12.03.2020, 12:48
Қараулар: 192
КҮШТІ ДЕ, НӘЗІК ДЕ ӘЙЕЛ

КҮШТІ ДЕ, НӘЗІК ДЕ ӘЙЕЛ

Көктемнің алғаш мейрамы, 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орай ардақты ана, аяулы әпке- қарындастарымыз туралы жазбағанда кім туралы жазамыз? Әрине, бұл газет бетінде үйреншікті мәселені көрмесеңіз де басқада ақпаратқа ие болып, өзіңіз үшін бір жаңалық ашасыз деген ойдамын.

Жалпы халықаралық әйелдер күні деп ерекше аталып өтілуінің тарихына аз-кем тоқтала кетсек,  аталмыш мейрам 1857 жылдың 8 наурызында Нью-Йорк қаласында тігін және аяқ киім фабрикасының жұмысшы әйелдерінің наразылық шарасын өткізу арқасында пайда болған. Олар басшылықтан 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі таза жұмыс орындарын, еңбек ақыларының ер-азаматтардың жалақысымен бірдей болуын талап еткен. Себебі, олар тәулігіне 16 сағат жұмыс істеп, шағын ғана айлық алған.

Әйел адамның қазіргі саясаттағы рөлі

Осыдан ІІ ғасыр бұрын әйел заты 10 сағаттық жұмыс күнін, таза жұмыс орындарын, еңбек ақыларының ер-азаматтардың жалақысымен бірдей болуын талап етсе, қазіргі қоғамда әйел орыны едәуір жоғары. Тіпті ел саясатында ер азаматынан асып түспесе де қалып қоймас. Оған дәлел де көп. Республика одан қалды облыс көрсеткішін былай қойып, аудан көрсеткішіне тоқтала кетсек де болар. Ауданымыз бойынша басшылықта жүрген әйел адамдардың саны  27 адамды құрайды.  Оған аудандық мәслихат депутаттарын қоссақ та болады. Аталмыш депутаттарымыздың саны 12 адам санын құраса, соның үшеуі әйел адам екен. Аудан саясатына тікелей байланысы бар алқа билер кеңесі құрамының санына тоқталғанымыз да дұрыс шығар. Би статусы бар ауданымыздың 50 азаматының 11-і ардақты аналарымыз екен. Бұл да керемет көрсеткіш десек болады. Ал аудандық соттың мойнына арттырылған жүктің жеңілдетуіне үлесін қосып жүрген медиатор саны 18 адам болса, соның алтауы әйел адам. Бұл тек лауазымды және аудан саясатына тікелей қатысы бар азаматшамыздың саны.

Ал білім беріп болашақ ұрпақты тәрбилеп, елдің денсаулығын ойлап күні-түні демей ат үстінде жүретін  ақ халаттылар немесе ер азаматымен теңесіп, екі иығына жұлдыз таққан ішкі істер немесе төтенше жағдай   бөлімінің ару да сұлу қызметкерлері қаншама?!

Екі ғасыр деген не? Әрі бармай, осыдан 40 жыл бұрын ерінін қызылға бояп автокөліктің рөлінде отырған әйелге жұрт көздің қиығымен қараса, қазір сол әйелдің билік басынан табылғаны ешкімді таңқалдыртпас.

Құр отырмас апа-анамыз

Ананың жанұяға деген көз қарасын айтпасақ та болады. Әр бала үшін ерекше рөлді ардақты аналарымыз атқаратыны да анық. «Балам жесін», «балам көрсін», «не болса да балам» деп жүрген аналарымыз қаншама?! Әріге бармай ақ қояйық, кезінде өз анам «балам оқысын» деп Алматы қаласына барып еден жуып, табыс тауып, мені оқытып шығарды.

«Қолымнан келсе, баламнан ештеңе аямаймын» деген ананың саны да жеткілікті шығар.  Дегенмен арман мен өңнің ортасында ақша мәселесі тұрса керек. Ал енді ақша тауып жұмыс жасаймын дегендердің алдында жұмыс мәселесі пайда бола келеді. Ауылдық жерде тұратын тек әйел затының емес әр азаматтың бас ауруы жұмыс мәселесі екені анық. Әрине, жоғарғы білімің бола тұра жұмыссыз қалмассың. Жалпы мамандығың келмей тұрса да «оқыған адам» ғой деп немесе нақты маман жетіспеушілігінен жұмысты болып жататының белгілі мәселе. Дегенмен аудан тұрғындарының ішінде жалпы орта білімсіз де жүрген азаматымыздың саны да жеткілікті. Тірі адам тіршілігін жасайды деп аталмыш азаматтарымыздың бірі жеке кәсіпкерде жалдамалы жұмыс арқылы табыс көзін реттеп жатса, бірі аудандық жұмыспен қамту орталығының қызметіне жүгініп, қоғамдық жұмыс орындарын сұрап жатады. Аудандық жұмыспен қамту орталығынан алынған ақпарат бойынша (№ 1 кестеге назар аударсақ болады).

