24.03.2020, 11:20
Қараулар: 254
ӘР АДАМНЫҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ ­ — ОРТАҚ ҚАУІПСІЗДІГІМІЗ

ӘР АДАМНЫҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ ­ — ОРТАҚ ҚАУІПСІЗДІГІМІЗ

Төрткүл дүниенің  уайымы  – коронавирус. Ғасыр індетіне айналған бұл вирустың құрбан саны күн сайын емес, сағат сайын құбылып тұр. Қытай елінен басталған коронавируске бастапқыда самарқау қарағанымыз рас. «Иек астындағы елдегі ахуал бізге де жетуі ықтимал» деген бас санитар Бекшиннің сөзін сан саққа құбылтып, етек-жеңімізді жинай қойған жоқпыз.

 

Ә дегеннен коронавируске шалдыққандар саны үш ондықтан бір шықты. Төтенше жағдай жарияланып, шекараға шектеу қойылды,  мектептен бастап, оқу орындарының бәрі, ірі сауда, ойын-сауық орындары жұмысын тоқтатты. Аудан көлемінде коронавирустың алдын алу, сақтану мақсатында қандай шаралар жүзеге асуда? Аудандық аурухананың дайындығы қандай? Осы тұрғыда аудандық аурухананың бас дәрігері Анарбек Белисановқа жолыққан едік.

  • ­Коронавирус пандемия деп жарияланды. Әңгімемізді осы эпидемия мен пандемияның ара жігін ажыратып айтудан бастасақ.
  • Үш ай бұрын Қытайдан бастау алған әлем бойынша 120-дан астам елге тарап, 130 мыңға жуық адам осы ауруға шалдыққан. Қайтыс болғандар саны бес мыңнан асады. 70 мыңға жуығы аурудан айыққан. Наурыздың 11-інде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл коронавирусты пандемия деп жариялады. Эпидемия – аурудың халық арасына тарауы болса, пандемия – дерттің дүние жүзіне таралуын білдіреді.
  • Доңыз тұмауы дедік, эбола дедік. Біздің елге келмегенімен, әлем елдерінде әр жылдар түрлі-түрлі эпидемиялар тіркелген. Бұл коронавирустың ғасыр тажалы аталуына басты себеп не екен?
  • Аурудың 80%-ынан астамына осы вирустар себеп болады. Туберкулез, бруцеллез, гепатит, ЖҚТБ – бәрі де оссы вирустан басталатын аурулар. Коронавирус бұрыннан бар. Жаңадан қолданысқа еніп тұрған сөз емес. Коронавирустан әр жылдары атипиялық пневмония тудырған SARS, ауру көзі түйе болған MERS деген эпидемиялар туындаған, өлім-жітім де айтарлықтай болған. Коронавирустан ушыққан ауру бұл жолы COVID-19 деп аталады. Вирустар негізінен тыныс жолдарын зақымдайды.    Вирусолог емеспін ғой. Дегенмен, білгенімді айтайын, бұл вирус адамға жануардан мутация нәтижесінде жұққан. Яғни, вирус өзгеріске ұшыраған. Ал, адам ағзасында оған қарсы иммунитет жоқ. Сол үшін карантин жарияланып, алдын алуға әрекет етуіміз керек.
  • Алдын алуымыз керек дедіңіз. Осы мақсатта қандай шаралар қолға алынып отыр?
  • Салауатты өмір салтын сақтау кабинетінің және туберкулез кабинетінің мамандары мектептерге, 2036 шекарлық бақылау бөлімшесіне барып, коронавирустық инфекцияның алдын алу және обаға қарсы костюмдерді қалай киіп-шешу тәртіптері туралы семинар өткізді. Ақпараттық материлдар таратылып, бейнероликтер көрсетіліп, сауалдарына толыққанды жауап берілді.
  • Аудандық аурухананың төтенше жағдайға дайындығы қандай?
  • Инфекционист, анестезолог-реаниматолог, терапевт, қосымша мамандар күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Пандемияға орай бокс ашылып,екі фильтр, екі палата дайындалды. ИВЛ аппараты, ларингоскоп, монитор, оттекті баллон, дефибриллятор, пульсоксиметр, инфузатор және тағы басқа да тиісті құрылғы, жабдықтармен қамтамасыз етілген. 35 мыңдай маска, 360 бір реттік қорғаныш киімі, 38 көп қолдануға болатын қорғаныш киімі мен 1200 дана медициналық қолғап, 125 бірнеше мәрте қолдануға болатын РРҒ2 маскасымен қамтамасыз етілді.
  • Науқас түскен жағдайда аурухана әрекетінің алгоритмі қандай?
  • Қызумен түскен науқасты аурухананың кіреберісінен жеке қорғаныш құралымен қамтамасыз етіліп, бірден фильтрге жіберіледі. Науқастың анамнезі жинақталады. Дене қызуынан басқа барлық симптом сарапқа салынып, пандемия болжамына сәйкес келіп жатса, аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасы қауіпсіздік бақылау басқармасына хабарлама беріп, науқасқа қорғаныш киімдерін кигізіп, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жолданады.
  • Ал, науқастың әрекет алгоритмі қандай болуы керек?
  • Науқас өзін жайсыз сезініп тұрса, ауруханаға өз аяғымен келудің қажеті жоқ. Жедел жәрдем шақыртса болды. Симптомдары тұмау сияқты басталатын бұл дертке немқұрайлы қарауға болмайды. «Жұмыстан бос екенмін, көрісіп қайтайын» деп, алыс-жақын туысты түгендеп, жауапсыздық танытпаңыз. Әр адамның жауаптылығы – ортақ қауіпсіздігіміз. Алматы, Астанадан келген студенттеріміз аудандық ауруханаға келіп, тексерістен өтіп кетуге міндетті. Мамандар коронавирус адам ағзасында екі аптадай сақталады деп отыр. «Бастысы, Алматы, Астанадан сап-сау келіп, ауылға келген соң, мырқырап отырмын. Салқын тигізіп алдым» деп жайбарақаттыққа салынбау керек. Өз денсаулығына мән бермеген адам күні ертең аурудың таралу ошағы болмасына кім кепіл?
  • Бас дәрігер ретінде халыққа айтар басты қағидаңыз қандай?
  • Эпидемия әр кезде бар болған. Бола береді. Оба, безгек, шешек сияқты ауруларды білеміз. Бұл тек медициналық емес, түрлі көркем шығармаларда бар. COVID-19 та сол кезекті эпидемия. Осы заманның мүмкіндігін, технологияның даму қарқынын ескерсек, ойбайға салып, дүрлігудің еш қажеті жоқ. Ең бастысы, өзіңнің жеке басының тазалығына жауапты бол, елуден астам адам жиналған көптік ортаға барма, иммунитетіңді көтеруге тырыс, дәрумен, табиғи көкөніс, жеміс-жидектерді көптеп, тұтынып, ауырмаудың жолын ізде. Әр қайсымыз осылай әрекет жасасақ, ортақ қауіпсіздігімізді сақтай аламыз. Тағы да қайталап айтамын, коронавирустың бұл түрінің дәлелденген емі, дәрісі жоқ, бірақ, алдын алу жолы бар. Яғни, ауырмаудың жолы бар.
  • Уақыт бөліп, сұқбат құрғаныңызға рақмет! Аман болайық!

Сұқбат құрған Ұлпан ЖАКИНА