13.03.2020, 11:05
Қараулар: 280
ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ – АЗАМАТҚА АРДАҚТЫ БОРЫШ

ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ – АЗАМАТҚА АРДАҚТЫ БОРЫШ

 Қан майданда шыңдалған қаһарман Бауыржан Момышұлы «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес» деген екен. Ел басына күн туғанда тартынбастан, жандарын пида қылып, атқа қонған сол бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы солай ойлай ма?

Бейбіт заман болса, әскери міндетін орындаудан тайсақтайтын жастарымыз көп. Кез келген әскерге жарамды Қазақстан Республикасының 18-27 жас аралығындағы азаматы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге міндетті.

Биыл елімізде әскерге шақырылушылар наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсанда іріктеледі. Сайқын ауылындағы әскер жасындағы 87 азамат болса, қазіргі таңда жастары көктемгі шақыртуға сәйкес келетін  23 азаматтың 5-еуі ғана шақырылды. Өзгесіне шақыртудың жеткізілмеуіне  олардың көпшілігінің ауылда болмауы себеп боп отыр. Бірі ауысымдық  жұмыста болса, енді бірі өзге жерде білімін жалғастыратын студент жастар.

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы Заңның 35-бабында  әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру тәртібі кеңінен айтылған. Негізі азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бойынша беріледі. Шешім шақырылушының отбасылық жағдайына,  білім алуды жалғастыру үшін,  денсаулық жағдайына және де басқа себептер бойынша қабылданады.

Отбасылық жағдайлардың өзі бірнеше жағдаятты ескереді. Мәселен, отбасы мүшелерінің бірінің мүгедектігі болса, әскерге шақырылушы отбасында жалғыз ер бала болып табылса, өзiнiң асырауында анасыз тәрбиелеп отырған баласы болса, т.б. жайларды қамтиды.

«Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген Бауыржан Момышұлының ұлағатты сөзі әрбір жастың жүрегінен орын тапқан. Десек те, соңғы кезде Отан үшін отқа түсетіндердің саны азайып кетті. Басым бөлігі ол жердегі жағдайдан үрейленеді. Оқтын-оқтын шығып тұратын әскерлер өлімі жайлы жайсыз қауесеттер ата-аналарды үркітіп қойған. Әрине, әскерге өз еркімен сұранатындардың да қарасы жетерлік. Мойындау керек, қазір қазақ­стандық сарбаздардың қарындары-тоқ, көйлектері-көк.

«Болат қайнауда, ер жігіт майданда шынығады» дейді дана халқымыз. Әскер сені тәртіпке, жүріп-тұруға, қару ұстауға, бұйрыққа бағынуға, бірлесіп қызмет жасауға үйрететін нағыз ер-азаматтардың мектебі. Әскерден себепсіз бас тартқандар болатын болса, заң алдында жауап береді. Әскери шақыртудан жалтарғаны үшін 1 жылға бас бостандығынан айырылады немесе 1000 (мың) айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Ал егер өзінің денсаулығына қасақана зиян келтіріп, ауруын сылтауратып жалған құжат жасататын болса, үш жылға сотталады.

Сылтауратып әскери қызметтен қашпаған жөн. Себебі, сен азаматсың, еліңді қорғау- міндетің.

 Дәурен ДАУЛЕНОВ,

Сайқын ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы