12.03.2020, 12:55
Қараулар: 269
«АПАМНАН АЛАБӨТЕНДІКТІ АҢҒАРМАППЫН»

«АПАМНАН АЛАБӨТЕНДІКТІ АҢҒАРМАППЫН»

Тілеген Қадимов ес білмей жатып, анасынан қалған қам көңіл жанның бір.

– Ананың орны бөлек қой. Әкесіз жетімнің жетімдігі білінбейді ғой, анасы оған әке де, ана да бола алады. Баласын адам қылу үшін ана қолынан келгенін жасайды. Анасыз жетім – жарты көңіл. Ешбір жылы сөз, жақсы жағдай ананың «айналайынына», бір құшақтағанына жетпейді ғой. Қанша жақсы қарады дегенмен, анасы өскен баланың бір дүниесі кем ғой сияқты көрінеді өз басыма,-дейді ол.

– Мен анамнан үш жасымда, қарындасым Айгүл жас жарымында қалдық. Нұрғаным анамның күлгені, сөйлегені, жүргені есімде жоқ. Тек суретіне ғана таныдым. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, бірақ сол анам қайтқан күн есімде. Дауыс салып жылаған әйелдердің даусы, күннің салқындығы, зират басы жадыма қалған. Сол күні оқылған құран да құлағымда. Тап қазір жүзге келген атайдың жаназасына барсам да құран оқылғанда дегбірім қашады, көңілім алай-дүлей болады. Мүмкін анама айтылмаған жоқтауым, сағынышым болар.

Әке болған кезден бастап, ата-ананың қадірін ұғып жүрмін десем болады. қыздарымды айналып-толғанып отырғанда анам есіме түседі. «Бізді де жаны қалмай өліп-өшіп, жан теңгермей, еркелетіп, айналып-толғанды-ау. Не бары отыз жылғы ғұмырындағы бар қызығы біз болып едік. Ақ сүтін ақтадық па?» деп ойлап қоямын.

Ол кезде марқұм әжем бар еді. Жалғыз ұлының үй болмай жатып, жарсыз қалған, қос немересінің жетім қалғаны ең бірінші сол әжеме батқан шығар. Өле-өлгенше өзі қамқорлап, киімімізді өз қолымен жуып, бар мейірін төгіп еді.  Сегізге толар жылы үйімізге екінші анамыз Рая апам (Рысқаным) келді. Екі қызы бар екен. Кішісі нағашы жұртында қалып, үлкені Ақмарал бізге кеп қосылды. Осылайша үлкен әулет болдық. Кейіннен үшеуі ілесті, біте қайнасып кеттік қой. Апам көпшіл, қолы ашық. Ағайынға жаққан, көрші-көлемге ұнаған ақ көңіл жан. Ақылдасатын бір шаруа бола қалса, ең алдымен апамды жағалаймыз. Бүгінде сол жақсылығымызды асырып, жамандығымызды жасырып, үлкен отбасымызға ұйытқы боп отыр. Қос қызымның сүйікті әжесі. Туғалы бері қоярға жер таппай, дегендерін жасап, асты-түстеріне түсіп отырады. Жалпы апам да, әкем де жылы сөзге сараң. Балаларын басынан сипағаны болмаса, біз сияқты өліп-өшіп жатпайды. Бірақ, апамның ниетінен алабөтендік, өгейлік сезгенім жоқ. Көңілімізге қарап отырады. Мен де алдынан шықпауға тырысамын. Осы сәтті пайдаланып, апама «бәрі үшін рақмет!» дегім келеді.