30.04.2020, 17:31
Қараулар: 167
КӨНЕК

КӨНЕК

Облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығындағы жәдігерлердің ішінде ағаш, тері, металл сынды табиғи шикізаттардан жасалған бұйымдар жетерлік. Солардың бірі – жылқының жон терісінен сіңірімен үш бөліп тігілген, сұйықтық құйып сақтауға арналған көнек. Бұл ыдысты музейге 1986 жылы КСРО Суретшілер одағының мүшесі Дәркенбай Шоқпаров ағамыз тапсырған екен. Диаметры 24 см, биіктігі 21 см, қайыстан тоқылған бауының ұзындығы   80 см болып келетін кәдімгі шелек іспеттес зат.

Халқымыз бұрындары көнекті жылқы терісімен қатар, түйенің мойнағынан бітеу сою арқылы жасайтын болған. Ол үшін мал терісін түгінен арылтып, мойнақтың кең жағын түптеп тарамыспен тігеді де, бір бүйірінен теріден шүмек бекітеді. Көнектің ауыз жағына жас тобылғыдан иіп шеңбер салып, оны сыртына қарай терімен көмкереді. Содан соң, көнектің ішіне құм толтырып, жас тері көлеңкеде әбден кеуіп, көнге айналған соң ішіндегі құмды төгіп тастайды. Тері кепкенде мүйіз сызғышпен батыра өрнек салады (аталмыш көнекте зооморфтық ою өрнектелген). Іші-сыртына тұздалмаған жылқы майын сіңіре жағады да, тобылғы, арша тәрізді ағаштардың жас бұтақтарын жалындатпай бықсытып жағып, түтініне ыдыстың аузын төңкере іліп, бірнеше сағат ыстайды. Ыс сіңген соң тері қызыл қоңыр түске еніп, әрлене түседі, әрі құйылған астың иісі мұрныңды жарып бабына келеді.

Көнек негізінен бие саууға, бие сүтін сақтауға қолданылады. Бұрындары бие сауғанда көнектің бауын білекке іліп алып, түбін тізеге тіреп, биенің мінер жақ санын қос қолмен құшақтап сауған. Көнек жеңіл, әрі металл ыдыстар сияқты даңғырлап дыбыс шығармайды екен. Сол себепті, көнекке сауғанда мал мазасызданбай, жақсы иіп, сүтті мол беретін болған. Қазақта «Көнектен шошыған бие оңбас, көптен бөлінген үй оңбас» деген мақал осыдан қалса керек.

Кейін келе заманның ағымына қарай бұл ыдыс ағаштан, металлдан, т.б материалдан істеліп шелек аталып кетіпті.

Жангелді ТӨЛЕШЕВ,

облыстық Хан Ордасы музей-қорығының әдістемешісі