Әйел адам ер адамға қарағанда  қоғамдық жұмысқа көп тартылатындығы анық көрініп тұр. Бұл жағдайдың себебі де анықталды. Тиісті мекеме қызметкерлеріміздің айтуы бойынша қоғамдық жұмысқа тартылып жатырған әйел адамның санының көпшілігі нақты жұмыспен қамту орталығының ұсынған вакансиясына байланысты. Ашығын айтқанда көп жұмыс орынына ер адамдар келісе кетпейді екен. Баласы аш құрсақ боп жүрсе де, қай еркек еден жуады дейсіңіз.

Жалғыз басты аналарымыз, көп бала тәрбиелеп отырған аналарымыз амал жоқтықтан ұсынған жұмыстан бас тарпай, нәпақасын тапса болдыға келісе беретіндей. Шелек-шелек су тасып еден жуған, қыстың қақаған күні біреудің артынан темекінің тұқылын жинап,  жаздың ми қайнатқан шіліңгір ыстығында мал тезегін теріп, көше кезген нәзік жандылардың еңбегі тағзым етуге тұрарлық-ақ.

Әйел затының кәсіпкерлікке деген талпынысын айтпай кетсек, айыпты болармыз.  Тәуекелге барып кәсіп ашуға ынта білдіріп отырғандар да, қызметі болса да, әулетінің берекесі үшін қолынан келетін тәттісін пісіріп, киімін тігіп, қосымша табыс табуды ойлайтын да осы әйәйларымыз. Тек 2018-2019 жылдары «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 91 адам грант иегері атанса, соның 56-сы әйел адам екен.

Құдай көпсінбесін

Дүние жүзінің адам санының көрсеткіші 7 млрд 800 млн-ға жуықтаса,  әйел адам саны 3 млрд 855 млн құрайды екен. Ол жалпы адам санының 49,6% көрсеткіші десек болады. Осыдан бір 10- 15 жыл бұрын керісінше, әйел саны көбейіп, әр ер басына шаққанда 1.6 -1,7 % келген болса қазіргі көрсеткіш көз алдыңызда. Дегенмен, еліміздің әйел саны көрсеткіші мүлдем басқа десек болар. Қазақстанның санының көрсеткішіне тоқталсақ, 18 млн 900 мың адам баласының 52%-ы  әйел заты. Санға шағып айтсақ, 9 млн 800 мың әйел адам. Бірақ, ауданымыз еліміздегідей адам санының көрсеткішімен, нақты айтқанда, әйел адамы санының көбеюімен мақтана алмайды. Иә, таласым жоқ республика деңгейі бойынша әйел адам саны көбейіп жатса да, ауданның әйел адам түгіл жалпы халқының саны мәз қылар емес. (№ 2 кестеге назар аударсақ болады) Оған қоса, дүниеге келіп жатырған сәби статистикасын қарасақ,  қыз балаға қарағанда дүниеге келген ұл баланың саны көбеюде десек болады (Ақпарат № 3 кестеде).

P.S: Ата-бабамыз жанұясында сәбилі болатынын естіген кезде «ұл болса екен, ұрпақ жалғастыратын» деп аңсаса, қазіргі қоғамда «қыз болса екен, асырар еді» дейтінді шығарыпты. Әрине, бұл жерде бір-екі тамшы сарказм болса да ата-анасының қалын біліп шырылдап жүретін қыз бала екені белгілі жағдай. Қыз бала дегенің қай қиырда жүрсе де, ата-ана, бауырларына тілекші болып, өз отбасынан артылғанын төркініне асырып, «болсыншы» деп тұратын періште көңіл ғой.

Бастауын сонау 1857 жылдан алатын 8 наурызды тойлау дұрыс емес дейтін «ақылдылар» табылыпты. Ал, иісі мұсылмандар ананың орнын жоғары қойған. «Әкең мен анаң қатар шақырса, алдымен анаңа бар» дейтін де, «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың» дейтін де осы исламның қағидаты. Анамызды, жан жарымызды, бұрымды бүлдіршінімізді 365 күннің бір күнінде ғана емес, әр күнінде сыйлап, құрметтейік. Періште көңіл, әдемі болмыс әлемге артықтық етпейді.  Әйел затын аялайық ағайын!

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ

Кесте № 1

Жыл Жұмыспен қамту орталығына жүгінген алам саны Соның ішінде ер адам Соның ішінде әйел адам Соның ішінде қоғамдық жұмысқа тартылған ер адам саны Соның ішінде қоғамдық жұмысқа тартылған әйел адам саны
2014 792 407 385 192 219
2015 640 358 282 227 189
2016 446 220 226 53 74
2017 1 160 662 498 213 208
2018 1 203 709 494 117 175
2019 1 671 964 707 142 191
2020 205 90 115 51 92

 

Кесте № 2

Бөкей ордасы ауданы   2014 ж   2015 ж   2016 ж   2017 ж   2018 ж   2019 ж
Жалпы халық саны   15 891   15 848   15 909   15773   15 405   15 033
Ер адам   8 098   8075   8 128   8 048   7851   7 697
Әйел адам   7 793   7 773   7 781   7 725   7 554   7 336

 

Кесте № 3

жыл Дүниеге келген жалпы бала саны Соның ішінде ұл Соның ішінде қыз
2015     297 бала     133 ұл     164 қыз
2016     285 бала     151 ұл     134 қыз
2017     287 бала     146 ұл     141 қыз
2018     280 бала     138 ұл     142 қыз
2019     266 бала     140 ұл     126 қыз