9.05.2020, 11:05
Қараулар: 72
ЖАУЫНГЕР, ЖУРНАЛИСТ ЖАНТИКИН

ЖАУЫНГЕР, ЖУРНАЛИСТ ЖАНТИКИН

 

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мифтах Жантикин – газетіміздің «Тағзым», «Бізге – 90» сияқты мерекелік арнаулы беттерінің қай-қайсының да жүгін көтеретін нар тұлға. Бір жағынан майданда толарсақтан қан кешкен қаһарман жауынгеріміздің бірі болса, екінші жағынан біздің әріптесіміз. Осы «Орда жұлдызында» қызмет еткен. Аудан үнжариясына 90 жыл толса, жауынгер журналисттің туғанына тура 95 жыл толып отыр.

Жантикиндердің жауынгер отбасы

Ел басына күн туған шақта Бисеннің Жиекқұмындағы Жантикиндер отбасындағы еркек кіндіктінің бәрі дерлік  майдан даласынан табылды. Жантеке Масиннің бес ұлының бесеуі де, жалғыз күйеу баласы және бір немересі мен екі жиені соғысқа қатысқан екен.

Үлкен ұлы Қуанышқали 51 жасында 1943 жылы майданға кетіп, аман келген.  Одан кейінгі ұлдары Мырзағали мен Мұханбетқали 1943 жылы соғыс майданында қаза тапқан. Одан кейінгі ұлы Темір Масин — өзімізге белгілі Кеңес Одағының Батыры. Соғысқа бастан аяқ қатысып аман оралғанымен, 1947 жылы аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқара жүріп, өртте қалған баланы құтқарамын деп, өзі қатты күйіктен қаза болған. Бесінші ұлы Исламғали 1939 жылдан Қызыл Армия қатарында жүрген жерінен, майданға алынып, елін немістерден азат етуге бірінші күнінен бастап қатысқан. 1941 жылдың 10 қазанында ауыр жараланып, жау тұтқынына түскен. Тұтқын тозағынан елге аман келген.

Жантекенің жалғыз қызының жолдасы Сүндет Жукин мен балалары Ғазиз бен Ибрагим соғысқа кетіп, оралмаған.

Соғыстан қайтып келгенде сол заманда тұтқында болған адамдарды онша жақсы қабылдамаған еді. Неміс тұтқынында болған немере ағасы Исламғалиға Мифтах ағамыз да о баста күмәнмен қараған екен. Ағасынан қай жерде, қай бөлімшеде қызмет етіп, қайда тұтқындалғанын сұрап алып, кейін оған білдіртпей Подольскіге барып, әскери архивтен барлығын тексеріп алған екен. Оның білгені — ағасы еш шарасыз болған, тұтқынға өзінің қалауынан тыс түсіп қалған. Осыны біліп, ағасының кінәсіздігіне көзі жеткен соң ғана онымен жақын араласқан екен.

«Осоавиахим» есепшісінен – бөлім командиріне

Мифтах жеті сыныптық білімімен 41-дің тамызында соғысқа аттанған ағасы Темір Масиннің орнын басып, Орда ауданындағы «Осоавиахим» кеңесіне есепші болып жұмыс жасайды. 1943 жылдың 7 ақпанында Мифтах, ал, бір аптадан соң, 14 ақпанда оның 51 жастағы әкесі Қуанышқали соғысқа аттанады.

Мифтах ағамыз алдымен Уфа жаяу әскер училищесінде төрт айдай оқып, кейін сол қаладағы 4-оқу бригадасының 138-мергендер полкіне ауыстырылады. Осында мерген мамандығына оқытып, кіші сержант шенін алады. 1943 жылдың 16 қарашасында досы Мақбоз екеуі майданға аттанады. Ең алғаш генерал В.Чуйковтың 8-гвардиялық армиясының 47-гв. атқыштар дивизиясы құрамында Украинаның Днепропетровск жерін азат етуде қатысты. Желтоқсан айында Веселый хуторын немістерден босату кезінде М.Жантикин оң аяғынан жараланып, емделуге жіберіледі. Бір айдан соң тез сауыққан Мифтах Днепропетровск түбіндегі Синельниковода орналасқан 188-запастағы атқыштар полкіне келеді. Мамыр айының аяғында М.Жантикин 58-гвардиялық Қызыл жұлдызды Красноград атқыштар дивизиясының оқу-атқыштар дивизиясының командирі болып тағайындалып, Молдавия жеріндегі Днестр плацдармындағы қорғанысты бекітуге қатысады. Кейін полк Батыс Украинаға жіберіледі. 1944 жылдың 11 тамызында болған Висла өзені бойындағы Жабец ауылы түбіндегі ұрыста атқыштар бөлімін басқарған М.Жантикин өзін ержүрек те қабілетті, тәжірибелі де шебер командир ретінде көрсетеді. Жауынгердің соғыста көрсеткен ерлігі туралы материалды жерлесіміз, сол ұрыс кезінде қазақтан шыққан бірінші генерал Шәкір Жексенбаев СССР Қорғаныс Министрлігінің Орталық архивіндегі документтерді қарастырып жүргенде тапқан екен. Наградаға ұсынған қағазда әскери бөлімнің командирі Русаков М.Жантикиннің ерлігі туралы былай деп баяндаған: «Жантикин жолдас Висла өзенінің бойындағы Жабец селосында болған ұрыстарда 1944 жылғы 11 августан бастап атқыштар бөлімін басқара жүріп, өзінің ержүрек, қабілетті командир екенін көрсетті. 12 және 13 августа жау атакаларына тойтарыс бергенде қол пулеметінің көздеушісі мен көмекшісі жаралы болды, сол кезде Жантикин жолдас қол пулеметін алып, қаптап келген неміс солдаттары мен офицерлеріне оқ жаудырды, ал оқ біткенде немістерді қол гранаталарымен жайратты. Жантикин бастаған бөлім жауынгерлердің табандылығына төтеп бере алмаған дұшпан көп шығынға ұшырап, өз шебіне кері қашты». Осы ерлігі үшін Мифтах Жантикин ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады.

