30.04.2020, 17:23
Қараулар: 78
ТУБЕРКУЛЕЗДІҢ «ДОСЫ» – НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ

ТУБЕРКУЛЕЗДІҢ «ДОСЫ» – НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ

 

Аурудың жақсысы бар ма? Әрине, жоқ! Бұл барлық әлемнің жанын түршіктірген жалғыз covid-19 вирусына ғана қатысты емес, барлық ауруларға қатысты айтсақ та орынды болар. Дегенмен, барша сырқаттың ішінде адамды ажалға сүйрейтін бірден бір ауру туберкулез екен.

Құлақ үйренгені соншалық, туберкулез десек, ешкімнің елең ете қоймасы анық. «Емі бар ғой. Дер кезінде емделіп, күтінсе, өмір сүреді ғой» деп бейжай қараймыз. Өкпе дертіне шалдығып, емін алған кей ағайын да «ауырып тұрдым, аунап тұрдым» деп өткінші жауында қалып, күн шыққанда бәрін ұмытқан адамдай жайбарақаттыққа салынамыз. Біздің осы бейжайлығымыз бен жайбарақат, немқұрайлығымыз туберкулездің «досы» екен. Өкпе дерті осы жайбарақаттықтан дем алып, тамырын тереңге салады екен.

Мұны аудандық аурухананың фтизиатры Нұрболат Жанғалиев те қоштап отыр.

  • Дәл бүгінгі таңда аудан бойынша туберкулез дерті өршіп тұр дей аламын. Туберкулез негізінен әлеуметтік ауру деп айтуға болады. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар болған кезде, бұл ауру асқынады. Сонау 1990 жылдары ауданда 60-80 деген науқас осы дерттен ем алған. Ол кездің жағдайын қазіргімен салыстыра алмайсың, әрине. Өткен жылы өкпе дертімен 21 адам есепке алынса, биыл тізімде 17 адам тұр. 21, 17 деген сандар былайғы жұрт үшін аз көрінуі мүмкін. Бірақ, біздің шағын аудан үшін алаңдатарлық көрсеткіш. Өте жоғары. Біздің медициналық статистикада науқас санын анықтаудың өз ерекшелігі бар. Түсіндіріп айтсам, науқастың санын 100 мың халық санына көбейтіп, аудан тұрғынының санына бөлесің. Сол тұрғыдан қарасақ, бұл көрсеткіш тұрғындары көп қала көрсеткішімен бірдей боп отыр. Туберкулез ауруына аудан тұрғындары жеңіл-желпі қарайды. Аудан азаматтары жылына бір рет флюорографияға түсіруге аса бір құлықты емес. Медбикелеріміз үй-үйді аралап, рентгенге түсуге міндетті екендерін бір ескертсе, қызмет жасайтындарын жұмыс орнына хабарласып, басшысы арқылы шақыртып жатамыз. Туберкулезге шалдығып, жарты жылдап ауруханада жатып шыққан науқастарымыздың өзі қайтара тексерілуге, жыл сайын рентгенге түсуге құлықсыз. Көбі «мен емделіп шықтым, болды» деп ойлайды. Осы салғырттықтың салдарынан кем дегенде 4-5 азаматымыз туберкулез ауруының қайталану себебінен медициналық көмекке жүгініп жатады. Әрине, біз өз тарабымыздан барынша көмектесеміз ғой, дегенмен әр адам өз денсаулығына өзі қарау керек емес пе? -дейді дәрігер Нұрболат Меңдіханұлы.
  • Науқастардың орташа жасы – 50 жастан төмен екен. Науқастарды мекеніне қарай жіктеп айтсақ, туберкулез дертіне шалдыққандар қатарын Сайқын мен Хан ордасының тұрғындары құрап отыр. Аурудың жасаруы туралы тағы бір мәлімет қоссақ болар, аудан бойынша екі мектеп оқушысы туберкулез ауруына шалдыққан екен. Саралжындық жасөспіріміміз облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде ем алуда, ал, Бөрлі ауылының жас тұрғыны жергілікті дәрігерлер күшімен емделіп, ел қатарлы мектеп қабырғасында білім алып жүр.

Жынысына қарай ажыратсақ, 8-і ер адам болса, 9-ы әйел затынан екен. Әйел затынан демекші, өкпе дерті мен жүктілік турасында аудан гинекологы Күләнда Абдоловаға жолыққан едік.

