9.05.2020, 11:01
Қараулар: 70
АТА МҰРАТЫ

АТА МҰРАТЫ

«Тұғырлы тұлғаның» бүгінгі кейіпкері – Иран Дәуленов. Тамырын тереңге салған, Эрам бақтай үлкен әулеттің қазығы, еңбектің бек торысы Иран атамыз туған жерге туын тіккен, еліне еңбегімен еленіп, азаматтығымен танылған тұлға.

Ол майдан даласына кебенексіз кетіп, кебінсіз о дүниеге аттанған Дәулен Құдайбергенұлынан қалған жалғыз еркек кіндікті еді. Бүгінде аудан жұртшылығына жақсы атымен танылған үлкен әулеттің бәйтерегіне айналды.

Әке қамқорлығын көре алмаған сол кезеңнің бір айналайыны кем ұрпағындай бұғанағы қатпай жатып, еңбекке ерте араласты. Еңбекпен есейді, сол еңбекпен еңсесін түзеді. Сексеннің сеңгіріне шықса да әлі күнге сол еңбектен қол үзе қойған жоқ.

Кейбір тепсе темір үзетін еркек кіндіктілеріміз бала басына тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмекті талғажау ғып, тыр-тыр қасынып, көлеңкеде жатқанда, бұл атамыз қызған еңбектің ортасында жүр. Балаларының ғана емес, сол баладан тараған немеренің жағдайын жасап жүр. Үлгі ме? Үлгі!

Қоғамдағы кез келген мәселеге сергек қарап, азаматтығын танытып жүретіні тағы бар. Бәзбіреулер «ой, қорға қолдау білдірейік депсіңдер ғой. «Мешіт ашылады» деп қаржы жинағанда бес мыңдап ақша салып едім. Тек мен емес, бәрі салды ғой. Айналғанда не болды? Бір пысақайдың қалтасында кетті ғой. Қор-морға сенбеймін» деп азды-көпті үлесін пұлдап отырғанда бұл ағамыз «індет іргемізде, ертеңгі күніміз не болады? Қам қылмай отырмайық, бір керекке жарар» деп  алғашқылардың бірі боп жарты миллион теңгесін аударды. «Үкіметтен қаржы бөлініп жатыр, еріктілер де азық-түлігін үзбей беріп жатыр. Қор ашып, ол қаржыны қайда жаратайын деп жатыр. Жарамай ма? Пандемияны пайдаланып, біреудің пайдасына ақша жинау ғой ғой» деп пәлсапа соғып отырғанда ортақ қажеттілік үшін деп қомақты қаржы аударып жатқан ел ағаларының азаматтығы көпке үлгі екеніне ешкім шек келтірмес.

Жиырмаға толмай, трактор егіс бригадасының бригадирі қызметін атқарған Иран атамыз кейін жолшы болды. Жолшы боп қана қоймай, білікті басшы болды. Бұл тұрғысында кез келген бөкейліктің ғұмырнамасын былай қойғанда кез келген ғимарат пен мекеме тарихын тарқатып айтып беретін жадысы мықты жылнамашы, аудан ақсақалы Чарльз Қойшыбаевтан асып айта алмаспыз.

– 1983 жылы жол пайдалану учаскесі бөлімшесінің бастығы болып кейін қосылған екі ірі жол мекемесін басқарды. Ол қызмет барысында жол кәсіпорнының материалдық-техникалық базасын жақсартуға баса назар аударды. Кәсіпорында 15 К-700 Т-150 және 10 шынжыр табан трактор 30 аутокөлік болды. Бұған қоса машина-трактор шеберханасы қазандық қоймалары салынды. Қосалқы шаруашылығы бар мекеме егін екті,  мал өсірді. Иран Дәуленұлы қызмет еткен жылдары аудан жолдарына толықтай қиыршық тас төседі. Иран Дәуленұлы жол құрылысымен қатар мекемедегі жұмысшылардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға да көңіл бөлді. Бұған Сайқында және ауылдық округтерде жол салушылар үшін 50 тұрғын үйдің салынуы дәлел. Ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еңбектен қол үзген жоқ. Өз алдына серіктестік құрып жол өңдеу жұмыстарымен айналысты. Бөкей даласының жолына еңбегі сіңген бір адам болса, ол Иран,-дейді Чарльз ағамыз.

