8.04.2020, 19:11
Қараулар: 505
САЛАҚТЫҒЫМЫЗ САН СОҚТЫРМАСЫН

САЛАҚТЫҒЫМЫЗ САН СОҚТЫРМАСЫН

Жұмыс барысымен бір емес, бірнеше рет аудан орталығындағы дүкен, шайханалар мен шаштараздарды аралап, санитарлық тазалығын назарға алып, төтенше жағдайға байланысты түсінік жұмыстарын жүргізген едік. Көзбен көріп, көңілге түйгенім, біздің Сайқын салақ екен. Індет жағадан алып, үйге тыққанда, бұл етектен жармасты-ау демеңіз. Шындығы сол.

Аудан бойынша 72 сауда нүктесі тіркелген екен. Соның 44-і аудан орталығында орналасқан.  Осы қырық төрттің алтауы салыстырмалы түрде ірі сауда орны саналады.

Киім-кеше пен құрылыс материалдарын сататын дүкендерді былай қойғанда, азық-түлік дүкендерінің санитарлық тазалығы сын көтермейді.  Ал, әгәрәки, осы таза дегендерін саусақпен санай қалсаңыз, бір қолыңыздың бес саусағын толмайтынына бәс тігемін.

Сайқынның басты көшесіндегі дүкендердің сыртқы сипатының өзі өз алдына бір бөлек әңгіме. Дүкен қожайындары үшін дүкеннің сыртқы келбеті, ішкі тазалығы екінші орында ма деп қаласың. Аудан үнжариясының 2019 жылғы 19 қыркүйектегі №37 «Фотообъектив айыптайды» айдарымен орталықтағы қос дүкеннің аңғал-саңғал болған сыртқы суретін салған едік. Обалы кәнекей, көп күттірмей, екі дүкен де «бет-әлпеттерін» түзеп, әктеп, етек-жеңін жинап алды. «Енді дүкен аттарын жазып, маңдайшаларын ілсін, сосын  «сыннан сабақ алды» деп  тағы бір жариялап жіберерміз» деп күттік. Сол күтуден әлі күтудеміз. Екі дүкеніміз айдалада ақ отау, аты-жөні жоқ отау боп, жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Аудан орталық көшедегі есіктері еш тыным таппайтын дүкендердің ірісі «Салтанат»  және «Нұр» дүкендері. Екі дүкеннің де сырттан қараған адамға ішек-қарыны ақтарылып жатқандай көрінетіні рас. Ғимараттары келісті, үлкен терезелі. Эстетикалық тұрғыдан керемет ойластырылғанына таласым жоқ. Тек сол үлкен әйнекті терезеден дүкен ішінің сырттағыға ап-анық көрініп тұратыны ыңғайсыз. Дүкен іші жып-жинақы боп, жұтынып тұрса, бір сәрі. Ыбырсып, тауарға толып тұрады. Дүкен емес, құдды бір қойма тәрізді. «Ең құрығанда терезесін іштен көлегейлеп қоюға болмай ма екен?» дегенді екінің бірі айтатыны даусыз. Тапсырыс берсең, жылқының өтін, құстың сүтін тауып әкелуге пейілді дүкен қожайындары  үшін  терезені көлегейлейтін күңгірт материал (тонировка пленкасын) табу аса бір қиындық тудырмасы хақ.

Дүкендердің басым көпшілігі о баста азық-түлік дүкені боп тіркелген. Қызды-қыздымен тағам түрлерінен басқа, кір жуу құралдары, шаруашылық пен кеңсе тауарларын қоса сататын болған. Кез келген азық-түлік дүкеніне кірсеңіз, нан-сүтіңізге қоса, балшық-шалшықты кезде галош, не резеңке етікті сатып аласыз. Маркетинг деген осы болар, сірә. «Онда тұрған не бар? Жақсы емес пе? Сабын үшін ана дүкенге, сәбіз үшін мына дүкенге барамын» деп жүрмейсің. Сата берсін» дерсіз. Иә, бәрінің қаладағы  супер не гипермаркет сияқты, кеңдеу, қолайлы ғимарат болса, әрине. Бізде қалай? Қуықтай жерде көкөнісің де, жемісің де, азық-түлігің де, малдың тұзы да,  кір жуу құралдары мен химиялық тазалау сұйықтықтары да бір жерде ми палауы шығып, араласып жатады. Аяқ алып жүргісіз деген тіркес сұранып-ақ тұр.

Бұл санитарлық норма тұрғысынан да қайшы екен. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Мөлдір Әбішева:

  • Негізі тауарлардың орналасу тәртібі бар. Мейлі картоп, пияз болсын, төменде, аяқ асты тұрмауы керек. Орын жоқ болғанның өзінде астында тұғыры (подставкасы) болуы шарт,-дейді.

