13.03.2020, 9:45
Қараулар: 236
 МУЛЬТИКТІҢ БӘРІ МҮЛТІКСІЗ ЕМЕС

 МУЛЬТИКТІҢ БӘРІ МҮЛТІКСІЗ ЕМЕС

 Әр бала мультфильм көргенді ұнатады. Өйткені,  тәрбиелік мәні зор, таным-көкжиегін кеңейтетін пайдалы мультөнімдер бүлдіршіндердің дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Алайда, мультфильмдерді ұл-қызымызға тек 4-5 жасынан көрсетуге болатынын қаперімізден шығарып алған жоқпыз ба?  Кеше ғана жарық дүниенің есігін ашып, бейтаныс  ғаламды  танып-білуге  енді  ғана ұмтылған сәбиімізді  экранның алдына телміртіп қоюға неге асықпыз? Күйбең тірліктің қамы дерсіз, кішкентайларды алдарқатудың ең оңтайлы  амалы дерсіз, басқа да түрлі себептерді алға тартарсыз, десек те үш жасқа дейін  баланы экранның алдына жақындатуға мүлдем болмайды. Психологтардың да, педиатр дәрігерлердің де пікірі осыған саяды.

 

Мультфильм көрсету баланың ой-өрісін тежейді

«+0» деген белгісімен (сәбиге бір айынан бастап көрсетуге рұқсат дегенді білдіреді) көрсетілетін мульфильмдер қайдан шыққан деп қарсы уәж айтуыңыз әбден мүмкін. Мәскеудегі психологиялық-педагогикалық  сараптау орталығының ғылыми жетекшісі, психология ғылымдарының докторы  Елена Смирнованың  ресейлік БАҚ өкіліне берген сұқбатында: «Үш жасқа дейінгі сәбилер айналадағы құбылыстарды тек көзбен көру арқылы ғана түсіне алады. Визуалдық қабылдау қабілеттері жоғары болғанымен теледидар, смартфондағы көріністердің мәнін ұғынбайды, яғни әлі де сана-сезімі ересектегілердей толық дамып үлгерген жоқ. Кішкентай балалар мульфильм тұрмақ, қорқынышты фильмдерді де қарай беруі мүмкін. Экраннан көрсетілетін жасылды-қызылды, жалт-жұлт еткен фонды, әрлі-берлі қозғалысқа түскен көріністерді, әр жыбыр еткен детальды назарсыз қалдырмай,  ұзақ бақылап отыра беруге бар. Теледидарды не смартфонды өшіре қалсаңыз, ұзақ уақыт бойы  тамашалап отырған көріністің кенеттен жоғалып кеткеніне наразылық білдіріп, жылайтынын байқаған боларсыз. Бұл агрессиялық мінез-құлқының бүр жара бастағанын білдіреді» деген екен.

Бала  психологиясы біртіндеп экранға тәуелді бола бастады. Өз бетімен саналы әрекетке көшу,  ойлану, сөйлеу, басқа да эмоционалдық сезімдердің оянуына жауап беретін ми функциясы баяу дамуға ұшырайды. Сөйлеу тілі кешеуілдейді. Осылайша, ұйқысынан ояна сала «өзінің әлеміне»  еніп кетуге әзір, жан-жағындағы ойыншықтарымен еш шаруасы жоқ бейқам баланы  қалыптастырасыз. Сондықтан, «+0» белгісімен шығарылатын  «Tiny Love», «Привет, малыш» секілді дүниелердің авторлары геометриялық фигураларды, санауды, түстерді ажыратуды үйретеміз десе де оны бүлдіршін ұғынып отыр деуге келмейді. Әлбетте,  психологиялық, интеллектуалдық тұрғыдан ерте дамитын сәбилер де болады. Бірақ бұл мүлдем басқа әңгіме. Сондықтан, ұл-қыздарының тілі кеш шығып, ашушаң, ызақор, үнемі ұнжырғасы түсіп жүретінін т.б. мың себепті айтып, алдымызға келулеріне ата-аналардың өздері  кінәлі.

