13.03.2020, 9:52
Қараулар: 249
ФРАНЦИЯДАҒЫ БӨКЕЙЛІК МАКИЗАР

ФРАНЦИЯДАҒЫ БӨКЕЙЛІК МАКИЗАР

Қарсыластар қозғалысы аталған партизандар қозғалысы тек Ресей, Украина, Белоруссияда ғана емес, Еуропада кеңінен әрекет етті. Франциядағы қарсыластар қозғалысының  бір мүшесі бөкейлік Қадем Жұманиязов туралы бұл күнде екінің бірі білмес.

Ауладағы құлпытас

Мен бұл есіммен ең алғаш сол кезде Орда тарихи-революциялық музейде жұмыс жасап жүргенімде таныстым. Бірде музей басшысының үйіне барғанымда аулада әлі кеуіп үлгермеген қолдан құйған құлпытас тұр екен. Оған «Қадем Жұманиязов (1917-1948 ж) – француз қарсыластар қозғалысына қатысушы. Белгі қойған Сиранов Шарап» деп қашап жазылған екен. Шәкең Қадем туралы бұрын да айтып жүретін еді. Қарбалас қызмет барысында айтылған соң ба, ат үсті тыңдап, аса бір мән бермеген екенмін. Осы жолы Шәкең Қадем туралы кеңінен қозғады.

– Екеуіміз құлын-тайдай тебісіп бірге өстік. Мектеп табалдырығын бірге аттап, бірге бітірдік. Қадем менен  бір жас кіші еді. Ол жасынан еті тірі, көпшіл, өнерге бейім болды. Ұқыпты киініп, үстіне қылау түсірмей, таза жүретін. Бірнеше музыкалық аспапта шебер орындайтын. Биің айтсаңшы! Бір сөзбен айтқанда өз ортасының гүлі болды. 1930 жылдары Орал қаласындағы мұғалімдер институтында сырттай оқи жүріп, қаладағы қазақ музыкалық-драма театрына жұмысқа орналасты. Танымалдардың бірі болы. Кейін елге келіп, өнердегі қызметін мұғалімдікке айырбастады,-деп еске алды Шарап Сиранов.

Әртіс Қадемнің елге келуінің де өз себебі бар. Ол қызмет еткен қазақ театры белгісіз себептермен өртеніп кеткен еді.  Соғыс басталар алдында Шәкең мен Қадем Мәскеу маңындағы Серпухов әскери лагерінде әскери жаттығудан өтіп жатты. Осы жерде екеуінің тағдыры екіге айырылды. Шәкең ІІ Мәскеу авиамектебіне курсант боп оқуға қабылданады да, Қадем ауырып, госпитальға түседі. Шыққасын тікелей майданға аттанады.

Жау тамұғынан партизандар отрядына

1941 жылдың шілдесі. Смоленск маңындағы ежелгі Ельня қаласы түбінде кескілескен ұрыс жүріп, Қадем ауыр жараланады. Сұлқ жатқан оны «өлдіге» санап, еліне «қара қағаз» жібереді. Ессіз жатқан жауынгер жау тұтқынына түседі. 1942 жылы немістер әскери тұтқындарды Батыс Украинаның бір ауылы арқылы айдайды. Тұтқындар ауыл тұрғындары құраған «дәлізден» өтіп бара жатады. Қадем қалай болғанын білмейді, бір қараса, колонна ұзап жатады да, бұл қолында ұстаған сәбиі бар, тұрғындар арасында тұр. Шамасы бір әйел шетте келе жатқан мұны айдауылдың көзін ала беріп, колоннадан шығарып, қолына сәбиін ұстата салса керек. Тұтқындар әбден ұзап кеткен соң, әлгі әйел үн-түнсіз алдына түсіп жүре берді. Мұның қолындағы сәбиін де алмады. Қадем партизандарды тауып қосылуды армандады. Қою орман ортасымен ұзақ жүрді. Тағы да қолға түсті. Тағы да сол неміс тұтқыны. 1943 жылы немістер көп әскери тұтқынды Бельгияға апарып зауыт-фабрикалардың қара жұмысына жегетін еді. Жастау, күші көптерін тас бұзуға салды. Бірде бұларды айдауылмен орманнан ағаш кесіп әкелуге жұмсады. «Қайда да өзекті жанға бір өлім» деп  тұтқындар айдауылға шабуыл жасады. Үшеудің бірі испан жігіті оққа ұшты. Француз екеуі қалды. Орман шетімен жол өтеді екен. Соған түсеміз деп келе жатқанда немістер көріп, атқылайды. Француз жолдасы да оққа ұшты. Өліп бара жатып, «мен бәрібір біткен жанмын, сен қолға түспе, қаш, батысқа қарай жүре бер, Франция жерінен шығасың, қаш» деді.  Содан Қадем ну орманды паналап, батысқа қарай тартты. Тағы да сол өнімсіз жүріс. Шаршап ұйықтап кеткен екен, қатты шыққан дауыстан оянды. Көзін ашса, көп адам қаумалап тұр. Партизандар екен. Не дегенмен жат қой, оған біразға дейін сенбеді. Өйткені, қашан оянса да, анадайдан күзетшіні көретін. Бір күні командир шақырып алып: «Жақын маңда әскери лагерь бар, ондағы тұтқындардың көбі орыстар, қасыңа екі кісі қосамын, соларды құтқару керек» деді. Ана екеуіне автомат, бұған тек тапанша беруіне қарағанда Қадем өзінің әлі күнге сынақта жүргенін сезді. Енді оған өзін осы операцияда қалай да өзін көрсету керек болды. Іңір қараңғылығында жолдастарымен лагерьге жақындап барып, барлау жасады. Тұрған жері алаңқай, ашық, көрінбей бару еш мүмкін емес. Сондықтан олар кешкілік өрістен қайтқан сиырларды тасалап, діттеген жеріне жетті. Күзетшіні қанжармен жайратып, казарманы басып кіріп, жаудың еш әрекет етуіне дес бермеді. Он сегіз жау әскерін жер жастандырды. Сөйтіп, Қадем операцияны еш шығынсыз сәтті өткізді. Лагерь тұтқындары босатылды.

