлесу, алдыңғы партада отырған сыныптас қыздың бұрымынан тартып, көрші отырған ұл баланың басынан не құлағынан шертіп, қоңырау кезінде тентектік құру деген сияқты ұсақ бұзақылықтар үшін айтатын. Сондайда Нұрбол Айтжановтың «Көрерсіңдер, адам болғанда қандай болам» деп жауап қайтқаны бар.

Иә, ол өз сөзінде тұрды. Намыстың шарболаты десе болады. Өз-өзін қамшылап, діттеген мақсатын, арман еткен көк аспанды бағындырды.

Басынан сөз асырмай, барын салғандардың бірі әзілқой Нұрбол болды. Тоғызыншы сыныпты аяқтап, «аспанда қалықтаймын» деп Ресейдің Ахтуба қаласындағы арнайы ұшқыштар мектебіне бет алды. Ол кезде көптеген сайқындық бозбала сонда бақтарын сынап көрген еді. Еркіндікті аңсаған жігіттердің көпшілігі әскери тәртіпке шыдай алмай, алтын ұяларына қайтып келген. Алайда, мұратына жетуді мақсат еткен Нұрбол алға ұмтылды. Айтқанындай аспанға көтеріліп, алғашқы штурвалға отыруы сол  мектепте болды. Кейін Ақтөбе қаласындағы әскери қорғаныс күштерінің әскери институтында білім алады.

Нұрбол Винирдей мемлекеттік күзетте тұрған жоқ, Нұрлыбектей террористтерді тізгіндемеді де, басқа да жауынгерлік әрекеттерге қатыспады. Бірақ,  майор Айтжановтың адамзат алдында үлкен жауапкершілікке ие міндеті бар. Енді майор Нұрбол Садырұлы ұшақта ұшуды емес, сол ұшақтардың кез келген секундта көкке көтеріліп, мүлтіксіз қызмет көрсетуін қадағалайды.

Иә, жерден көтерілген ұшақтың көздеген қаласына жетіп, аман-есен жерге қонуы аса маңызды. Қапы қалдыру, мүлт кетуді еш кешірмейді. Өйткені, ол ұшақта Адам деген тағдыр иесі бар.

КӨКТЕГІ ҚЫРАНЫМЫЗ

Әскерилердің қатарынан табылған Марат Өтеев бізбен бірге соңғы қоңырау сыңғырын тыңдап, үлкен өмірге жол ашатын аттестат алу қуанышын бөліспеді. Дегенмен ол біздің сыныптас болып қала береді. Тарыдай болған бүлдіршіндерді қабылдап, тұлға ғып қалыптастырған тоғыз жыл біздерді бір үйдің баласындай біріктірген еді. Марат негізгі мектепті бітірген кезде отбасы қоныс аударып, ол ересек өмірге жолдаманы бүгінде Бәйтерек ауданының Дарьинск ауылындағы орта мектептен алды. Отанды, отбасын жерден емес аспаннан қорғауды өзіне борыш санаған Марат мектепті тәмамдаған сол 2000 жылы Ақтөбе қаласындағы әскери қорғаныс күштерінің әскери институтында оқуға түседі. Өмір жолы сонда сыныптастар Нұрбол мен Маратты жүздестіреді. Жас талапкерлер естелік суретке де түскен.

Оқу орнын енді бітірген жас ұшқыш Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің авиациялық қызметіне Алматының түбіндегі Боралдай кентіне жолданады. Содан бері әскери қызметтен қол үзбеген. Жұмыс бабымен Марат Радикұлы мемлекетіміздің шекарасымен жақсы таныс. Өйткені, ол жаққа жиі ұшады. Терроризмге қарсы көптеген әскери  жаттығуларға қатысқан. Ал 2011 жылы кәрі Каспий теңізінде балықшыларды құтқару операциясына қатысқан, сонымен бірге Каспийдің кеңістігінде «Қызыл кітапқа» енген балықтың бағалы түрлерін аулаған браконьерлерді құрықтауға да өз үлесін қосқан. Майор Марат Өтеевтің аспанға неше мәрте көтерілгенін қайдам, әйтеуір қызметінің 1670 сағатын мемлекетіміздің тұтастығын, елдің тыныштығын бұзғандарды көкте қыранша қадағалауға арнаған. Бұл істе оған  «Ми-8МТ» және «Ми-171Ш» маркалы тікұшақтары сенімді серіктес болды.

 

«МЕНІҢ ҚЫРАНДАРЫМ»

–Менің ұлдарым мақтаса, мақтағандай. Мен оларды ерекше көремін. Себебі, 11 «г» менің алғашқы жетекшілік еткен сыныбым. Ал қырандар тек биікте қалықтайды. Шәкірттерім шынардай шыңға ұмтылса да, ауылда тілеулерін тілеп отырған мұғалімдерін ұмытпайды. Ауылға келген сайын амандасып келіп тұрады. Бірнеше жыл бұрын Винир Өтеев маған және мектебінің барлық ұстаздары мадақтама жолдаған еді. Ұжымымызбен қуанып қалдық.  Ұстаз үшін шәкіртінің озғаны – еңбегінің еш кетпегені, шыңға көтерілгені – мерейінің өскені. Ал бұл сынып, тек менің емес, мектептің мәртебесін өсіріп келеді. Бұрыннан ұлдарды қыздан бөлек көретінім рас. Себебі, ұлдың бәсі биік болу керек. Менің түлектерім осыны сөзбен емес, істерімен дәлелдеп берді,-дейді мақтаныш сезіммен сынып жетекшісі Бақытгүл Лұқпанова.

Ауданымыздан Совет Одағының үш батыры шықты деп мақтансақ, біз тек өзіміздің сыныпта екі подполковник, төрт майор барын мақтан тұтамыз.  Әскери саладағы төрт кейіпкерімізден басқа да екі бірдей шендіміз бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ІІІ департаментінің І басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері, майор Сұлтан Берахметов пен Қаратөбе ауданында прокурор қызметінде жүрген майор, әділет кеңесшісі Ғалымбек Мұхитов та бар.

Балалықтың бал күндерін бірге кешкен кешегі сыныптастарымыз, бүгінгі ел мақтаныштарына айналған жігіттерімізді айтулы мерекелерімен құттықтап, абыройларыңыз арта берсін дейміз.

Раушан БАҚЫТОВА