1992 жылы Иран атамыз шаруа қожалығын құрады. Өзінің, балаларының малын жиып, қыстақ алып, бір жерден бағып бастайды. «Мал басы 180-ге жеткенде, бруцеллез шығып, қаңырап қалған қорада қу таяғымды ұстап қалдым» дейді кейіпкеріміз.

  • Иран ағамыз тәуекелшіл адам. Не мәселе болса да, түбегейлі шешуге тырысады. Малынан бруцеллез шыққан кезде, алдындағы бар малды тапсырып, жерін түгел өңдеп, қора-қопсысын зарарсыздандырып, шаруа қожалығының жұмысын жаңа парақтан қайта бастады,-дейді аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімнің басшысы Сүйінбек Хайруллин.
  • 180 бас малымның пұлы тек елу бас асыл тұқымды мал алуға жетті. Санға емес, сапаға жұмыс жасауды жөн көрдім. 2005 жылы шаруа қожалығым асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын қожалық боп қайта құрылды. Ауданнан бастап, Астанаға дейін тапсыратын түрлі құжаттары бар. Сауаттылықты қажет ететін жұмыс. Ең бастысы, ниет қой. Діттеген мақсатқа жету үшін еңбектену ғана керек,-дейді атамыз.
  • Жолшы боп жүріп, егін салу, мал бағу сияқты қосалқы шаруашылық ұйымдастырған екенсіз. Бұл сіздің күнкөрістің қамын қылған тоқырау жылдардағы әрекетіңіз. Маркетинг, менеджменттің әліппесін о бастан білген екенсіз. Қазіргідей Үкіметтен қолдау бар, үйден отырып, бас қаладағы банк, қордан қаржы алатын мүмкіндік бар мына кезеңде сексендегі емес, қырықтағы Иран болсаңыз, миллиардер болатын шығарсыз?-дедім әзілге тартып.
  • Бізді өмірге үйреткен менеджмент, маркетинг емес, өмірдің өзі, кездескен қиындығымыз, тағдырымыз ғой. 43 жыл жолшы болдым, оқуым-тоқуым жоқ. Алматыға үш барып, айлық курстардан өттім. Осы білімім жарады. Білім емес, адамның түйгені, үйренгені, көргені тәжірибеге азық болады. Кез келген қиындық, тоқырау жаңа бір есікті ашады. Осыны білдім. Менің малымнан бруцеллез шықпаса, мал басының көбейгеніне көңілім семіріп жүре берер ме едім, кім білсін? Пәлесі көп деп, танып, білмеген асыл тұқымды мал шаруашылығына тәуекел етпеген де болар едім,-дейді ағамыз.
  • Қазір еңбек еткенге мүмкіндік бар. Субсидия алып, шаруамның бабын келістіріп отырмын. Індет еніп, төтенше жағдай жарияланған кезде алаған қолым бір кезек береген болсын, мұқтаждығы бар бір іске қолдауым болсын деп, қаржы аудардым. Елдегі іргелі кәсібі бар ағайынды осы қорға қолдау білдіруге шақырамын. Аяқтан тұрып, еңсемізді тіктеуге қолдау көрсеткен үкіметіміздің кішігерім мәселелерін шешуге жәрдемдеселік. Мұндай істе бөкейліктердің бөркі биіктеу болуы керек. Қаймағы бұзылмаған қаймана ел екеніміз осындайда көрінеді,-дейді Иран атамыз.

Өмірі зерделі жанның азаматтық санасы осылай болуға тиіс емес пе?