Содан кейін толық сенімге кірген Қадемнің әскери қызметі алға басты.

1944 жылдың жазында одақтастардың (АҚШ пен Англия) Еуропада екінші майдан ашуына байланысты кәрі құрлықтың басқа да елдеріндегі сияқты Францияда да, әсіресе, елдің оңтүстік аймағында  қарсыластар қозғалысы кеңінен қанат жайды. Концлагерьден, Түркістан легионынан қашқан, Испания интернационалдық бригада құрамында келген Кеңес одағының түрлі ұлт өкілдері осы қозғалыс қатарына, яғни, Франциядағы партизандар қатарына қосылып, немістерге қарсы аянбай күресті. Олар өздерін «маки-макизарлар» деп атаған. Жоғарыда айтылып өткен операциядан кейін Қадем взвод, рота, батальон командиріне дейін көтерілген.

Қилы күннің куәсі – күнделік

1979 жылы Алматыға іссапармен барғанымда Қадемнің інісі, белгілі композитор Базарбай Жұманиязовтың үйінде болып, Қадемнің күнделігін көрген едім. Музейге сұрағанымда Базарбай ағамыз «күнделікті Кеңес саясатына «жақпайтын» сөздер бар» деп қарсы болды. Кейін Қадемнің ұлы Заурға берермін деген еді. Түбейгелі алмасам да, сол күнделіктен үзінділер  көшіріп алғаным бар.  Сол үзінділерге назар аударсақ.

«Біз, бәріміз немістің әскери тұтқынынан қашып шығып, сол немістің өзіне қарсы соғыстық. Мен 90 адамнан отряд құрдым. Оның құрамында  испан, француз, орыс, поляк, грузин, қазақ және т.б болды. Бізді азық-түлікпен жергілікті халық қамтамасыз етті. Ал, қару-жарақ одақтастар жағынан парашютпен түсірілді. Жетпегенін өзіміз шабуыл жасап, құртып жіберген немістің ірілі-ұсақты гарнизондарымен толтырдық. Испанияның ХІ партизан бригадасы маған лейтенант атағын берді.

16 маусым. 1944 жыл. Өз тобыммен ішінде бір обер-лейтенанты бар неміс колоннасына шабуыл жасадым. 28 немісті жер жастандырып, оқ-дәрі тиеген машинасын тартып алдық.

9 тамыз. 1944 жыл. Мен сол аяғымнан жараландым.

15 тамыз. 1944 жыл. Мені батальон командиріне жоғарылатты. Қыркүйектің 1-іне дейін оңтүстік Францияда ірі операциялар жасап, фашистердің қолынан Сант, Иций, Аулуз, Фоуа қалаларын азат еттік.

10 қыркүйек. 1944 жыл. Испания-Франция шекарасы маңындағы теңіз жағалауында соғысып, жаудың бірсыпыра кемелерін суға батырып, қиратып, көптеген матросын тұтқынға алдық. Бұл операцияның қаншалықты қиынға түскенін мынадан-ақ білуге болады. Осы бағытта көздеген мақсатымызға жеткенімізде менің батальонымда 15-ақ адам қалған еді.

24 қазан. 1944 жыл. Отрядпен Тулуза қаласына келдік. Бұл уақытта Бадолене и Кофалрия казармасында екі кеңес полкі тұр екен. Бұл полк неміс тұтқынынан қашып шығып, бас қосып, қайрат қылған біз сияқты жекелеген отрядтардан құрылыпты. Біз де сол полк құрамына кірдік. Бізге Франциядағы Кеңес әскери миссиясының өкілдері генерал-майор Драгун мен генерал-майор Вихарев келді. Полкімізді кеңестік жауынгерлік құрылым ретінде танып, документке кіргізіп алды. Франция жерінде неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыста көрсеткен еңбектерім үшін мен бес рет наградталдым» депті. Өкінішке қарай қандай наградалар екені көрсетілмеген. Күнделіктің соңғы жағында Қадемнің қатысуымен азат етілген Францияның Тулуза, Альби, Канн, Кармо, Монтабан, Ижен, Карласан, Сен-Жеремен, Сен-Флур, Сен-Котин сияқты басқа да үлкенді-кішілі қала аттары аталыпты.

