13.03.2020, 11:26
Қараулар: 274
БИСЕНДЕГІ БУККРОССИНГ

БИСЕНДЕГІ БУККРОССИНГ

Б.Жәнекешев атындағы орта мектеп кітапханасында буккросинг өтті. Атауы бөлек бұл шараның басты мақсаты — өз үйімізде шаң-тозаң болып жатқан немесе оқылған кітаптарға екінші өмір сыйлау екен. «Буккроссинг» ағылшын тілінде  кітаптың айналымда жүруі, яғни, өзің оқысаң, өзгеге табыс ет қағидасына негізделген хобби. Ал, біздің кітапханада өткен шара кітаппен алмасу емес, кітаптан білген-түйгенімен бөлісуге арналды. Нақтырақ айтсақ, әңгіме желісі Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы төңірегінде өрбіді.  Кітапханашы Светлана Дүйсенғалиеваның ұйымдастыруымен өткен бұл шараға 6-сынып оқушылары, Құбиевтар, Беғалиевтер отбасылары, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жаңылсын Отарбаева қатысты.

Алдымен оқушылар өздеріне ұнаған үзінділерді мәнерлеп оқып берді. Даңқты қаһарманның  Отан, отаншылдық, әскери тақырыптарға арнап жазған қанатты сөздері, мақал-мәтелдерге айналып кеткен сөздері, тәрбиелік мән-маңызы бар жазбалары оқушыларға жасырылды. Оқушылардың белсенділігі бізді қуантты.

«Ұшқан ұя» повесіндегі қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттайтын өлең жолдарды, үзінділерді, көріністерді жатқа оқудан оқушылар алдарына жан салмады. «Сұрақ қоржындағы» сауалдарға шәкірттер тапқырлықпен жауап берді. Бұл бөлімде де ер балалардың белсенділігі жоғары болды.

Кітап емес, кітаптан туған оймен алмасу акциясы өз жалғасын таба береді. Түрлі жастағыларды кітап оқуға шақыру, кітапханаға оқырмандарды тарту үшін осындай тәрбиелік мәні бар  шаралар  жиі өткізілсе деген ата-аналардың тілегін  жеткізгім келеді.

Е.МӨКЕШОВА,

штаттан тыс тілші

Бисен ауылы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ауыл жаңалығы

Басқа да мақалалар