Көп кешікпей ұрыс кезінде Мифтах контузия алады. Медсанбатта емделіп шыққасын өз ротасына, кейін Чкалов қаласына (қазіргі Орынбор) Оңтүстік-Орал әскери округке тылға жіберіледі. Жыл аяғында жерлесі (Зеленов ауданының тумасы) лейтенант А.Колосовтың взводына бөлімше командирі болып тағайындалады. «Жеңіс!» деген көптен күткен сүйіншілі сөзді осы Колосовтың аузынан естіген екен.

  • 1945 жылы мамыр айының басында училище Украинаға көшіліріліп, эшелон батысқа қарай кетіп бара жатырған кезде, вагонда қатты ұйықтап кеткен екенмін. Командир Колосовтың айғайлаған дауысынан ояндым. «Жерлес, саған не болған?! Жеңіс! Орал!» дегенді естіп, есімді әрең жинадым. Босап қалған вагоннан лейтенанттың артынан секіріп түстім. Сол кездегі перрондағы адамдардың айқай-шуы, бір-бірімен құшақтасып жылағандары, күлгендері есімде мәңгі сақталды,-деп естелік айтқан екен. .

Мұнымен М.Жантикиннің әскери қызметі аяқталған жоқ. Ол Киевте қалып, 1946 жылдың 10 наурызына дейін Қызыл Армияның саяси құрамын даярлау мен қайта даярлау курсында оқиды.

Мылтықты айырбастап қаламға …

Елге оралғаннан кейін еңбек жолын аудандық «Жаңа жол» газетінде (қазіргі аудандық «Орда жұлдызы» газеті) тілші болып бастайды. Мұнда да Мифтах ағамыз өнімді еңбек етіп, алғырлығымен көзге түсіп, тілшіліктен жауапты хатшыға, хатшылықтан редакторлыққа дейін көтерілген. «Жаңа жолда» екі жылдай істеп, 1948 жылы Орал қаласына ауысып, республикалық жоғарғы партия мектебінде оқиды.  1950-1952 жылдары Батыс Қазақстан облыстық «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі») газетінің бөлім меңгерушісі, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарады. Кейін  Қазақстан КП ОК-тінде, Алматы облыстық газетінің «Үгітші блокноты» журналының редакцияларында, Қазақ мемлекеттік баспасында, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, Қазақ радиосында лауазымды қызметтер атқарады. Республикалық дәрежедегі дербес зейнет демалысына шыққанға дейін Қазақ КСР үкіметі қаулылары жинағының бас редакторы болған. Айта кетерлік, М.Жантикин Қазақ радиосын ұйымдастырушылардың бірі. Ол кезде бұл радио Қытай еліндегі қазақтарған арналып ашылған екен.

Өзінің жорық және еңбек жолдары, отбасы туралы жазып кеткен М.Жинтикиннің журналистік жазбалары мен естеліктері бізге бейтаныс кейбір жерлестеріміздің есімдерін анықтауда үлкен көмегін тигізуде.

