13.03.2020, 10:27
Қараулар: 554
МАШЫҚТА МӘНІН ҰҚТЫМ МАМАНДЫҚТЫҢ

МАШЫҚТА МӘНІН ҰҚТЫМ МАМАНДЫҚТЫҢ

Осыдан  үш жыл бұрын Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжіне «қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түскен едім.  Әне-міне дегенше оқуды тәмамдап, жас маман ретінде еңбек өндірісіне араласатын жауапты шаққа жақындап қалыппыз.

Бірақ оқу орнында жинаған білім-білігімізді әуелі дипломалды машықта дәлелдеуіміз керек. Мен де өзге құрбыларым сияқты ұстаздық жолындағы  алғашқы баспалдақты өзім ұшқан ұя – М-С.Бабажанов атындағы ЖОББ мектебінен бастауды жөн көрдім.

Бұл жолғы мемлекеттік машық кезеңі маған  үлкен жауапкершілік жүктеді.  Сол себепті де әр сабағыма жіті дайындалып, ұстаз деген атқа лайық болуғы тырыстым. Бүгінде оқу бағдарламасы бұрынғыдай емес, біраз жаңартылған,  оқушының білімге ықыласын арттыру үшін үнемі ізденіс үстінде болып, өзіңді қамшылап отырмасаң, мұғалім ретінде қадір-қасиетің төмендейтіні аян. Осыны лайым қаперімде ұстап, көрнекі құралдар мен тиімді әдіс-тәсілдерді  пайдаландым, көздері оттай жанып отырған шәкірттерім  үшін бар күш-жігерімді салдым.

Машық  уақытында  жетекшім Айнұр Жаманғарина маған бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесімен бөлісті.  Осынау аз уақыттың ішінде  мамандығыма деген сүйіспеншілігім артып, Мұхтар Әуезовтың «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің уақытын аялау»  деген сөзін жіті түсінгендеймін.

Зәмзәгүл ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,

Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық

колледжінің 3-курс студенті 

Редакцияға хат

Басқа да мақалалар