24.03.2020, 11:55
Қараулар: 254
«ҚАСІРЕТ АТАУЛЫНЫҢ БӘРІ БІЗДІҢ ЕСТЕЛІГІМІЗБЕН КЕТСІН»

«ҚАСІРЕТ АТАУЛЫНЫҢ БӘРІ БІЗДІҢ ЕСТЕЛІГІМІЗБЕН КЕТСІН»

Сайқын ауылындағы ақ жаулықты кейуана Мырзағаным Бақтыгереева биыл тоқсаныншы көктемін қарсы алып отыр.

  • ­Көзімнен айырылғалы, апта, айдың күнін ғана емес, тәуліктің мезгілін айырудан қалады екенсің. Бүгін көрісу айты екенін көрісе келген көптің келісінен біліп отырмын, ақ марқам-ай. Е,Алла алмаған соң, жан бағып отырмыз ғой осылай. Әр таң сайын балаларымның амандығын, елдің тыныштығын тілеуден басқа не қалды бізге? –деп қояды кейуанамыз.

Мырзағаным әже онға толғанда әкесі Бақтыгерей інісімен майданға аттанған.

  • ­Әкем сол кеткеннен мол кетті. Анам марқұм даланың жұмысына жегілді. Күн, түн демей, еш шаршауды білмей еңбек етті. Табаннан өткен сыз, бел жаздырмаған ауыр еңбек қойсын ба? Жастай қайтты. Мен ұлдарының тілеуін тілеп, зар жылаған атамды бағып, өгіз айдап, үлкендермен бірге еңбекке тұрдық. Анам қайтқан соң, атамның пырағы да, шырағы да, сенері де, қарманар талы да мен болдым. Жетім шал мен жетім қыз тіркесіп жүріп, ес жидық. Кейін тұрмысқа шықтым, өмірімнің бәрі дерлік үй тірлігімен өтті ғой. Мектеп көрмедік, маман боп қатар көрмедік,- деген Мырзағаным әжеміз бүгінде қарты Рахметолладан қалған қара шаңырақтың шырақшысы.

Алды алпысқа келген, арты елуді еңсірген қос ұлын жас баладай еркелетіп, немерелерінің тілеуін тілеп отырған әулет анасы.

  • Бар қиындық, бар зұламат біздей кәрі-құлтаңның естелігімен кетсін. Елдің ертеңі жарқын, мына жаман немелердің болашағы жақсы болсын. Біз көрмеген жақсылықты сендер көріңдер,-деп батасын берді.