Ал, аталмыш басқарма басшысы Света Рамазанова:

  • Негізі дүкен ісін қолға алған кәсіп иесі нысанын тіркеуден өткізгенде бір ғана мақсат қояды. «Азық-түлік дүкенін ашамын, тағам түрлерін, көкөніс, жеміс-жидек, тәтті сусын, шырын және т.б азық-түлік өнімдерін сатамын» деп көрсетеді. Кейін табысыма үстеме болсын деп, жайлап-жайлап шаруашылық тауарларын, кеңсе тауарларын қосып, керегесін кеңейтіп, сатылымын көбейтіп алады. Бұл заңсыз, әрине, -дейді.

Заңсыз екенін көре тұра, қыларға лажы жоқ екен. Моратория бар. Ірілі-ұсақты кәсіпкердің бәрі осы мораторияны өздеріне қалқан қылып алған. Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты санитарлық норманың сақталуын түсіндіруге кірген топ мүшелеріне мұрын үстінен әзер қарап, тыңдауға құлықсыздық танытқандар да бар. Сондағы айтарлары – «біз частный лицомыз». «Лицомызға»  сынға көзбен қарамаңыз дегені ғой шамасы.

–Төтенше жағдайға байланысты санитарлық нормаларды сақтап, дезбарьер, дезтөсем жаймадыңыз ба? -деген мекеме басшысының талабына «төсерміз», «жасармыз» деп жайбарақат жауап берді сатушы һәм қожайын апамыз. Індет облыс орталығында бой көрсетіп, екі бірдей адам қайтыс болды десе де, ұзын арқан, кең тұсау, керім бір жайбарақаттық.

Ал, кей дүкеннің ұзынқұлақтан жеткен хабармен есік тұтқасына байлай салған хлорлы дәкесі өзінің баяғыда сүттен аппақ болғанын ұмытып та қалғандай. Кірін қырып алуға алады.

Сатушы һәм қожайын дегенім жай айта салдым емес. Дүкен шағын болғасын шығар, кей қожайындарымыз  артық жұмыс күшіне аса зәру емес. Өздері жүк түсіруші, өздері сатушы, өздері тазалықшы. Аяғынан тік тұрып, сатып алушыларға азы сегіз, көбі он екі сағат қызмет көрсететін апамыздың тазалық жұмыстарын тиесінше жүргізуге физиологиялық тұрғыдан еш мүмкіндігі болмайтыны бес жасар балаға аян.

Сатушыларымыз мен қоғамдық орындарда қызмет көрсететін тазалықшыларымыз санитарлық норманы биылғыдай індет келгенде ғана естіп білмейді. Жыл сайын, қанша жылдық еңбек өтілі барлығына қарамастан саниминимум тапсырып, рұқсат алады.

– Азық -түлік дүкендері және қоғамдық тамақтану орындарына арналған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2018 жылғы 23 сәуірдегі №186 бұйрығымен бекітілген «Қоғамдық тамақтану объектілерінде қойылатын санитариялық- эпидемиологиялық талаптары» және 2017 жылғы 31 мамырдағы «Тағам өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптары» бар. Қоғамдық тамақтану орындары мен азық-түлік дүкендерінде тамақ дайындаумен, өлшеп-ораумен, сақтау мен тасымалдаумен айналысатын адамдар   арнайы ережелерді сақтауы қажет. Олар жылына бір рет медициналық және зертханалық тексеріп-қараудан және гигиеналық оқытудан  өтіп, медициналық кітапшасына рұқсат белгісі қойылған кезде ғана жұмысқа жіберіледі. Жұмысқа кірісер алдында жеке бас гигиенасының тазалығы қадағалануы керек, шаштарын қалпақ немесе орамалдын астына жинап, арнайы киім және аяқ киімдерімен қамтамасыз етілуі қажет. Жұмыс жасау барысында зергерлік бұйымдарын (сырға, сақина т.б) тағуға, тырнақтарын өсіруге, бояуға рұқсат етілмейді. Әр жұмыс ауысымы сайын және дәретханаға бару алдында арнайы киім ауыстырылады, келген соң міндетті түрде қолды сабынмен жууы қажет. Арнайы киімді бөгде заттармен түйреуге (түйреуіш, ине) және қалтасына жеке заттарын салуға болмайды. Өндірістік үй — жайларға арнайы киімсіз, бөгде адамдардың кіруіне рұқсат етілмейді.

Объектілер әр жұмыс күнінен соң жуылып, дезинфекциялануы керек. Сатушы объектінің тазалығына,тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын ілеспе құжаттың барлығына, тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімі мен сақталуын қадағалауы қажет,-дейді аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Мөлдір Әбішева.

Дүкен қожайындарының желке қыры жібермейтін тағы бір шаруасы – тауарлардың бағасын көрсетіп қоймауы.

  • Тауарларға баға қоймауы қожайынға ыңғайлы. Бағаны әркімге әр қалай айтады. Қолма қол төлем жасайтын болсаң, құмшекердің келісі 250 теңге, қарызға жаздырып алсаң, 300 теңге боп кетеді, -деп қояды ауыл тұрғыны.
  • Айтып тұрғаныңыз рас болса, атыңызды неге айтпайсыз?-десем,
  • Бүгін ақшама сатып алсам, ертең жаздырып алам. Газетке мен айтты деп шығып тұрса, кектеніп қалар. Араға күн салып келіп, өзің тексеріп көрсеңші,-деп аты-жөнін көрсетуді қаламады.

