12.03.2020, 17:17
Қараулар: 145
ЖОЛДАРМЕН ТІЗБЕКТЕЛГЕН ЖЫЛДАР

ЖОЛДАРМЕН ТІЗБЕКТЕЛГЕН ЖЫЛДАР

АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗЫМ

Ауданымыз қайта құрылған соң аудандық басылым да өз жұмысын жандандырған еді.  Сол кезден бастап редакциямен бірге баспахана да  (типография) де іске қосылды. Міне, осындай жаңа мекемелер мен ұйымдарға жастар ағыла бастады. Жаңа жұмыс орындары арнайы білімді де онша талап етпеді. Ол уақытта қолыңдағы қатырма қағаз емес, бойыңдағы қасиетің, білімін, жұмысқа деген ынтаң маңызды еді. Мектептен енді ғана түлеп ұшқан Ақзия Меңдәлиева Абай атамыз айтқандай, білсем, үйренсем деген ұмтылысымен жұмысқа алынған жастардың бірі еді. Әрине, ол да оқуға түсіп, білдей бір маман болуды армандаған болатын. Алайда, бүгінгідей емес, білімге тірелген сол заманның жастарына ақшаң болса да қалаған оқуыңа түсуге  мүкіндік болмады. Сөйтіп мектепті 1974 жылы бітірген бойжеткен Ақзия  оқуға түсе алмай, 1975 жылы типографияның табалдырығын аттайды. Әрине, арнайы білімі, білігі жоқ маманды бірден аудандық басылымды шығаруға жібермеді. Редактор Хамит Сүлейменов типографияның жұмысын жолға қою үшін Жәнібектен келген Клара Гаппароваға Ақзияны шәкірттікке жұмсайды. Азды-көпті тәжірибесі бар маман өз білгенін үйретіп, түйгенімен бөлісті.

«БАСТЫСЫ ТАҢМЕН ГАЗЕТ БАСЫЛЫП ТҰРУЫ КЕРЕК»

Көп сөзге жоқ, епті бойжеткен жұмыстың қиындығынан қашпаған. Алдымен бет теруші болған. Мақсаты журналистердің мақалаларын темір әріптермен бір-бірлеп сөзге, кейін сөйлем, одан соң түгел мәтін қылып, бастысы қатесіз басып шығаруы керек. Бір адамға бір бетті құрастыруға береді. Қазіргі түсінікпен айтқанда, Ақзия апа және оның әріптестері балалардың мозайкасын құрағандай әріптерден тізбектеп мақала құрап шығатын еді.

– Бет құрғанда қате кетіп жатса, соны тек ауыстырумен не жетіспеген әріптерді қосумен шектелетін едік. Ол оңай жолы. Ал, линотиптен, яғни, әріптерді жол жолымен тұтастырып тізіп құятын машинадан қате кетсе, қайтадан толық теру керек болады,-деп баспаханада өткен кездерді еске алады кейіпкеріміз.

Осылайша, Ақзия апамыздың өмір жолы газет бетінде жарық көрген жолдарды тізбектеумен өтіп жатты. Ол кезде газеттің қалыбы темір әріптердің жинағынан құралатын. Салмағы да жеңіл емес. 40 келіге тартатын. Сондықтан типография саласы ондағы әр қызметкерден тек сауаттылықты, ептілік пен төзімділікпен бірге білек күшін де талап ететін. Газет аптасына үш рет шығады. Сондықтан тек редакция қызметкерлері ғана емес типография ұжымына да тыным болмайтын. Күндіз бет қатталады, қателер түзетіледі. Журналистің жазғанын қара кешке дейін тосып күтіп қалатын да кездер болған. Жұмыс өзара байланысты болған соң ондай кезде баспагерлер шығармашылық адамдарына түсіністік танытып, түн ұйқысын қиып жұмыс істеген. «Баспахана мен редакция бір үйдің баласындай едік қой. Өте ұйымшыл едік. Бір-бірімізді жоқтатпайтын едік. Сенің жұмысың, менің жұмысым деген жоқ. Мерекелерде жинала қалсақ та, газетті ақсатпауға тырысатынбыз. Ондайда басқосудан кейін үйге емес, баспаханаға тартатын едік. Таңғы 5-6-да барып газетті бастырған кездер болды. Жас едік қой. Шаршауды білмейміз. Қайсысымыз болсақ та жұмыс тоқтатпауымыз керек. Бастысы таңмен газет басылып, бастықтың алдында тұруы керек»,-дейді Ақзия апа.

