12.03.2020, 17:30
Қараулар: 311
АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗ

АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗ

Мектеп табалдырығын ең алғаш аттағанымызда жылы жүзімен, қарапайым болмысымен, анадай мейіріміммен қарсы алған алғашқы мұғаліміміз Балғаным (Балдай) Темірәлиева тек менің ғана емес, алдын көрген талай шәкірт жүрегінен орын алған нағыз ұстаз.

Елу жыл бұрынғы мектептегі сол бір алаңсыз, бақытты шақтарды есімізге алсақ, сүйікті ұстазымыз, бір-бір үйдің он алты еркесі, он алты қиқарының қызықтары еске түседі.

Ол кезде Балғаным Сұлтанқызының уыздай жас кезі. Еңбек жолын жаңа бастаған кезі. Десе де еш абдырамай, әр шәкіртпен тіл табысып, баламен балаша ойнап, анасындай еркелетіп, қолымызға қалам ұстатып, әріп танытты.

Біз – Ленин бастауыш мектебіне келген жас ұстаздың  алғашқы шәкірттеріміз. Біз партаға алғаш отырып, мектеп тәртібіне үйренсек, апайымыз бізбен бірге ұстаздық тәжірибе жинақтап, еңбек өтілін бастады.

Әлі есімізде апайымыз бізге сабақ беріп жүрген кезінде тұрмысқа шықты. «Жездемізді көреміз» деп тай-тайлағымыз қалмай, тойға бардық. Барсақ, жездеміз алыстан келген бөтен адам емес екен. Балғаным апайымыз бізді жиі табиғат аясына алып шығатын еді. Сол сейілдерде біздердің басы-қасымызда үнемі су таситын көлік айдайтын жігіт ілесіп жүретін. Ұмытпасам, нөмірі  47-48 ЗКГ маркалы көлік еді. Шәңгерей Қабдоловпен шаңырақ көтерген апайымыз кейін қазіргі аудан орталығына қоныс аударды. Бастапқыда  Сайқын селолық кеңесінің төрағасы  Ораз ағай Хасанғалиевтің қарамағында хатшы боп жұмыс жасады.

1973 жылы өз мамандығы бойынша Мәншүк Мәметова атындағы орта мектепке ауысады. Балғаным апайымыз әңгіме ұстаздардың ұстазы болған Мұхтар ағай Сәрсенғалиевті ерекше пір тұтатынын айтты. Осы мектептен 30 жыл еңбек өтілімен 2003 жылы зейнеткерлікке шығады. Еңбек еткен  осынау жылдардағы еңбегі еленіп түрлі марапаттарға ие болды. 1999 жылы білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төс белгісін алған.

Шәңгерей жездеміз екеуі екі ұл, үш қызды дүниеге әкеліп тәрбиеледі. Өмір болғасын қуаныш пен қайғының қатар жүрері қақ. 2011 жылы араларына екі ай салып ержетіп, бойжеткен бір ұл,бір қызынан айырылды. Қайғыдан күрсінгенде көкірегі қақ жарылса да, шүкіршілігі мен тәубесінен айырылмаған аяулы апайымыз Шәңгерей жездемізбен немере-жиеннің тілеуін тілеп, тірлік кешуде.

Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған, бар болмысымен, адамгершілігімен, жайлы мінезімен баршамызға үлгі-өнеге бола білген ұстазымызды кешегі өткен 70 жасымен және келіп жеткен төл мерекесі 8 науырызбен құттықтағым келеді.

Шәкірттеріңіз Ханатбек ЗАЙНУЛЛИН,

Ағира ӘБДІРОВА