Мифтах мұрасы – өлкетанушылар бағдары

Журналист, майдангер Мифтах Қуанышқалиұлының «О пережитом» атты естелігі бүгінде өлкетанушылар үшін таптырмас қазына, басты бағдар. Сол естелігінде «1943 жылдың 7 ақпанында 1925 жылы туған он бес жігіт: Жиекқұмнан Макбоз Мендыгалиев, Бакар Сарсенгалиев, №67 жылқы зауытынан Марат Арыстангалиев, Кедей Ахметов, Сергей Сильченко, Владимир Суслин, Иван Скляров, Жетібайдан Ереш Амангалиев, №88 түйе зауытынан Хамит Абдулов, Иван Момот, Альберт Рогов, Ильяс Сралиев, Сагингали Тусекенов, Сайқыннан Абухан Суюнгалиев, Ахметкали Азғырдан Толесов»деп тайға таңба басқандай ғып, жазған екен. (Есімдерін орысша жазылғанымен еш өзгеріссіз жазып отырмын, себебі құжаттарын іздегенде жаңылыс болмауы қажет. Бұл адамдардың барлығы да Орда аудандық әскери комиссариатынан аттанғандардың тізімінде бар, бірақ көбісі жөнінде дерек жоқ). Мақбоз майданда қаза тапса, Бақар аман оралған. К.Ахметов, И.Скляров, В.Суслиндер  «ОБД Мемориал» сайтынан табылды. К.Ахметов Германияның Бауцен қаласында жерленсе, И.Скляров 1944 жылдың маусымында хабарсыз кеткен. Гвардия сержанты В.Суслин 1945 жылы 27 сәуір күні қаза тауып, топырағы Латвия жерінен бұйырған екен. Қалған жауынгерлер жөнінде деректер ешбір естеліктерде де, интернетте де, «Боздақтар» кітабында да кездеспейді.

Соғыстан кейінгі жылдары М.Жантикин майдандастарын  іздеп тауып, басқа елде, басқа қалада болса да, жиі хабарласып, байланысын үзбеген. Өз жерлестері Ш.Жексенбаевпен, мектепте бірге оқыған Кеңес Одағының Батыры А.Құсайынов, Франция жерінде партизан отрядының командирі болған Қ.Жұманиязов, Рейхстагқа ту тіккен Р.Қошқарбаевпен, ақын, жазушы, ҰОС ардагері М.Әлімбаевпен, т.б. араласып-сыйласып тұрған. Генерал Ш.Жексенбаевтың есімін барша қазақстандыққа танытуда аз тер төкпеді. 1981 жылы Алматыдағы Офицерлер үйінде генералдың 80 жас мерейтойын атап өткізілуіне ұйытқы болған. Сол жиынға сол кездегі президент Н.Назарбаев, генерал С.Нұрмағанбетов те қатысты. Сол тойдың жәдігері, Мифтах ағай жасатқан Ш.Жексенбаевтың портретті күйеу баласы Зарқын ағай Шоңай мектебіне әкеліп өткізді.

М.Жантикин майдандастарын іздестіруде, олардың ерліктерін насихаттауда үлкен еңбек сіңірді. Өзінің жер-жердегі таныстығын пайдалана отырып, 1980 жылы 31 қаңтарда М.Жантикин майдандас жолдастарына мектеп кезіндегі жолдасы болған 1924 жылғы Габдрахимов Әнуар деген жауынгердің қайда және қашан қаза болғандығын, ол қызмет еткен әскери бөлімшесін анықтап беруді сұрайды. Бұл жөнінде Әнуардың анасы өтініш жасап, ұлының 1943 жылы 8 қазандағы соңғы хатын қоса жолдаған екен. Хат 18841 «Б» нөмірлі дала поштасымен жолданыпты. Осы деректің өзі үлкен бағдар болды. Көп кешікпей, жауап та келді. 59-гвардиялық атқыштар дивизиясының атқыштар взводы командирі кіші сержант А.Гадбрахимов Запорожье облысының Васильев ауданындағы Роза Люксембург хуторында жерленген екен. Осылайша, М.Жантикин көп жылдар бойы ұлынан хабар ала алмай отырған анаға көмек жасаған.

М.Жантикиннің  «Жауынгерлік даңқ шежіресінен» атты кітабы, ол аударған П.Мальковтың «Москва Кремлі комендатының жазбаларын», Ф.Селивановтың «Панфиловшылар» және т.б шығармалары оқырман қауымнан жоғары бағасын алған.

Мифтах Жантикин жұбайы Сағирамен өнегелі ұл-қыз өсірген үлкен әулеттің иесі. Сағира жеңгеміз де осал адам емес, Қазақ ССР ғылым академиясында қызмет атқарған, педагогика ғылымының докторы, профессор. Үлкен ұлы Тимур атом энергетика агенттігінің бастығы болса, Әлиясы шет тілінің маманы. Кіші ұлы марқұм Қайрат әке жолын қуған журналсит, спорт комментаторы болған. Сағриа жеңгеміз бұл күнде қызы Ғалияның қолында тұрады.

Мифтах ағамыздың інісі Мұханбетқалидың қызы, кейіпкеріміздің немере қарындасы Зылиха кезінде балерина болған. Алматыда тұрады. М.Жантикиннің журналист ретінде өз қолымен жазған барлық материалы мемлекеттік архивте болса, бірқатары осы Зылиха апаның қолында. Ал, майдангер ағамыздың жұмыс үстелі, екі машинкасы, басқа да аздаған заттарын немере күйеуі Зарқын ағай біздің музей қорына тапсырды.

ІІІ дәрежелі Данқ және Отан соғысы ордендерімен, бірнеше жауынгерлік медальмен марапатталған жауынгер әрі журналист ағамыздың әр жазбасы біз үшін аса құнды.

Назымгүл ОРАЗГЕЛДИЕВА,

облыстық Хан Ордасы музей-қорығы директорының орынбасары, газеттің