БАСПАХАНА БИБІЛЕРІ

Баспахана жұмысының ыстық-суығын өз басынан өткерген Ақзия апа уақытпен үндес жүрген басылым беттерін басуда әріптестері Талшын Өтеғалиева,Талшын Айтқалиева, Гүлнар Қарабалина, Орынтай Өтешқалиева, Ағиба Нұралиева, Жұлдыз Темешеваларды еске түсірді. Баспаханада жұмысы ауыр болғанын жоғарыда айтылған болатын. Сондықтан болар мұнда қызмет етуге келгендер көп тұрақтамады. Талайлары бір-екі ай ғана жұмыс істеп, кейін басқа салаға ауысып жатты. Тек осы жұмысқа берілгендер ғана қалды деуге болады. Ақзия Мендәлиева соңғыларының қатарынан еді. Әріптестерінің арасында Талшын, Жұлдыз арнайы оқуын оқып, білімін жетілдірген. Ақзия апа болса баспаханадағы алғашқы ұстазы Клараның үйретуімен, жұмысын жалғастырған жан.Ол қызметін аудандық саз мектебі жанындағы бүгінде тұрғын үйге айналған ғимаратта бастап, кейін қазірде аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі ғимаратта жалғап, нарық заманы қыспаққа алған кезде де барынша адал қызмет етті. Заманның шындығын жазуға тырысқан тілшілердің еңбегін жұртшылыққа жеткізді. Ақзия апамын бірге Сағира Құспанғалиева, Мәрия Бұйрабасовалар да бірге істеген.

– Біздің жұмыста сауаттылық қажет қой. Адам болған соң қате жібермейді емеспіз жіберетініміз бар. Дегенмен мейлінше мұқият қарап, оқырманға сапалы өнім жіберуге тырысамыз ғой. Біздің тергенімізді кезекші редактор және бас редактор тексеріп, дұрыстап жатады. Көп қате кетсе ұрысатын кездер де болады.  Сонда Мәрия апаң Бұйрабасованы айтам, көп қате жіберетін. Бір риза болатынымыз редактор Балмолда аға Тоқсанов осы бір ісіне қанша наразылығын білдіріп жатса да, «Жә, дұрыстай салармын»деп  еш ренжіместен қайта теруге отыра кететін. Иә, арамызда осындай мінезі дархан жандар да болды.

«ОЛ КЕЗДЕ…»

«Ол кезде де шындықты жазғызбайтын еді ғой. Әсіресе, тілші Болат Наурызғалиевтің мақалалары шыққаннан кейін көп шу шығатын. Сондағы басшылықтың көздейтіні механизаторлар мен шопандарды, жалпы еңбек адамының жұмысын мақтау еді. Ал, біздің тілшілер жетістіктерімен қатар көретін қиындығын да тыс қалдырмай, біреулердің қырын көзіне түсіп жататын.

– Ол кезде халықтың газет-журналға деген сұранысы жоғары болды ғой. Сан мың тиражбен шығатын еді. баспаханада да, редакция жұмысында да бір үзіліс болмаушы еді. Шығармашылыққа жақын деген жандардың бәрінің еңбек жолы осы редакциядан басталды десем артық емес. қазір елдің алдында жүрген тілші, журналисттердің алғашқы мақалалары осы газеттен шықты. Тіпті күні кешеге дейін редактор болған Бауыржан Бисеновтің де еңбек жолы әріп терушіден басталды. Талшын апай баспашыға баулыған еді о баста. Кейін сырттай оқып, білімін жетілдіріп, редакторлыққа дейін өсті.  десем. Бұл редакция не көрмеді, тоқырау жылдарында айлап емес, жылдап жалақы ала алмай, дәптер сатып, шайлығымызды айырып, кейін бұл ісіміз заңға қайшы деп кері орнын толтырып, әбігер болғанымыз да бар. тіпті кейбір әріптестеріміз сол майдай тері, ақ адал еңбегінің ақысын ала алмай, соттасса да, өндіре алмағаны бар,-деп Ақзия апамыз алыс қалған күндерді ойша бір шолып өтті.

– Сол кезде бізбен бірге істеген тілші Мақсот Молдағалиев, линотип машинаны жөндейтін Юрий Кандилиди, типография басшысы болған Герой Зұлхарнаев бұл дүниеден өтіп кетті ғой. Уақыт зулап өтіп жатыр. Өткен күнді еске алған жақсы-ау, бірге жүрген әріптес, замандастардың жоқтығын ойлағанда естелігің ауырлай түседі екен,-дейді кейіпкеріміз.

Раушан БАҚЫТОВА