9.05.2020, 11:17
Қараулар: 78
СОҒЫС КӨРГЕН ҒҰМАРОВТАР

СОҒЫС КӨРГЕН ҒҰМАРОВТАР

Қанды майданда от кешкендердің  бірі – әкелі-балалы Ғұмаровтар. Музей қорындағы, аудандық әскери комиссариатынан алынған тіркеу кітапшасына сүйенсек, Насыр Ғұмаров 1903 жылы Жетібай ауылында дүниеге келген. Ол ел қатарлы отбасын құрып, жар сүйіп, ұрпақ көріп, осы өңірде мия дайындаушы болып еңбек еткен. 1941 жылы ел басына қатер төнгенде Насыр атамыз  ауыл азаматтарымен бірге соғысқа аттанған еді. Соғысқа кеткен сарбаздардың  көпшілігінен өздері жазған хаттар, тіпті кей отбасыға қаралы хабар (қара қағаз)  келсе,  жауынгер Насыр атамыздан мүлдем хабар-ошар болмайды.  Ал, әкесі соғысқа аттанғанда, ұлы Хайдар ес біліп, ер жетіп қалған кезі еді… «Ұлым, біз жеңіспен ораламыз! Анаңа, бауырларыңа қолғабыс бол!» деген сөздері ұлының жадында қалады. Әкенің сол аманаты бозбала Хайдарды жігерлендіріп,  ерте есейтті.  Ол жетіжылдық мектепті тәмамдап, колхозда түрлі жұмыстарға араласты. 1943 жылдың бірінші  қаңтарында 18 жасар Хайдар да Орда аудандық әскери комиссариатынан  Кеңес Әскері қатарына алынып, жауынгерлік борышын  өтеуге аттанады.

2015 жылы Хайдар атаның  ұрпақтары музей қорына жеке құжаттарын тапсырған болатын. Көзі тірісінде Хайдар Ғұмаров өз өмірбаянын, соғыстағы жорық жолдарын қағаз бетіне түсіріп кеткен екен. Содан үзінді келтіре кетсем: «Сол кездегі Чкалов облысы Тоцк әскери бөлімінде көптеген жас сарбазды төрт ай әскери дайындықтан өткізді.  1943 жылы 1 тамызда (151-атқыштар полкі құрамында) 4-Украина майданының қолбасшысы Армия генералы Ватутиннің 8-десанттар дивизиясымен бірге Орел, Курск қалаларынан өтіп, Украинаның Курск, Сумск, Чернигов облыстарының жерін азат ету ұрыстарына қатыстым. 1943 жылдың қыркүйегінде Днепр өзені маңында болған ауыр шайқаста жараланып, Дола госпиталында ай жарым емделдім. Сол жылдың 1 қарашасында неміс-фашист басқыншыларына қарсы ұрысқа тағы сол құрам қатарында аттандым. Украинаның орталық қаласы Киевті жау қолынан азат ету жолында ауыр жарақат алып, екі ай Украинаның Житомир қаласының госпиталінде ем алдым» — деп, 4-Украина  майданы құрамында болған отты жылдар ойранын баяндайды.

Одан әрі қарай ардагердің Отан қорғаудағы әскери қызметі былайша өрбиді.  Батыс Украина, Донецк, Харьков, Воронеж қалаларын азат ету үшін болған жорық жолдарында тағы да екі рет ауыр жараланса да, саптан шықпай, қолынан қаруын тастамаған жауынгер Хайдарды Отанына деген сүйіспеншілігі жасытпады. Жаумен шайқасу үшін тағы да ұрысқа аттанды. Бұдан кейін Карпат тауын және Батыс жағы  Румыния, Чехословакия, Венгрия елдерін жаулардан азат ету жорығында тағы снярад жарқыншақтары тиіп, екі қайтара жараланған, далалық санитарлық бөлімінде емделіп, қайта сапқа тұрды. Ең ақыры  Венгрия астанасы Будапешт бағытындағы 1944 жылы желтоқсан айындағы ұрыста ауыр жараланып, Сонок қаласының госпиталында 1945 жылдың наурыз  айына дейін емделген. Одан кейін Украинаның Харьков қаласының госпиталінде емін жалғастырып,  ІІ топ мүгедегі болып, 1945 жылы 3 мамырда елге оралған.  Жауынгерлік ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, көптеген мерекелік медальмен марапатталған.

Елге келгеннен кейін бұрынғы «Жігер» колхозы өндіріс бригадасының тізімдеуші, есепші, колхоздағы есепші көмекшісі болып 1957 жылға дейін еңбек еткен. Одан кейінгі жылдарда Бисен совхозында механизатор, автослесарь, электр стансасында моторлы техника қауіпсіздігі жөнінде механик, Бисен машина-трактор ауласының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Атамыз Рәбиға Әбуова әжемізбен отау құрып, 4 ұл, 1қыз тәрбиелеп өсірген. 1985 жылдың тамыз айында Хайдар Ғұмаров зейнеткерлікке шығып,  1987 жылы  дүниеден озады.

Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі қарсаңында «Память Народа» сайтынан әкелі-балалы Ғұмаровтар туралы деректер іздеген болатынмын. Насыр Ғұмаровтың қай жерде соғыста болғаны, қайда және қашан қайтыс болғаны, не аман қайтқандардың арасында бар-жоқтығы көрсетілмеген.  Хайдар Ғұмаровқа қатысты осы уақытқа дейін жарияланбаған төмендегі дерекке кезіктім. 1945 жылдың 15 тамыздағы 4 Украина майданы Ямпольский атқыштар дивизиясының Жарлығында:  «От имени Президиума Верховного Совета СССР за образцовое выполнение боевых заданий командования на фронте борьбы с немецкими захватчиками и проявленные при этом доблесть и мужество награждается  Орденом Славы III степени стрелок стрелковой роты Хайдар Гумаров» — деп көрсетілген. Бұл кейінгі өз ұрпағы үшін  ғана емес, атамыздың ерлігі  біз үшін де зор мақтаныш.

                                                                               Гүлжанат ҒЫЛМАНОВА,

                                                               облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени,

                                                         архитектуралық-этнографиялық

                                                             музей-қорығының экскурсия жүргізушісі