12.03.2020, 12:52
Қараулар: 281
«АНАМ – МЕНІҢ БАЙЛЫҒЫМ»

«АНАМ – МЕНІҢ БАЙЛЫҒЫМ»

ЖАҚСЫ АНАНЫҢ ЖАТТЫҒЫ ЖОҚ

Ана. Осы бір үш әріпте шексіз махаббатта, үлкен құдірет, ғаламат күш бар. Ал сол өмір сыйлаған ананың орнын басып, жетімді бауырына басып, жел боп, тимей, жетілдірген екінші ананың аналық махаббаты, күш-жігер, төзімі екі есеге керемет десек артық емес. Жатырын жарып шыққан сәбиінен безініп, күл-қоқысқа тастап, одан да зорғысын жасап, өлтіріп, тасмаса да өз перзентіне дұрыс қамқорлық жасай алмай жүрген аналар қаншама? Баласының бабын емес, көңілдесінің көңілін көбірек ойлайтын безбүйрек әйелдер сіз бен бізге жақсы таныс. Наурыз мейрамы қарсаңында азаматының алғашқы жұбайынан қалған балаларды еш өгейсітпей, өз баласындай көріп, қатарынан кем қалдырмаған аналар туралы айтпақпыз. Ондай аналарға балалары да риза, жақсы аттары ел аузында.

«АНАМ – МЕНІҢ БАЙЛЫҒЫМ»

Анашгүл  Ғұсманова екі бірдей бауырымен анадан жастай қалған екен.

– Бала үшін анасыз өсу, аның мейірімін сезінбеу қиынның қиыны. Туған анамнан айырылып, қос ініммен қалғанда мен де панасыз қалғандай сезіндім. Шүкір, әкем бар еді. Әкем Тоқтар біз үшін барынша тырысты ғой, бірақ ол бәрібір әйел затының орнын баса алмайтын еді. Бір күні әкем: «Енді сенің мамаң болады» деп айтты. Келісімімді сұрады. Мен де келісе кеттім. Баламыз ғой, жаңа анам қатал болады, қырын қарайды деп мүлдем ойламаппын. Ол кезде мен не бары 8 жаста едім. Аян інім менен бір жас кіші болатын. Ең кенжеміз екідегі Саян нағашыларда еді. Оның үстіне әкемнің анаң деген зайыбы маған бала кезімнен таныс болатын. Мәншүк апайым (Темешева) ғой балабақшада күтуші болған. Сол балабақшадан апайымның балаларға деген мейірімін көріп келдім емес пе? Ол асыл жан сол қалпынан таймады,-деп бастады бізбен әңгімесін.

– Келісімен ол нағашыларымның тәрбиесіндегі інімді қолына алды. Өзімен келген Бақытжан мен Мерей бар. Сөйтіп, бірден бес баланың анасы атанды. Анам өзімен келген Бақытжан мен Мерейін, артымыздан ерген бауырларымызды бізден артық не кем көрмеді. Бәрімізді бірдей ұстай білді. Несін жасырайын, біздің өмір оңай болды деп мақтана алмаймын. Өмір ғой, қиындығы, қуанышы қатар жүретін. Бес саусақ бірдей болмайтынындай, балалардың мінезі де түрлі боп өстік. Ұлдар тентек болды, ойнап жүріп, шоқ басқан кездері де кездесті. Сондайда әкем күйіп-пісіп жатса да, анам балаларға еш жекімейтін. Жалпы өзі бір сабырлы, байсалды жан ғой.

Шыны керек, мен басқа ананы білмеймін, өгей деп айтуға аузым да бармайды. Өйткені, ол менің анам. Қайда жүрсем де тілеуімді тілеп, артымнан іздеп жүретін жан. Бірақ тыста көп жүрген соң ба мен дегенде жаны бөлек екенін сезінемін. Он сегізімде тұрмысқа шығып, кейін Ресейдің Басқұншағында тұрғанымда да, Алматы қаласында тұрған төрт жылда да артымнан келіп, жағдайымды көзімен көріп, қонақ боп кететін. Жақсылығымда да, қиналған шағымда да жанымнан табылатын анам қандай алғысқа да, қандай мадаққа да лайық. Кейде анамның аялы алақаны, ашуға бой алдырғанда басу айтқан қоңыр дауысы болмағанда, біз жетімдіктің дәмін татқан қатыгез ұрпақ боп өсер ме едік деп ойлаймын да тәубеме келемін. Себебі, менің анам бар, бақытымды қорғаушым бар, бағыт сілтеушім бар.

Жақсы адамның жаттығы жоқ дейді, ал мен болсам, ананың өгейі болмайды дер едім. Оған менің Мәншүк анам айқын дәлел,-дейді еш жасандылықсыз.