Қ.Жұманиязов өз жасақтарымен Оңтүстік Франциядағы Тарн департаментінің орталығы Тулуза қаласына келеді. Дәл сол күні шаһардың орталық алаңында қаланың жаудан азат ету құрметіне әскери шеру өтеді. Шеруді «Азат Франция» халықтық қозғалыстың жетекшісі, генерал Шарль де  Голль қабылдайды. Бұл тарихи шеруде семейлік Қабыш Омаров кеңестік полктің екі ротасының бірін басқарады. Қадемнің күнделігінде осы шеру туралы толық мәлімет бар екен.

Қадем Жұманиязов 1945 жылдан 1946 жылдың наурызына дейін Франциядағы Кеңес жауынгерлерін елге қайтару жөніндегі репатрациялық комиссияның төрағасы капитан Пэрдің адъютанты әрі аудармашысы боп Парижде қызмет етеді. Бастан өткен жағдай, ортаның өзі Қадем ағамыздың алуан тілді еркін меңгерткен сияқты. Тұтқында, концлагерьде жүріп, неміс тілін меңгерсе, француздар жерінде жаумен жағаласа жүріп, француз, испан тілдерін меңгерген екен. Парижде қызмет етіп жүрген кезінде махаббатын француз бикеші Элен Гюстанды кездестіреді. Бұл туралы «Доживем до понедельника» газетінің 1995 жылғы 9 мамырда жарық көрген Огулбиби Аманниязованың «История любви в интерьере войны» деген мақаласында егжей-тегжейлі жазылыпты.

1946 жылдың наурызында партизан Қадем елге оралады. Елдің аш-жалаңаш кезі, күйреген шаруашылық, жадау тұрмыс. Элен Гюста да сүйгеніне еріп, елге келмекші болады. Бірақ елде оның жағдайы болмайтынын, болашағының жоғын жақсы білген Қадем Эленнің қадамын құп  көрмеді. Елге келген соң Орда, Шоңай мектептерінде орыс, неміс тілдерінен сабақ береді. Кеңес Үкіметі неміс тұтқынында, концлагерьде болғандар, тіпті партизан қатарында сол немістерге қарсы соғысқандарды  құшақ жайып қарсы алмады. Сенімсіздікпен қарады. Қадем де сол күйді бастан кешті. Кешегі майдангер сырты бүтін, іші түтін күй кешті, жүйкеге салмақ түсті. Рухани күйзелістен, жоқ әлде басқалай себептер болды ма, кім іблген? Орда бұзар жастан енді асқан шағында Қадем Жұманиязов қайтыс болды.

Шырағы сөнбепті

Аллаға шүкір, ұрпақсыз емес. Елге келген соң Күләнда Нұрғалиева есімді бойжеткенмен көңіл жарастырып, отау көтерген еді. 1947 жылы Заур есімді ұлды болды. Бүгінде Заур Қадемұлы тамырын терең жайған үлкен әулет иесі.  Сайқында туған Заур 1966 жылы Жамбылдың Ұзынағашынан мектеп бітіріп, политехникалық институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша тәмамдаған. Қарағанды шахталарында, Саран қаласында партия комитетінде түрлі қызмет атқарған. Оның жұбайы Ғалия Тайболатовасаналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ізгі жан. Қыздары Арман ата жолын қуып, бірнеше тілді жетік меңгерген. Жоғары білімді социолог, саясаттанушы, заңгер. Ағылшын, француз, неміс тілдерінен сабақ береді. Арманнан көрген жиені Фардин де ағылшын, қытай тілдерінде еркін сөйлейді. Экономист-қаржыгер. Қадемнің немересі Данияр Нұр-Сұлтандағы ғылыми-зерттеу институтында хирург. Заур ағамыз ұлынан Томирис, Қадем және Дастан есімді немере сүйіп отыр.

Қадемнің оқ-дәрі иісі мен тер сіңген күнделігі жалғыз тұяғы Заурдың қолында. Күнделікте кейіпкеріміздің Кеңес Үкіметіне наразылығы, солақай саясатқа деген сыни көзқарасы жазылыпты. Заур ағамыз да Базекең сияқты бөгденнің қолынан, бөтеннің көзінен тасада ұстағанды жөн көріпті.

Десе де Қадем Жұманиязовтың күнделігінің құны жоғары. Құмды ауылдан шығып, толарсақтан қан кешіп, тағдыр айдауымен сонау Францияға дейін барған жауынгер күнделігі тек өмір дерегі емес, соғыс жылнамасы.

Амантай ХАМЗИН,

тарихшы, өлкетанушы