13.03.2020, 11:19
Қараулар: 770
БАУЕДИННІҢ БЕНЕФИСІ

БАУЕДИННІҢ БЕНЕФИСІ

 Аудан, облысқа кеңінен танымал, елдің зор мақтанышына бөленген әуесқой сазгер, аудандық Халықтық Ұлт аспаптар оркестрінің дирижері, “Нарын‘’ вокалды аспаптар ансамблінің мүшесі марқұм Бауедин Сапиоллаұлы Ғабдуллинді еске алуға арналған «Өнердің биік бақыты» атты бенефис кеш өтті.

Бауедин ағамызға арналған шара туған қара шаңырағында Құран бағыштаудан басталды. «Данияр» тойханасында ағаның дүниеден озғанына бір жыл толуына орай ас берілді. Оған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының м.у.а.Жоламан Сисенғалиев арнайы қатысып, әріптес ағасы жөнінде тамаша естеліктерімен бөлісті.

Ауылдық мәдениет үйінде өткен «Өнердің биік бақыты» атты бенефис кешіне жиналған қауымның қарасы мол болды. Аяулы жары Жанар мен ұлы Айбек,  құдалары мен туғандары да осынан табылды. Бауедин ағаның өмір жолы  туралы ауыл әкімі Кенжебек Құрмашев хабарлама жасады.

Реті келген соң айта кетейін, өнерлі шаңырақтың тірегі марқұм Сапиолла ата мен Нәсіпханым әженің шаңырағында жеті ұл, бір қыз тәрбиеленіп өсті. Әр қайсының мамандықтары әр түрлі болғанымен, қанмен келген өнерден ешкім де кенде болмады. Оған қара шаңыраққа  ие болып қалған Бәуединнің бауыры Сағынбек аға  «Ерке сылқымды» төгілткенінде тағы бір мәрте куә болдық. Алматыда тұратын жалғыз апасы Айсұлу бейнебайланыс арқылы бала кездегі естеліктерін айтып, сағынышын жеткізді. Құлын-тайдай табысып өскен сыныптастары, сынып жетекшісі  Тәмпішханым апай Насиева балалық шақтың тәтті күндердің қызықты сәттерін тебірене айтып, өмірден ерте кеткеніне өкініш білдірді. Өз кезегінде аудандағы  саз мектебінің ұстаздары Азамат Зайнуллин мен Ермек Шәріпов «Бізге ағамыздың шәкірті болу бақыты  бұйырған бақытты жандармыз» деп,  «Есіңе мені алғайсын» әнін шырқады. Азамат Файзоллаұлы «Ақ жауын» күйін күмбірлетсе, тұлпардың тұяғы Айбек гармонмен қазақтың халық әні «Қоғалы-айды» төгілте орындады. Шара барысында «Досқа сағыныш» әнін шырқаған Э.Құдабаев «Қайран Бауедин» деп жыр оқыған Х.Бисекеев,  Абайдың «Көзімнің қарасын» тамылжыта орындаған марқұмның жиені Салтанат Ғаділбектердің өнеріне көрермен ризашылықтарын білдірді.

Аудандық демалыс орталығының қызметкері Миллат Насыров аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің атынан марқұмның жары Жанарға  камзол кигізіп, ақ орамал жапты. Ал, ұлы Айбекке  қазақтың қара домбырасын сыйға тартты. Ауыл әкімі де өнерлі жанның отбасына сый-сыяпатын ұсынды.

Кеш соңында ауылдық кітапхана басшысы Лунара Сембиева «Өнерді сүйген Бауедин» атты көрмесін көпшілікке назарына ұсынды.

     Екатерина Жолдығалиқызы ,

штаттан тыс тілші,

Бисен ауылы