9.05.2020, 11:26
Қараулар: 1187

 

Қадірлі бөкейордалықтар!

Сіздерді Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Шартарапты шарпыған Ұлы Отан соғысы әрбір шаңыраққа, әрбір азаматымыздың жүрегіне қаралы ізін қалдырғаны белгілі.
Ел  басына күн туған сәтте 4613 ордалық Отан қорғауға аттанып еді. Соның 3028-і жат жерде жан тапсырды. Жаумен қасқая арпалысып, қайсарлық пен батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен үш  Кеңес Одағының батыры, бір Халық қаһарманы біздің ауданымыздан шықты. Қиын-қыстау кезеңде  тыл еңбеккерлерінің де еңбегі орасан зор екені баршамызға аян.

Өзінің қайғы-қасіреті мен зардаптары жөнінен бұл соғыс күллі адамзат тарихындағы ең бір қанқұйлы соғыс болды. Ел басына күн туып, өмір мен өлім сынға түскен қан майданда қазақ жауынгерлері ерекше ерлігімен көзге түсті. Олар Отан үшін шейіт болды. Біз бүгінгі ұрпақ өкілдері соғыс құрбандарының өлмес рухына әрқашан да құрметпен бас иеміз.

Сондықтан да, қан майданнан оралмаған батыр қандастарымыздың есімі мәңгі ел есінде, ал, осы күнге жеткен қазыналы қарттарымыз, ардагерлеріміз әрқашанда мемлекеттің ерекше қамқорлығында.

Ауданымыздағы Ұлы Отан соғысының ардагері Нәсіпқали Жұмағалиев ағамызды да баршаңыздың атынан Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілеймін!

Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында ауданымызға ресми түрде «Қаһарман аудан» мәртебесі берілмесе де, облыс әкімдігінің келісімімен, аудан орталығына майдангерлердің, тыл еңбеккерлерінің құрметіне «Қаһарман аудан» белгісі орнатылуда.

 

Құрметті жерлестер!

 

7 мамыр күні ата-бабаларымыздың әскери жолын жалғастырып, Отанымыздың қорғаны болып отырған, ел қорғайтын асыл азаматтарымыздың мейрамы аталып өтіледі.

Бұл күнi бiз Қарулы күштер қатарында қызмет еткендер мен сапта жүргендерге құрмет көрсетемiз.

Бұл күннiң мемлекетiмiздiң болашағы үшiн маңыздылығы жоғары, себебi әрбiр қазақстандықтың ұлы да, құрметтi мiндетi — Отанды қорғау. Бар ғұмырын Отанын қорғауға арнап, қызметін мінсіз атқарып келе жатқан әскери қызметкерлерге алғысымды білдіремін.

Қадірлі ардагерлер, құрметті Отан қорғаушылар, осы жарқын мерекелер қарсаңында Сіздерге мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеймін!

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы және Отан қорғаушылар күні мерекесі құтты болсын!

            Құрметпен, аудан әкімі

Нұрлан Рахымжанов