Әлемдік  денсаулық сақтау ұйымы да  үш жасқа дейінгі балаларға мультфильм  қарауға  болмайтыны туралы арнайы қарар шығарған. Бүгінде көптеген елде мульфильмдерді қайта сараптап, «+0» белгісін алып тастау  туралы мәселе көтерілуде.

Психолог мамандар 3-4 жастағы балаларды  экран алдында  10 минут,  4-5 жастағыларға  20 минуттан артық отырғызбауға кеңес береді.  Бұл тұрғыда тек ресейлік қана емес,  қазақстандық аналар да  әр кеңесіне сүйенетін «Доктор Комаровский» есімімен танылған украиндық дәрігер  Евгений Комаровский да смартфонға ерте жасынан бейімделудің зияны туралы ашық айтады.  «Қазіргі заманның балалары  ғаламдық техногенді эксперименттің  құрбандары. Дүниеге он екі мүшесі сау туылған сәбиді өзіміз ауруға ұшыратып отырмыз. Өйткені, уақытының көп бөлігін таза ауада емес, виртуалдық өмірде өткізеді. Күні бойына қимыл-қозғалыссыз экранға телмірген баланың денсаулығы дұрыс дамымайды. Бала болып далада асыр салып ойнамаса, жүгірмесе, секірмесе,  қуанбаса ағзасының  рефлекторлық қызметі бұзылады, жүрегі, өкпесі қалыпты өспейді, қан айналымы нашарлайды, көру қабілеті төмендейді, психикасы құбылып, жүйке жүйесіне салмақ түседі».  Иә, Комаровскийдің  «Зачем нужны смартфоны, когда есть мама и папа» деген қанатты сөздерінің байыбына әлі де бара алмай жүрміз-ау?!

Сөзімізді аудандық М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің  психологы  Тоғжан Хайырова да толықтыра түссін.

-Негізі үш жасқа дейін  бала смартфон, айпад, теледидар дегеннің не екенін білмеуі тиіс.  Олардың визуалдық қабылдау қабілеттері күшті дамығандықтан  бір үйретіп алсаңыз, экраннан ажыратып алу қиынға соғады. Смартфонға әбден тәуелді балалар қатарластарымен  тіл табыса алмайды, өз қиялындағы кейіпкерлерімен «әңгімелесіп» жүргенді тәуір көреді. Сондықтан ұл-қызымыздың экран алдындағы уақытын қадағалау керек. Мен ұлыма жасына сай  ойлау қабілетін дамытатын мульфильмдер қаратамын. Бірге көреміз. Өкінішке қарай, таңнан кешке дейін қолына телефонды беріп қоятын аналарды білеміз. Күн ұзаққа бір жерге қадалып, басын көтермейтін баланың есімін атап шақырсаң елең етпейді. Өйткені, ол дәл сол мезетте өзінің  виртуалды әлемінде саяхаттап жүр.  Бұны  біз «передозировка картинками» дейміз. Кей аналар  тамақ ішкіздіру үшін алдына  мультфильмді қосып қояды.  Бұл мүлдем дұрыс емес. Өйткені,  қандай ма көрініске алданып тамақ ішкен бала не тойғанын, не аш екенін сезін алмайды. Сәби түгілі, ересектерге де ас ішерде теледидар қарамаған жөн.  Ресейлік, шетелдік психологтардың  ғылыми мақалаларын оқып жүремін. Сондай бір басылымда бала уақытының 30 пайызын экранның алдында өткізеді екен. Күніне 17 өлім, 37 мейірімсіздікке толы көріністерді көреді деген ақпарды оқыдым. Бір күнде осыншама жантүршігерлік  көріністерді көретін баланың жүйке жүйесі қайтіп бұзылмасын? Сондықтан ата-аналар  үй шаруасын реттеп алайын, дүкенге барып келейін деген желеумен сәбиіне не болса соны көрсетіп,  болашағына балта шаппаса екен» дейді психолог.

