30.04.2020, 17:10
Қараулар: 214
Салауат ТҮМЕНОВ, театр актері: «МЕН ҮШІН МАРАПАТТЫҢ ЕҢ ҮЛКЕНІ – КӨРЕРМЕННІҢ ШЫН ЫҚЫЛАСЫ»

Салауат ТҮМЕНОВ, театр актері: «МЕН ҮШІН МАРАПАТТЫҢ ЕҢ ҮЛКЕНІ – КӨРЕРМЕННІҢ ШЫН ЫҚЫЛАСЫ»

 

Бөкейліктердің бәсін биіктетіп, туған елінің мақтанышы боп жүрген шығармашылық адамдары аз емес. Соның бірі де, бірегейі — Хадиша Бөкеева атындағы облыстық драма театрдың белді актері, Ұялыдан шыққан азаматымыз  Салауат Түменовпен сұқбаттасудың сәті түскен еді.

   

 

 

  • Салауат, театр әлеміне келуіңіз кездейсоқтық па, әлде бұл саналы өз таңдауыңыз ба?
  • Оқушы кезімнен киелі саxнаның шаңын жұтып, иісін иіскеп өскендіктен бе, есейген соң өнер жолына бағыт аларымды іштей сезетінмін. Мектепшілік, ауыларалық, одан қалды аудандық байқауларда, сайыстарда ән айтып, өлең оқып, концерттерді жүргізіп қана қоймай, оны ұйымдастыру шараларын да өзім атқара беретінмін. Көптің алдына шыққанда арқаланып,  құдды бір ауқымды жиынның тізгінін ұстап тұрғандай салмақты кейіпте, интонациямды келтіре нөмірлерді хабарлайтынмын. Ұстаздарым Айғаным Мырзагереева, Мәншүк Мұхамжарова, Сайлау Мұқтаров ағамыз    маған үнемі «сахнаны жатсынбайсың, сенен керемет актер не әнші шығады» деп дем беріп, ақтауларын асыратын. Бүгінде облыстық драма театрдың актері болып қалыптасуыма, театр саласында өзіндік жолымды табуыма ауылдағы аға-апаларымның ақ пейілдері, ниеті де себепші болған шығар.  Білікті де білімді ұстазым Мұрат Ахманов ағамыздан тәлім алып, сахна мәдениетін бойыма сіңіріп, театр әлеміне сіңісіп кеткен жайым бар.

Актер синтезді өнер иесі дейді ғой. Әріптесіңіз Ербол Есендосовты көркемсөз шебері, Бибігүл Исалиеваны әнші деп танимыз. Сіздің рөлдерді сомдаудан басқа қандай өнеріңіз бар?

– Ардақты әріптестерім Ербол ағамыз бен Бибігүл апамыз нағыз талант иелері ғой. Ол кісілердей ән шырқау, көркем жырды шеберлікпен оқу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Сондықтан өнерін  өнеге еткен аға-апаларымыздың сара жолынан тайқымай, актерлік мансабымызды абыроймен жалғастырсақ арманым жоқ.  Десе де театр актері атану талантты да, мінезді де, қажырлы еңбекті де талап ететіні сөзсіз.

  • Өзімді сегіз қырлы бір, бір сырлы жігітпін деп, мақтана алмаймын деп, сыпайылық танытып отырсыз ғой. Мысалы, басты рөл болмаса да, әншілік өнері, не бишілігі көрінуі керек эпизодтық рөл берілсе, қалай алып шығасыз?
  • Әрине, режиссер тарапынан сондай тапсырма жүктелсе, қалай да алып шығуға тырысамын. Өзімде тумысымнан жоқ өнерді «меңгеруге» барымды саламын ғой.
  • Театрдағы көп танымалдарды тойдан көптеп кездестіреміз. Тетар есігін ашпайтын былайғы жұрт сіздің кей әріптестеріңізді асаба ретінде танып жатады? Сіз асабалықтан алыстау сияқтысыз ғой.
  • Иә, асабалық та екінің бірінің қолынан келмейтін өнер ғой. Асаба болайын деп талпынып көрмеппін. Мендегі бар өнер осы рөл сомдау боп тұр, әзірше.

– Осыдан екі-үш жыл бұрын халықаралық «Стоби-2017» байқауынан облыстық драма театр ұжымы олжалы оралғанын білеміз. Соның ішінде өзіңіз «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымын иелендіңіз.  Жалпы театр актері үшін ресми марапаттың үлкені не?