Дүкендердің көпшілігіне тән тағы бір «қасиет» – тазалықшылары әмбебап. Еденді де жуып, сөрелерді сүртіп, тауарларын сұрыптап, кезек көбейіп кетсе, сатушы да бола салады.

Аудан тұрғындарының дүкендердің сервистік қызметіне қатысты көзқарастарын сұрай қалсаңыз, «Сайқындағы дүкендердің сервистік қызметі «ой-ой» ғой. Айтарға сөз жоқ. Шамаларының келгені, иықтарының көтергені болар. Мысалы, бір дүкенге бағасының қолжетімділігі үшін барсаң, екінші дүкенге тауарларының мерзімі өтпеген, жаңадан әкелінген деп сеніп барасың.  Енді бір дүкенге қалтаң жұқарып, қысылғанда жаздырып алуға барасың» деген жауаптар аласың. Ешкім нақты ештеңе айтпайды. Шағын кәсіпкерлерге ешкім, еш мекеме тексеріс жүргізіп, талап қоя алмайды деп түсінеді. Одан қала берді. «Сіңілім, құдашам, пәленшем дүкен ұстап отыр. Қалай қиналып жүргенін көріп жүрмін ғой. Не айта аламын? Көш жүре бара түзелер» дейді. Иә, шағын және орта кәсіп иелеріне жел беріп, айдарларын үрлеп тұрған мораторийге қарсы айтарымыз жоқ. Сонда сансыз тұтынушының талабын кім тыңдап, мүддесін  кім қорғайды?

Мүдде демекші. Ауданда заңды тіркелген алты шайхана бар. Оның үшеуі Сайқында, екеуі Хан ордасында болса, біреуі Ұялыда.  Сондағы аспаздар кім, даяшылар кім? Кімнің қолынан тамақ ішіп жүрміз? Осы рейд барысында шайханаға да, жолшыларға қызмет көрсетіп отырған асханаға да, шаштараздарға да бардық. Аспазы да, аспаз көмекшісі де, шаштаразымыз да коронавирус сияқты әлемді дүр сілкіндірген індеттен бейхабар. Музыканы барына қойып, бірі түстіктерін әзірлеп, енді бірі клиентінің шашын қиып жатыр. Ал, шайханада ағаларымыз емес, апаларымыз бас жазып отыр екен. Суретке сырт еткізе салуға олар емес, өзіміз ұялдық.

Күні кеше «балаларға арналған кафе ашылды» деп өзіміз жарнамалаған «Aisha-baby» кафенің келушісі аз болды ма, басқалай себеп болды ма, жабық тұр. Тапсырыс болғанда ашылар, әрине. Бірақ жабық кезде кірер ауызын тап-тұйнақтай ғып, тазалап кетуге болмады ма екен?  Балаларға арналғанын кафе екенін айғақтап, дәлізінде бала горшогы ғана тұр. Асханамыздағы қызметкер мен шаштаразымыздың кейбірі медициналық тексерістен өтіп, тиісті мекемелерден рұқсат алмаған. Жұмыс тапқандарына мәз. Кімге кінә артамыз, талап етпеген жұмыс берушіге ме, нәпақа табар жұмысқа мәз боп, талапты естен шығарған қызметкерге ме?

Балалар кафесін, шаштаразды да,  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалын бір шатыр астына біріктіріп тұрған бұл ғимаратты тек заңды тұлғалар емес, тұрғын жай ғып мекен еткен азаматтар да бар екен. Осы тұрғындардың өздері баспана ғып отырған ғимараттың  айналасында түрлі мекеме, мектебі бар, тоғыз жолдың торабында тұрғанына қарамастан терезелеріне жабын емес, жайма ұстай салғандары  ыңғайсыздау екен. Төрт қабырға бар, шатыр бүтін болса болғаны-ау. Балалы үй болса да, есік алдының тазалығына да аса бас ауыртпайтынға ұқсайды. Тұрғындардың кім екенін сіз сұрамай-ақ қойыңыз, мен айтпай-ақ қояйын.

Байқайсыз ба, сөз басын дүкен тазалығынан бастап, жекенің үйіне бет алып барамын. Сөзім осымен тәмам болсын.

«Частныймын» шаруаң болмасын», «жекемін, жүйкеме тиме» дерсіз. «Үкіметтің өзі мораторий жариялап, атауы мың құбылса да, ел аузында СЭС боп қалған  аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы да, салық та алыстан ғана үнсіз бақылап, түсінік берумен ғана шектеліп отырғанда  басқаға не жорық?» дерсіз. Шыдамыңыз жетіп, мақаланы бастан-аяққа оқып шықсаңыз, ашуланып, сыртымыздан сыбарсыз. Ашуды салқын ақылға жеңдірген соң сырт көз ретінде өз дүкеніңізге бір қарап көріңізші.

Мысық табандап  еніп, сағат емес, минут сайын науқас санын артырып отырған коронавирустан сақтанудың бірден бір жолы тазалық екенін естен шығармаңыз.