Баламен бала болсаң…

Шетелдік зерттеушілер  есте сақтау қабілетінің төмендеуі, күйзеліс, шаршау, ентігу секілді қарттық кезеңге аяқ басқан адамдарда болуы тиіс симптомдар  жас балалардың бойынан анық байқалып келетінін жазыпты. Бұндай жағдай  бүлдіршіндердің кішкентайынан  миын улап, экранның құлы қылғанымыздың әсері дейді. Британдық психолог Таня Бирон «баланың жады ақ парақ секілді, онымен ойнап, шаттыққа кенелтіп, көңілін көтере білсеңіз, ешқандай мульфильмдердің қажеті болмай қалады. Егер балаңызды  күні бойына телефонмен жалғыз қалдырсаңыз, әлемге өкпелі, ызақор, кекшіл сәбиді қалыптастырғаныңыз» дейді. Расымен де, күн ұзақ экранға телмірген сәби міндетті түрде атыс-шабыс, бірін-бірі өлтірген, жауыздық әрекеттер бейнеленген көріністерге тап болады. Көзбен көріп, көңілге тоқығасын, шынайы өмірде  көз алдында жатталып қалған қимыл, әрекеттерді қайталап көруге тырысатыны белгілі емес пе?!

Гаджетке тәуелді етпеген

Американдық «Wired» журналының бас редакторы әрі  3D Robotics  жүйесінің негізін қалаушы Крис Андерсон, Blogger, Twitter желілерінің авторы Джек Дорси, Эван Уильямс, тіпті ІТ технология саласында айрықша революция жасаған Стив Джобстың өзі де есейген ұл-қыздарына  гаджеттерді  30 минуттан артық пайдалануға рұқсат бермеген.  Бұлар перзенттерінің  кітап оқып, табиғат аясында демалып, достарымен қыдырып, салауатты өмір салтынан айнымай тірлік кешкендерін құп көреді. Осыған қарап-ақ, біздің қаракөздеріміздің келешегіне қалайша алаңдамассың? Жағымды әдеттер емес, смартфондар серігіне айналып кетпесін десек, қазірден телефонды пайдалану мәдениетіне  дағдыландыра білейік.

 

Настя ма, Маша ма?