– Иә, Македония мемлекетінің  Велес қаласында  «Стоби 2017» атты халықаралық антикалық театрлар фестивалі өткен болатын. Айтулы өнер додасында біздің ұжым Х.Мюллердің «Филоктет-Медея» трагедиясын сахналадық. Маған «Ең үздік ер адам» аталымы бұйырған екен.  Аталмыш театр байқауында  тағы да жұлдызымыз жанып, бас жүлдені иелендік. Тағы да дейтінім бір жыл бұрын дәл осы фестивальде біздің театр  Еврипидтің әйгілі шығармасы негізінде «Троя аруларын»  қойды. «Ең үздік әйел адам бейнесін»  Бибігүл Исалиева еншіледі.   Біз үшін марапаттың ең үлкені көрерменнің ерекше ықыласпен қол соғып, қошемет көрсетуі, өнерімізге қуанған, риза болысқан шынайы эмоциялары деп білемін. Бұл сөздеріме бәзбіреулер иланбас та, алайда шыным осы.

Бірге жұмыс жасаған режиссерлер туралы айта отырсаңыз. Қай режиссерден нені үйрендіңіз? Кімнің мектебін армандайсыз?

  • Бір шаңырақ астында қоян-қолтық қызмет етіп, тәлімін көрген әріптес ағаларым туралы біраз сыр тарқатуға болады. Мәселен, елімізге белгілі режиссер, көп қырлы маман Мұрат Ахманов мені театр өнеріне баулыған ұстазым. Мұрат аға  спектакльге дайындық барысында көпшілікпен өте шебер жұмыс жасайды, әр актердің психологиялық-моральдық тұрғыдан дайындығына аса мән беретін адам. Сахналайтын кейіпкердің образына еніп кеткенімізше жанымызда бірге жүріп, қолдау білдіріп, кемшін тұстарымызды көрсететін. Сердеш Кажымұратұлы да  театрға келген жас актерлердің томағасын сыпырып, баптап, қатарға қосқан тәлімгеріміз. Ол  кісі сөз құдыретін терең түсінеді, жоғары бағалайды. Сондықтан әр актердің сценарийге салғырт қарамауын, диалогтық құрылымдарға мән берулерін талап ететін. Мұқанғали Томанов еркіндікті жаны сүйетін, кең ойлайтын маман. Актерлерді ести біледі, қойылымның бағын ашатындай қандай ма идеяларымызды айта қалсақ әр кез қолдауға дайын тұрады. Ал, Қуандық Қасымовтың көзқарасы мүлдем ерекше, спектакльдерді   кою стильі бөлек.  Әр режиссердің түсінігі, спектакльді қою, сахналау әдісі түрліше келуі заңдылық қой.  Жалпы айтқанда, жаңашылдыққа бейіммін, өз ісін кәсіби түрде меңгерген  режиссерлерден үйренуге еш қарсы емеспін.

Өзіңіз режиссер болсам деп ойлап көрдіңіз бе?

Режиссерлікке бет бұру туралы ешқашан ойлаған емеспін. Өйткені, бұл кез келген актер оңайлықпен иіріп әкететіндей дүние емес. Солай ойлайтындар болса өте қателеседі дер едім. Режиссерлік терең білімді, шабыт күшін, қиялдың қуатын талап етеді.

– Қай жанр жаныңызға жақын?

  • Актерлер отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар секілді деп әзілдейтінім бар. Олай дейтінім актерлерге қандай тапсырма берілді, қалтқысыз орындауға міндеттіміз. Әлбетте, «ойнауға тиіссің» деп кез келген рөлді бере салмайды ғой, мінезімізге, болмысымызға келетін, үндесетін рөлдер ғана тапсырылады. Сондықтан, сахнада жағымды-жағымсыз рөлдерді сомдап жүрміз. Десек те, өзіме ең ұнайтыны комедия жанрындағы кейіпкерлер және ертегі персонаждары. Әсіресе, кішкентай балалармен жұмыс жасағанды  өте жақсы көремін. Бүлдіршіндер – ең адал, ең керемет көрермендер. Оларды жалт-жұлт еткен шамдармен, түрлі-түсті декорациялармен алдай алмайсың. Шынайылықты, шеберлікті бағалайды.

          – Рөлді меңгеруді неден бастайсыз? Қалай дайындаласыз?

  • Әр рөлге тыңғылықты дайындаламыз. Образды әбден зерттейміз, ол туралы ақпараттарды ақтарып, өзімізше психологиялық портретін құруға тырысамыз. Сценарийдегі «өмірді» өң бойымыздан өткізіп, сезінеміз, уайымдаймыз, қуанамыз, түрлі эмоционалды күй кешеміз. Драма, трагедиялық қойылым ба әлде күлдіргі комедия ма, бастысы сахнаға шыққанымда өзімнің Салауат Түменов екенімді ұмытып, сол күнгі образдың иесі атануым үшін барымды саламын.

– Ырымшылсыз ба?

