12.03.2020, 12:41
Қараулар: 191
ТӨЛЕМДЕРДЕ ӨСІМ БАР

ТӨЛЕМДЕРДЕ ӨСІМ БАР

Биыл ауданымыздағы төрт балабақша мен үш бөбекжайының екеуінде, нақтырақ айтқанда Хан ордасы мен Бөрлі ауылдарындағы тәрбие ошақтарында ата-ананың төлемақысы 500 теңгеге өспек. Ескертетін жайт, бұл мәселе ата-аналардың келісімімен ұсынылып отыр.

Бұл жөнінде аудандық білім беру бөлімі басшысы Жұбан Ғұмаров қоғамдық кеңес отырысында мәлімдеді. «Ақбота» бөбекжайының меңгерушісі Аягөз Түсіпқалиева баласының үш мезгілдік тамағына төлейтін ата-ана төлем ақысының өсуіне азық-түлік бағасы қымбаттауы негізгі себеп дейді.

Аталмыш жиында аз қамтылған отбасыларға берілетін тұрғын үй көмегінің мөлшері мен тәртібі айқындалып, әлеуметтік көмектің  мөлшерлері белгіленіп, мұқтаж азаматтардың санаттары да бекітілді. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Шыңғыс Абдоллинның баяндауынша, соңғы өзгерістерге сай тұрғын үй көмегі мөлшері бұрынғыдан ұлғаяды. Бұрын тұрғын үй көмегі отбасы айлық табысының он пайызы мөлшерінде белгіленген. Енді ол пәтерді күтіп ұстауға жұмсаған шығынның, коммуналдық төлемдердің жиынтық сомасынан отбасылық  табыстың бес пайызын алып тастағандағы айырымашылықты құрамақ. Санға шаққанда 50 мың теңге отбасының айлық табысы деп есептесек, оның 5% 2500 теңгені құрайды. Коммуналдық, телекоммуникация желісіне қосылған телефон төлемі, жергілікті атқарушы органнан жалға алғаны үшін төлейтін пәтерақы, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығандарды 15 мың делік. Сонда бұл отбасыға төленетін тұрғын үй көмегінің айлық көрсеткіші 15000-2500=12500 теңге болмақ.

Шыңғыс Тұрарбекұлының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда ауданымызда әлеуметтік көмек көрсету тәртібі мемлекеттік қызмет көрсету стандартымен сәйкестендірілген.

– Биылдан бастап бірқатар көмек мөлшерлері өсті, кейбірінің берілу тәртібі өзгерді. Соларға тоқтала кетейін. Мәселен, бұрындары бір реттік болған туберкулез науқастарына берілетін төлем енді ай сайын 2 АЕК  көлемінде берілмек. Ауданымызда АИТВ инфекциясы бар балалар болмағанымен, жалпы тәртіп негізінде осы дертке шалдыққандарға да көмек қарастырылды. Мерекелік күндерге байланысты төленетін біржолғы көмек мөлшеріне өзгеріс енді. Бұрын тыл еңбеккерлеріне 10 000 төленсе, енді ол 30 000 теңгеге артты.  Чернобыль апатына қатысушылар мен зардабын жойғандарға, Ауған соғысының ардагерлеріне және бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан әскерилердің отбасына төленетін көмек 20 000-ға өсіп, 50 000 теңгені құрады,-дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы.

Қоғамдық кеңесте хабарланған соңғы мәселе аудандық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күшін жою хақында болды.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиеваның төрағалығымен өткен бұл отырыста тиісті шешім шығарылып, өзгерістер қаперге алынды.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