Сонымен, үш жасқа дейінгі балаларға мульфильмдерді көрсетуге болмайтынын аудандық маманның пікірімен, шетелдік  психолог, дәрігерлердің  дәйектерімен  қоса  жеткізуге тырыстық.  Енді ұл-қызымыз қандай мульфильмдерді көріп жүр, соған да тоқталып өтейікші. «Маша мен аю»  ресейлік телеөнім. Кішкентай көрерменге жол тартқанына да біраз жылдың жүзі болды. Мультфильмнің басты кейіпкері Маша  – қырсық, өз дегенін жүзеге асыруға мүдделі, аюдың  ақылына оңайлықпен құлақ аспайтын кішкентай қыз. Біресе, ақылы тасып, жан-жағына көмектесіп, жәрдемдессе, енді бірде  шу шығарып, айналасындағы жан-жануарлардың мазасын қашырады. Көптеген ана дүкенге кіргенде қыздарының Маша құсап «алып бер, тез, жылдам» деп бұйрық беріп,  қалағанына қол жеткізбесе сүйікті кейіпкері секілді жер бауырлап «Сен нашарсың, сені жақсы көрмеймін» деп бақыра жөнелетіні жөнінде аталмыш мультиктің авторларына шағым жазыпты. Ресейлік психологтар Маша кейіпкердің тұрақсыз, құбылмалы мінезі балаға жағымсыз ықпал ететінін айтып, дабыл қақты да. Алайда, ТМД аумағында ғана емес, шетелдік көрерменнің көзайымына айналып үлгерген «Маша мен аю» шығарылымын тоқтатпады. Соңғы кездері  «Настя мен папа» бейнеблогингі   пайда болды. Ресейлік  бес жасар Настя Радзинская мен әкесін  білмейтіндер кемде кем. Настяның жанкүйерлері де – өз ханшайымдарымыз. Тілдері былдырлап «Наштяны қош» деп  іздейді.  Настяның бұртиып, жергі тепкілеп, әкесіне ренжіген түрін айна-қатесіз салып беретіндерін қайтесіз… Дәмі ұнамаса жеп отырған ас-суын да жерге төгіп, лақтыра салатын жағымсыз әрекеттерін де көрермені қайталап көруге тырысатыны ақиқат. Өткенде бір танысым «Екі жасар қызыма «Настяны» қосып бермесем, үйде айғай-шу басталады. Бір күні қызым мысығын құшақтап алып «Я кошка, я кошка» деп шауып жүр. Қатты қорқып кеттім. Қызым-ау, сен «кошка» емессің, сен күшті қызсың»  деп алдауға тырыссам да Настяның айтқанына бағынады» деп әңгімесімен бөлісті. Осы тұрғыда психолог Тоғжан Хайырова «Настяның шетелдік саябақтарды, диснейлэндты аралап, қыдырғанын  екі жастағы қыздар қайдан түсінсін. Кейіпкердің ғажайып жерлерді аралап, таңқалған, қуанған эмоциясын олар түсінбейді, тек «зомби» секілді әр әрекетін, сөйлегенін қайталауға құмар. Бала өзі ойланып, тіл қатып, әр қадамын саналы түрде жасауы тиіс» дейді бейнеблогингке анализ жасау арқылы. Тағы да қайталап айтарымыз, бұл бейнеблогингтің   контенті мектеп жасындағы  балаларға арналған.   Келесі танымалдылыққа ие  мульт «Лунтик» деп аталады. Ойыншық тәріздес персонаждың сыртқы келбеті не адам, не жануар деуге келмес. Бұл тізімді «Супермэн», «Өрмекші адам», «Ниндзя тасбақа» секілді не адам емес, не құбыжық деуге келмейтін бейнелермен жалғастыра беруге болады.

Жиырма жыл бойына бала психикасын зерттеген неміс психологы Райнер Пацлаф теледидарға, әсіресе мультфильм қарауға тәуелділік  баланың дамуына кері әсер ететінін жазып, ой-өрісінің жетілуі көрген мульфильміне байланысты деген қорытындыға келген. Мульфильм кейіпкерлерінің көзі үлкен болған сайын, бала жалтақ, қорқақ, өз пікірі жоқ, жалтақ болып өседі. Соның салдарынан оның сабаққа деген құлшынысы да төмендейді. Мульфильмдегі әйелдердің  толық әрі сиықсыз болып суреттелуі  кішкентай қыздардың болашақта ана атануына кедергі келтіретін көрінеді. Сол секілді бала теледидардан алып денелі құбыжықтарды көрген сайын ата-анасына  қарсы келгіш болады. Мінекейіңіз, сіз қауіпсіз санаған мультипликациялық өнімдердің бала психологиясына  кері  әсері қандай?

 

Түйін: Мультфильм турасында оқырманның пікірі екіге жарылуы әбден мүмкін. Заманына қарай адамы, танымдық дүниелерді көрсеткеннен еш қауіп жоқ дейтіндер де табылар. Сәбидің денсаулығына салғырт қарамайтын ата-ана мән-мағынасыз, айтар ойы беймәлім батыстан енген анимациялық фильмдерге таңдауы түспейтіні белгілі. Ой-өрісі дамып, өзіндік ұстанымы қалыптасқан жасқа жеткенде перзентіне ұлттық өнімдерді ұсынып, алтындай уақыттарын бірге өткізетіні анық. Бастысы, үш жасқа дейін ұл-қызыңызды смартфонмен «достастырмағаныңыз»  абзал.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