  • Театр актерлері ырымшыл келеді деген көзқарас баяғыда қалыптасқан. Мәселен, актер дайындық барысында сценарийді еденге түсіріп алса,  рөлін сәтсіз сомдайтынын білдірсе керек. Ол үшін қағазды жерден бірден алмай, алдымен отырып, ырымын жасау керек екен. Сол сияқты сахнаның сыртында ысқыруға жаман ырымға баланады.  Гримерка бөлмесіне сол аяқпен, сахнаға оң аяқпен шығу керек деп те жатады. Булгаковтың, Гогольдың шығармаларының энергетикасы ауыр, қойылымнан соң міндетті түрде  отпен т.б бойды жамандықтан аластайды дегенді оқығам. Алайда, мен аса ырымшыл емеспін. Тек қазақы сеніммен театр саңлақтарының, аға-апаларымыздың жолын берсін деп сахналық киімдерін ырымдап киіп шығып, не қолданған заттарын естелікке алып қалатыным бар.

– «Театр – мәдениет ошағы», «театр – тәрбие мекені» деп жатамыз. Қазіргі театрдың миссиясы не?

– Театр атаулы негізін қалап, әр түрлі қойылымдар көрерменіне жол тартқалы бері  көрерменіне астарлап ой жеткізу, ойландыру, рухани кемелдендіру, өзін басқа қырынан таныту, көркем сөйлеуге, сөз мәнерін білуге дағдыландыру секілді қалыптасқан заңдылығын бұзбай, өз миссиясына адалдық танытып келеді. Шерхан Мұртаза атамыз айтып кеткендей «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген қанатты сөздері театрдың, соның ішінде  актерлардың миссияларын айқындап бергендей.

– Гастрольмен басқа елдерге барып жүрсіз, мәдениетті көрермен қайда, қалай екен?

  • Әрине, біраз елге табанымыз тиді, алыс-жақын шетелдегі театр ұжымымен тәжірибе алмастық, түрлі көрерменді көрдік. Дегенмен, ешқайсысын да ерекше атап өтіп,  бөле-жарғым келмейді.   Сахна адамы үшін көрерменнің жақсы-жаманы болмауы тиіс. Біз көрерменнің жүрегін жаулай білсек, театрға деген сүйіспеншілігін арттыра алсақ мақсатымызға жеткеніміз. Дегенмен, сұрағыңыз жауапсыз қалмасын. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, итальян халқы театр өнерін жоғары бағалайды, қойылымға гүлсіз келген адамды көрмейсіз. Эмоциялары бет-жүздерінде ойнап тұрады,  қошемет көрсетулері өте ерекше.  Француздықтар да театр десе ішер асын жерге қоятын халық. Көрші ресейліктер де театрдың шын көрермені. Жапондықтардың талғамы, ойы өзгешелеу, көрермені де жеңіл-желпі дүниелерді қарағанды құп көрмейді.

– Көрерменге айтар базынаңыз бар ма? Жастар қалай қабылдайды?

– Осыдан бірнеше жыл бұрын қойылымға келетіндердің дені орта буын, ата-әжелеріміз болатын. Соңғы кездері жастардың қатары артып келеді. Қазіргі жас буынға  кінә артуға да болмас. Өйткені, олар креативті, ойлары ұшқыр. Тың дүниені  көргілері келеді.

– Ең аз жиналған қойылым болды ма? Психологиялық тұрғыдан көрерменнің азды көптігі әсер ете ме?

– Залда бос орындықтардың көп болуы біздің спектакльді жоғары деңгейде алып шығуымызға еш әсер етпейді. Саусақпен санарлықтай адам отырса да өз рөлімізді алып шығуға даярмыз. Алайда, бұндай жағдаймен ұшырасқан емеспін.

Ұялы ауылының тумасы екеніңізді біреу білсе, біреу білмес. Сондықтан оқырмандарымызға өзіңіз,  отбасыңыз туралы  әңгімелеп берсеңіз.

  • Әкем мен анам бүгінгі таңда зейнеткерлер. Әкем Әйіп жүргізуші, анам Қаным медбикелік қызмет атқарған. Отбасында бір ұл, екі қыздан кейінгі кенже ұлмын. 1999 жылы Шәкір Жексенбаев атындағы мектепті  тәмамдадым. 2004 жыл Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірдім.  Отбасылымын, тағдыр қосқан жарымның есімі Базарханым,  Айқаракөз, Айза есімді періштелердің әкесімін.

– Соңғы сұрақпен сұқбатымызды түйіндейін. Карантиндегі демалысыңыз қалай өтіп жатыр?

  • Көптен бері жоспарлап жүрген істерді біртіндеп жүзеге асырып жатырмын. Соның бірі кітап оқу. Ешқайда барудың, асығудың  қажеті жоқ кезде кітапты жастанып алып оқудың өзі ғажап екен. Бар уақытымды қыздарыммен бірге өткізудемін. Бір уақыт баламен бала боп ойнап, бірге кино көрген ұрын-соңды қыздарыма көңіл бөле алмай жүрмін, әкелік парызымды дұрыс атқара алмай жүрмін бе деп уайымдайтынмын. Сол олқылықтардың да орнын толтырудамын.
  • Уақыт бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге рақмет.

 Арайлым ЕСМАҒҰЛ