  • Туберкулез бен жүктілік бір қауызға сыймайтын нәрсе. Егер болашақ анада туберкулез белгісі анықталып, ана мен нәресте денсаулығына қауіп төндірген жағдайда жүктілікті үзуге мәжбүрміз. Аудан бойынша осы тұрғыда екі оқиға тіркелді.  2019 жылы бірінші жағдайда жүктілікті 16 аптада үзсек, екінші жағдайда туберкулез ауруы жүктіліктің соңғы мерзімінде анықталып, науқасқа шалдыққан ана бақылауымызда болып, емін алып, аман-есен босанды, бірақ сәбиді емізбеуін, қасына қалмауын қадағаладық. Кейін емін жалғастырды. Жүктіліктің жоспарлы болуы, ананың өзін күтінуі керек деп үнемі айтып, сақтандыруымыздың басты мақсаты – осы жайттардың алдын алу ғой. Дәрігерлер ескертпесін назарсыз қалдырмаса екен, бастысы,-дейді гинеколог Күләнда Ұзақбайқызы.
  • Аудан бойынша туберкулез ауруына шалдыққан азаматтарымыздың саны 17 адам болса,  соның үшеуі облыстық тубдиспансерінде ем алып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, оларда жұқпалы туберкулез түрі анықталған. Енді ауданымызда ем алып жатырған 14 азаматымыздың екеуі ғана І топтағы науқастар санына кіреді. Қалған 12 азаматымыз ІV топ санатына кіріп, бір жыл көлемінде ай сайын қақырық талдауын тапсырып, дәрілерін ішіп тексерістен уақтылы өтіп тұрғаны қажет. Өзіңіз көріп отырғандай ІV топтағы науқастардың саны басым боп тұр. Емделіп шыққанның өзінде күтінбесе, ауру  қайта өршуі мүмкін. Ал тіпті асқынып кетсе, жабық туберкулез ашық түріне айналуы бір сәт. Сондықтан, туберкулез жүрдім-бардым ауру емес,- дейді Нұрболат Жанғалиев.

Дәрігер сөзін таратып айтсақ, туберкулез екі түрге бөлінеді, ашық (жұқпалы) және жабық (жұқпайтын). Бұл жалпы тілмен айтқанда.  Ашық түрінде қақырықта туберкулез таяқшалары болады, сондықтан туберкулездің мұндай түрімен ауыратын адамдар өте қауіпті деп есептелініп, оқшауландырылады. Ал жабық түрінде қақырықта туберкулез таяқшалары болмайды, бірақ дерт асқынатын болса, туберкулездің мұндай түрімен ауыратын науқастар да ауру жұқтырады. Аталмыш аурудың ашық түрі облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде емделсе, жабық түрімен ауыратын науқастар жергілікті стационарда немесе амбулаториялық жағдайда ем алады. Аталмыш аурудың жабық түрі де екіге бөлінеді. Медициналық терминмен айтқанда І-IV топ. Қарапайым тілмен айтқанда І топтағы науқаста  ауру айтарлықтай жеңіл өтіп,  жазылып шығуға көп мүмкіндік болса, ІV топтағы азаматтарымыздың жағдайы сәл күрделі десек болар.

Енді осы науқастардың әлеуметтік жағдайы қалай? Жалпы туберкулез ауруына шалдыққан азаматымызға ауыр жұмыс жасауға тыйым салынады. Оған қоса дұрыс тамақтануы да қажет. Қандай қолдауға ие? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Осы өкпе дертінен денсаулығына айтарлықтай нұқсан келген тек төрт адам ғана мүмкіндігі шектеулі деп танылып, әлеуметтік төлем алады екен. Бұдан бөлек те қолдау қаржы қарастырылған. Туберкулез ауруынан ем алып жатқан әр науқасқа жергілікті бюджеттен 2019 жылы 37875 теңгеден қарастырылса, 2020 жылы 39765 теңге сомасын құрайтын ақшалай көмек көрсетіледі екен. Дегенмен, аталмыш сома жылына тек бір рет беріледі. Ал сол сомаға науқас тамақтану рационын дұрыстап, қажет болса керекті дәрі-дәрмегіне жұмсау керек екен.

– Әрине, аз  болса да бұл да көмек қой. Алайда көршілес аудандардың көбі туберкулез ауруынан ем алып жатқандарға ай сайын бес (АЕК)  көлемінде қаржылай көмек көрсетеді екен. Теңгеге шағып айтсақ, 12 500 теңгеге тең. Ай сайын осындай қаржы алып отырса, науқастарымыздың ас-суы құнарлы боп, дәрумен-дәрісін үзілмес пе деген ой ғой.  Дәл осындай ұсынысты біз өз тарабымыздан жергілікті әкімшіліктің күн тәртібіне қойған едік. Дегенмен, еш өзгеріс жоқ.- дейді Нұрболат ағамыз.

  • Ең бастысы, адамның өз денсаулығын бағалай білуі ғой. Ауыз жаппастан жөтеліп, шырт-шырт қақырынып қойып, тірлігімізбен жүре береміз. «Ауырсам, емі бар ғой» дейтін шығар. Бірақ, туберкулездің ушығуы, жабық түрінің ашыққа айналуы ән сағатта екенін ұмытпауымыз керек. Жағдай солай ушыққан болса, науқасты ғана емес, науқастың бала-шағасына қоса, жақын араласқан көршілерін қоса емдеуге тура келеді-дейді сала маманы Нұрболат Меңдіханқлы.

Айтса, айтқандай, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сенсек, жылына 10 миллионға жуық адам туберкулез ауруына шалдықса, соның 1,5 миллионы аталмыш аурудан ажалын табады екен. Қалай, қорқынышты ма?

Қолымызда барда бағасын білмейтін, айырылып қалсақ, уысымызға қайта түспейтін денсаулығымызды күтейік, ағайын!

 

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