13.03.2020, 9:41
Қараулар: 31
МӘП АЛҒАНДАР МӘЗ БОЛДЫ

МӘП АЛҒАНДАР МӘЗ БОЛДЫ

Жыл басынан бастап, атаулы әлеуметтік көмек беру тәртібі өзгергендігі белгілі. Жыл басынан бері аудан бойынша 275 отбасы құжат тапсырып, 133-іне көмек тағайындалды.

Жаңа талаптарға сай көмектің екінші бағыты аз қамтылған отбасы балаларына жас ерекшелігіне сай азық-түлік, гигиеналық құралдар жиынтығы, яғни мемлекеттік әлеуметтік пакет (МӘП) ұсынылуы қажет-ті. Өткен аптада ауылдастар тоқсанға қаралған көмекке ие болды. Бөлімнің бас маманы Кенжебек Қадырұлының айтуынша, Сайқын ауылдық округіндегі 66 баласы бар 40 отбасыға 1 млн. 300 мың теңгенің көмегі көрсетілді.

Бүгін осы көмектің арқасында олжалы боп қайттым. Балаларым да түрлі жеміс езбелеріне риза болатын болды. Берілген көмектің арасында күнделікті тірлікке қажет тұрмыстық заттар да бар екен,-деп ризашылығын жеткізді сайқындық Баршагүл Есенғалиева.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Шыңғыс Абдуллин келгендерге ұсынылатын көмектің тәртібін қайыра түсіндіріп, мемлекеттің АӘК тағайындаудағы негізгі ұстанымы көмекке шынайы мұқтаж азаматтарға көмектесу екенін баса айтты. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек, мемлекет жұмысқа орналасуға немесе кіші бизнеспен айналысуға жәрдем береді.

Еске сала кетейін, былтыр 2942 адамы бар 612 отбасыға көмек берілген еді. Өзгерістерге сай атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары азайды. Себебі, 2019 жылы мұқтаж отбасылар мемлекет тарапынан қолдау алды, оның жартысынан жуығы көпбалалы отбасылар болды.

Мұндай пакет тек сайқындықтарға ғана тиесілі емес, барлық ауылдық округтің тапсырған құжаттары мақұлданған тұрғындары ала алады. Осал топтарға демеу болатын мұндай көмек пакеттері тоқсан сайын ұсынылып тұрады.

Нұрай ТАУБАЙ