12.03.2020, 12:32
Қараулар: 124
ЖАҢА КІТАП ШЫҒАРЫЛМАҚ

ЖАҢА КІТАП ШЫҒАРЫЛМАҚ

Өткен жексенбіде  аудан әкімдігінде облыстық тарихи-мәдени мұраларын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның инспекторы, өлкетанушы Ахмедияр Батырхановпен кездесу өтті. Оған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, орынбасарлары, тарихшылар, жалпы ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шара барысында Ахмедияр Қуанұлы архивтік деректер негізінде дайындаған еңбегінің мазмұнына тоқталды.  Мейманның бес жылдық іздестіру жұмыстары бұл күнде алты тараудан тұратын «От кешкен ордалықтар» деген еңбекте хатталыпты. Жеңістің 75  жылдығы аясында осы жұмысты кітап етіп жарыққа шығару үшін қаржылай қолдау көрсетуге шақырды.

Еске сала кетелік, осы бағытта Батыс Қазақстан облыстық тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық Хан ордасы музей-қорығы ұжымы да жұмыстанып жатыр. Атқарылған іс туралы аталмыш музей-қорығы директоры Ғайса Махимов мәлімдеді.

Кездесу барысында аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов екі еңбек бір тақырыпта, әрі бір ауданның азаматтарын қамтитындықтан оны біріктіріп шығаруға ұсыныс тастады. Оны кей қатысушы тарихшылар да қолдады.  «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының І орынбасары Мейрамбек Аққалиев екеуі бір тақырыпты қамтығанымен бірі архивтік бағытта, екіншісі ауылдастардың естеліктерімен толықтырылғанын алға тартып, екі еңбек те басылса артық болмайтынын жеткізді. Оған да қолдаушылар табылды. Қатысушы тарихшылар мен өлкетанушылар еңбектер туралы өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Ақылдаса келе екі жұмысты да бастыруға шешім шығарған аудан әкімі Нұрлан Сағынтайұлы  авторларға мәліметтің дәлдігін нақтылауды тапсырды.

Раушан БАҚЫТОВА