Азаматтық демекші, Иран атамыз жолға шыққан бар бөкейлік тағзым етіп, тиын-тебенін тастайтын Жанаспай атаның басына да қамқорлық жасап жүреді.

  • Әулие атамыздың туыстығы бар ма? Әлде шаруам шалқып кетуіне тілекші боп жатсын деп жүрсіз бе? – деп, сол жерде жиналған қаржыны да бір түгендеп өттік.
  • Түк те жақындығым жоқ. Сен айтқандай, тілекші болсын деген алабөтен ниетім де жоқ. Жанаспай ата аңыз болған сынықшы ғой. Сәлемінің өзі қол-аяғы сынып жатқан адамның сүйегін орнына келтіреді деген әңгіме бар. Лавр Хайретдинов әкім боп келгенде, кейін келген Нұрлан Сабыров та   әулиенің басына белгі қойып, қарайтуды мәселе ғып қойған еді. Әлі күнге солай тұр ғой. Белгі қойылып, тұрбаға ақша салынып тұрады. Қомақты ақша жиналады-ау, бірақ қолды боп кетіп жүр. Трактормен сүйреп әкетеді. Бір барғанда үстінен түсіп, жарты миллион ақша жиналған екен, мешітке әкеп тапсырдық. Қазір жиналған қаржыны кім алып, қайда кетіп жатқанынан бейхабармын, -дейді кейіпкерім.
  • Даладағы малды бір қарап қайтпасаңыз, көңіліңіз көншімейтін сияқты ғой. Үнемі ат үстіндесіз. Бар шаруаға өзіңіз жүресіз. Балаларыңызға руль бергіңіз келмей ме, әлде олар сенімді ақтамай жүр ме?-деп сұрадым.
  • Ой, билікті бермей не ғылайын? Өмір базарынан қайтып келе жатқан, көбі кетіп, азы қалған адамбыз ғой. Ана жаққа алып кетпесім анық. Бәрі осы балалар үшін ғой. Асыл тұқымды мал болған соң тапсыратын есебің, толтыратын құжатың бар дегендей. Әзірше еш қайсысы қағазбастылықтың қамытын кигісі келмейді. Бірақ Қайрат баламды таяғымды ұстап қалар деп, ыңғайлап жүрмін. Немерем Фархадты еншісін беріп, бөлек шаруашылық қылып шығардым,-дейді.

Иә, бала, немерелері бар шаруаны қолға алып, ұршықша иіріп әкетпесе де, үзеңгі қағыстырып, бірге жүр. Осының өзі Иран ақсақалдың тынымсыз көңіліне үлкен медет.

Бала, немере демекші, Иран атамыз балаларының емес, бірі әкесіз, бірі анасыз қалған немерелерін жағдайын күйттеп, солардың шаруаларын соғып жүргені тағы бар. Балаларына бір тойын жасап бермек түгілі, ел қатарлы мектепте оқыта алмай отырған кей әкелерге қамқор атаның осы бір қасиеті де түрткі болса, игі.

  • Аталық ақыл айтар, ақсақалдық жол көрсетер жасқа келдік. Біздегі тілек біреу. Біз көрмегенді балаларымыз көрсе екен, біз көрген, біз бастан өткерген қиындықты балаларымыз көрмесе екен деген тілек. Қазіргі мақсат, мұратым да осы. Іргесін қалаған шаруамды шайқалтпай, несебесін немере-шөберелерім көрсе екен деген ой ғой,-дейді ағынан жарылып.

Иә, Иран Дәуленовтің аталық мұраты осы болса, елдікті ойлаған ақсақалдық тілегі сол – елдің ынтымағы. Ауылды тектен текке алтын бесік демейміз. «Осы отырғанда бәріміз де бір бесіктен, бір топырақтан тараған, бір үйдің адамындаймыз. Ынтымақ, бірлігімізден айырылмайық, сонда ғана кез келген қиындыққа мойымаймыз»,- дейді Иран ағамыз.

 Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