13.03.2020, 10:17
Қараулар: 199
ЖӘРМЕҢКЕДЕГІ ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУ

ЖӘРМЕҢКЕДЕГІ ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУ

«Бірге шай ішейік» акциясы аясында елді мекенімізге әйел басшылар келді. Әйелдер мерекесімен тұспа-тұс келген бұл жүздесуді біз жақсы нышанға баладық. Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мен Сайқын ауылдық округінің әкімі Нұргүл Омарова арнайы ат бұрып, Жәрмеңке ауылындағы үлкендермен кездесті. Мерекемен құттықтаған атүстіндегі нәзікжандылар ақ жаулықты аналарды, қыз-келіншектер мен қырмызы қыздарға жылы лебіздерін, ізгі тілектерін жеткізді.

Дастархан басына жиылған жәрмеңкелік ақжаулықтылар баталарын жаудырып, өткен-кеткенді еске алды. Сонау қиын кездерді әңгімелеп, бүгінгі тірлігімізге шүкіршілік етті.

Иә, бүгінде торқалы 90 жастан асқан Қатима Дәулетова әжеміз, сексенді бағындырған Ғайнижамал Абдоллина анамыз жастайынан ауыр жұмысқа жегіліп, жоқшылықты бастан өткерген. Сөйтсе де, қиындыққа мойымай, өздеріне берілген қай жұмысты да асқан жауапкершілікпен атқарып, шаңырақ көтеріп, 10-12 баладан тапқан. Алтын құрсақты батыр ана атанған. Бірі жетсе, бірі жетпейтін заманда барды үйлестіріп, киімдерді жамап-жасқап, бүтіндеп, отқа көмген нанды барлық бала-шағаға теңдей бөліп беріп өсірген. Бар мен жоқты сезініп өскен ұрпақ ешкімнен кем түспеді деп сөздерін жиды ауылдың үлкендері. Егде тартқан әжелеріміздің жолын қуған Шынар Сәрсенова, Дәмелі Дүйсенғалиева, Зура Адоллина сынды ауылдағы көпбалалы аналардың да ізгі ниеттері тыңдалды.

Дастархан басында ән де шырқалды. Хакім Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін ауылдың үлкен-кішісі қосыла әуелетті. Мәди Айкөркем, Оралхан Баянер, Ерқанат Қибат есімді бүлдіршіндеріміз тақылдаған бал дауыстарымен тақпақтарын айтып, отырыстың ажарын ашты. Мерейімізді тасытып, көңілімізді аулаған ханымдарға, әсем әндерімен шарамыздың көркін келтірген ұйымдастырушыларға аналық ризашылығымыз шексіз.

Мария ҚОШТАНОВА,

Сайқын ауылдық округі,

Жәрмеңке елді мекені